6.03.2020, 16:02
Қараулар: 60
Облыстық  сотта  жаңа  төраға

Облыстық  сотта  жаңа  төраға

ҚР  Президентінің  27  ақпандағы  Жарлығымен  Рүстем  Мырзакәрім  Батыс  Қазақстан  облыстық  сотының  төрағасы  болып  тағайындалды.

Сәрсенбі күні өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірәшид Жүкенов облыстың судьялар қауымына жаңадан тағайындалған сот  төрағасын  таныстырды.

Аталған шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, сот алқаларының төрағалары мен судьялар, сот қызметкерлері, сонымен қатар өңірдің мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының басшылары  қатысты.

– Рүстем Мырзакәрiмұлының ұйымдастырушылық қабілетін ескеріп, өз саласын жетік меңгерген маман ретінде осы қызметке лайық деп ұйғарылды. Кәсіби судья, тәжірибелі басшы өзіне артылған сенімді ақтайды деп есептеймін, – деп атап өтті Әбдірәшид Төлегенұлы. Ол сондай-ақ осы кезге дейін облыстық сот төрағасы қызметін абыроймен атқарған Бек Әметовтің сот төрелігінің сапасын арттыруға және сот беделін нығайтуға үлкен үлес қосқанын айтты. Облыстық сот төрағасы ретінде өкілеттігін аяқтаған Бек Әметов облыстық соттың судьясы болып тағайындалды.

– Сот саласы – өте жауапты да күрделі қызмет. Әр шешімнің артында адамдардың тағдыры мен болашағы тұрғандығын біз жақсы түсінеміз. Өңірімізде көп жыл сот төрағасы қызметін атқарған Бек Әметұлының сот жүйесін дамыту, сот төрелігін жетілдіру секілді жұмыстарды мінсіз атқарды деп есептеймін. Жаңадан басшылық қызметке тағайындалған Рүстем Мырзакәрімұлына қош келдіңіз айтып, қызметіне сәттілік тілеймін, – деді  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев.

Айта кетейік, 43 жасар Рүстем Мырзакәрімұлы Алматы қаласында дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың заң факультетін тәмамдап, кейін аталған оқу орнынан құқықтану магистрі дәрежесін алған. Ол өзінің еңбек жолын Алматы қалалық прокуратурасында бастап, кейін бірқатар өңірлерде сот алқасының  төрағасы болып еңбек етті. Жалпы, еліміздің сот  саласында 15 жылдан астам уақыт еңбек өтілі бар. Жаңа орынға тағайындалғанға дейін ол Жамбыл облыстық  сотының төрағасы болып қызмет  атқарды.

 

Нұрбек  Оразаев

«Орал  өңірі»