6.03.2020, 16:07
Қараулар: 312
Жастар  да  жемқорлыққа  қарсы

Жастар  да  жемқорлыққа  қарсы

Таяуда облыстағы белсенді жастардың басын қосқан білім беру ұйымдарында академиялық адалдық саясатын енгізу тәжірибесіне арналған семинар өтті.

Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж ұйымдастырған шара студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінезқұлық үлгісін қалыптастыруды көздеді. Орал қаласындағы түрлі оқу орнынан жиналған жастар алдымен төрт секция бойынша «Парасаттылық мектебінің» шеберлік сағаттарына қатысты. Бір топ студентке ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының оқытушысы, профессор Мирболат Нұртазин «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында дәріс оқыды. Ол халыққа көрсетілетін қызметтерді электронды форматқа көшірудегі сыбайластық тәуекелдерінің алдын алу шараларының маңызына тоқталды. Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин студенттерге адалдық ұстанымын насихаттау бағытында шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Салиева мен БҚО «JasOtan» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ерлік Шамғалиев жастарды оқу орындарында кездесетін сыбайластық көріністерін ашық айтуға шақырды. Семинардың екінші бөлімі дөңгелек үстел басында жалғасты.

– Бүгінде еліміздегі білім беру ордаларында жемқорлыққа қарсы шаралар қолға алынды. Бұл тұрғыдан алғанда, партияның жұмысын жүйелі жаңғыртуға арналған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «NurOtan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасының маңызы зор.  Осы бағытта белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту, партиядан лайықты емес мүшелерді шығару жүзеге асуда. Мұндай шаралар  биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыра түседі. «JasOtan» жастар қанаты да көп іске мұрындық болып келеді. Мысалы, өткен жылы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бастамасымен сауалнама түрінде «Таза сессия» акциясы өткен болатын. Енді бұл шараны түбегейлі өзгертетін арнайы тұжырымдама дайындалуда, – деген  «NurOtan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев өңірде пара алып, жемқорлықпен ұсталған азаматтарды атап өтті.

Шараға қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департа-ментінің басшысы Рустам Ақмырзаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Ғұбашев, Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәні мұғалімі Сабыр Ерғалиев білім беру мекемелерінде адал ұрпақ тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Кристиан Сорилья бұл мәселедегі халықаралық тәжірибеге шолу жасады.

Семинарды қорытындылаған колледж директоры Светлана Бахишева айтып өткендей, оқу орнында «Академиялық адалдық саясаты» жобасы қолға алынған. Сондықтан адалдық ұстанымын бұзу колледждің құндылықтар жүйесіне қайшы келеді. Студенттер ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінезқұлықтың үлгісін қалыптастыру және жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жас өкілдерін дайындау мақсатында аталмыш департаменттің ұсынысымен ашылған «Парасаттылық мектебі» жұмыс істеуде. Сонымен қатар колледжде «Адалдық алаңы» дүкені мен «бір терезе» қағидаты бойынша студенттерге қызмет көрсететін шағын орталық бар. Дөңгелек үстелге жиналғандар шәкірттер адалдыққа үндеген шараға қызығушылық танытып, мұндай мазмұндағы басқосу өзге де оқу орындарында жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.

Ясипа  РАБАЕВА

«Орал  өңірі»