6.03.2020, 16:04
Қараулар: 484
Қала  тазалығы  басты  назарда

Қала  тазалығы  басты  назарда

Сәрсенбі  күні  Орал  қаласының көшелерін  аралап, жолдар  мен  ғимараттар  айналасының  тазалығын  тексерген облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  коммуналдық  қызмет  көрсету  мекемелері  мен  жол  жөндейтін  кәсіпорындардың  жұмысына  сын  айтты.

Өңір басшысының назарына алдымен Н. Назарбаев даңғылында есік-терезесі балшыққа былғанып, бос тұрған ғимарат ілікті. Ғали Есқалиев қаланың келбетін бұзатын мұндай көріністің болмауына мән беруді, алдымен, орталық көшелердегі ғимараттар мен аялдамаларды таза ұстауды «Жайық таза қала»  ЖШС-ның  директоры  Ринат  Нұрғалиевке тапсырды.

Облыс әкімі Орал – Саратов күрежолы бойында  көп қабатты тұрғын үйлер салып жатқан мердігерлермен де кездесті. Компаниялардың басшыларына құрылыс алаңынан асфальт жолға дейінгі аралыққа уақытша жол төсеп, жүк көліктері тазалықты сақтау керектігін ескертті. Оралдықтарды алаңдатып, наразылығын тудырған мәселенің бірі көше жолдарының сапасыз жөнделуі болып отыр. Мысалы, өткен жылы «Бірлік» ЖШС күрделі жөндеген Әлия Молдағұлова көшесі пайдалануға қабылданбаған. Өйткені ол жолдың цементі шашылып, шұрқ-тесікке айналуда. Жаяу жүргінші жолы да «езіліп» жатыр. Енді мердігер бұл жолды қайтадан жөндеуді  қолға  алмақ.

– Бұл жұмыстарға қандай  қаражат  жұмсалған болса да, желге ұшпай, жұмыс сапалы  істелу керек. Сапалы қызметке ие болғанша, мердігерге қойылатын талап та жойылмайды, –  деді мән-жайға  қаныққан  өңір  басшысы.

Облыс әкімі қаланың мұнай базасы ауданындағы жаңа көпірдің   құрылыс барысымен де танысты. Бас мердігер «КаСтрой ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Төлеген Қарағойшиннің айтуынша, ауа райы қолайсыздық тудырмаса, нысан маусым айында пайдаланылуға берілмек. Ол үшін техника мен жұмыс күші, қаражат та жеткілікті. Көпірдің екі жағынан ені 1,5 метр болатын жаяу жүргінші жолы салынатын болады. Облыс әкімі ең бастысы жұмыстардың сапалы  болу  керектігін мұқият тапсырды.

Биыл көктем ерте шықты. Қала тазалығын сақтауды күн тәртібіне қойған өңір басшысы бұл жұмыстарға тікелей жауапты «Жайық таза қала» ЖШС-ның дайындығын пысықтады. Серіктестік директоры Ринат Нұрғалиевтің сөзінше, бұл мекеме 2018 жылы жолдағы топырақты сыпырып, жуатын екі аутокөлік сатып алған. Таяуда тағы да екі техникамен  қамтылады  екен.

– Қала тұрғындары тарапынан жол жөндеу жұмыстарының сапасына жиі сын айтылып жүр. Шаһарды аралап, айтылған сынның орынды, жөндеуді қажет ететін жерлердің бар екенін көрдік. Құзырлы мекемелер тиісті шешім шығарып, мердігер компаниялар өздеріне жүктелген міндеттерді орындайтын болады. Біздің басты міндетіміз – 22 наурызға дейін қаланы күл-қоқыстан тазарту. Ол үшін техника да, мамандар да жеткілікті. Қаладағы сиықсыз тұрған, сынған аялдамалар да қалыпқа келтірілуі керек. Бұл ретте оралдықтар да көрген кемшіліктерді айтып, белсенді болғандары жөн. Ол үшін  «109» нөмірі арқылы коммуналдық қызметіне хабарлауға, фото-бейнежазба жолдауларына болады. Сонымен бірге қаланың сәулетін жақсарту, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді Ғали Есқалиев.

Айта кету керек, биыл тазалық сенбіліктері 5 наурызда басталып, мамырдың ортасына дейін  жалғаспақ.

 

Ясипа  РАБАЕВА

«Орал  өңірі»

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.