6.03.2020, 16:09
Қараулар: 278
18  жасқа дейінгілерге дәрілер тегін беріледі

18  жасқа дейінгілерге дәрілер тегін беріледі

Облыс бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 680 мың адам қатысуда. Соның ішінде жеңілдігі бар санатқа жататын 355 мыңнан астам адамға  жарнаны мемлекет төлейді

Жыл басынан бері республика бойын­ша міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорына жарна және аударымдар ретінде 68,4 млрд теңге түскен. Оның ең көбі – азаматтардың жеңілдігі бар санат­тары үшін мемлекет есебінен түскен 48 млрд. теңгеден астам қаражат. Ал облыс­­та 2,2 млрд теңгеден астам қаржы ауда­рылған. Оның 1,6 млн теңгеден астамы же­ңілдік санаттары үшін ел бюджетінен түс­кен екен. Аудандар арасында 24 млн теңге аударған Бөрлі ауданы, 18 млн теңге ау­дар­ған Бәйтерек ауданы және 16 млн теңге аударған Ақжайық аудандары озып тұр.

– Өткен жылмен салыстырғанда, өңір­дегі медициналық көмектің көлемі 1,3 есе­ге ұлғайып, облыс бойынша денсаулық сақ­тау саласының бюджеті 47,1 млн теңге­ге көбейді. Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының филиалы 46 медицина­лық ұйыммен келісімшарт жасасты. Олар­дың 36-сы мемлекеттік меншікте болса, 10-ы – жекеменшік ұйым. Бүгінде науқас­ты қалпына келтіру ем-шаралары және медициналық оңалту қызметтерінің барлық түрі 17%-ға өскені байқалады. Әсіресе, невралгия (инсульт) бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі үш есе жоғарылаған, – деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммер­циялық емес акционерлік қоғамының об­лыс бойынша филиалының  директоры  Нұр­жамал Жұмағұлова.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы 9 қаңтардағы бұйрығымен ҚР ДСМ 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйры­ғы­на өзгерістер енгізілген. Осы бұйрыққа сәйкес, науқасқа медициналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде және мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша биыл аурудың 137 тобы­на, барлығы 715 дәрі-дәрмек пен медици­налық заттар тегін беріледі. Олардың ара­сында 18 жасқа дейінгі бала­ларға да ақысыз ұсынылатын дәрілер бар.

Айта кету керек, осы күнге дейін 5 жасқа дейінгі балаларға дәрі-дәр­мек тегін болса, енді 18 жасқа дейін­гі­лерге де осындай жеңілдікпен қамтылуда.  Осыған байланысты бірыңғай дистрибью­тор арқылы сатып алынған дәрілік заттар­мен қамтамасыз етудің бекітілген тізімі 225-ке дейін артқан. Биыл облыстағы 27 медициналық ұйым 1,2 млрд теңге көле­міндегі дәрілік заттармен және медици­налық бұйымдармен қамтамасыз етілді.

– Биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін ел­дің барлық тұрғыны шартты түрде сақтан­дырылған болып саналады. Олар тегін ме­дициналық көмектің кепілдік және міндет­ті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі пакеттері аясында дәрігерлік қызметтерді тегін алады. Осы ке­зеңде аза­маттар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медици­на­лық сақтан­ды­ру жүйесіне тіркелуі керек. Жеңілдік кезе­ңі аяқталғаннан кейін сақ­тандырылмаған пациенттер медициналық көмекті тегін кепілдендірілген көлемі аясында ғана ала­ды. Ал қалған қызметтер ақылы бола­ды. Сондықтан 31 наурызға де­йін міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйе­сінің сақтандырылған мәр­те­бесін алу қа­жет, – дейді Нұржамал Шам­ғон­қызы.

 

Ясипа  Рабаева,

“Орал  өңірі”