6.03.2020, 16:00
Қараулар: 148
«Бізге  сапасыз  салынған  нысандар қажет  емес»

«Бізге  сапасыз  салынған  нысандар қажет  емес»

Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  Зашаған  кентіндегі  Арман  шағынауданынан  бой  көтеріп  жатқан  №51  мектептің  құрылысымен  танысты.

Айта кетейік, 900 оқушыға есептелген мектептің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған болатын. Бүгінде Зашаған кентінде 69 мыңнан астам тұрғын бар. Шағын аудандарда орналасқан №30, №10, №47 мектептерде оқушылар үш ауысыммен оқуда. Осы түйткілді мәселені шешу бағытында салынып жатқан білім ошағының құрылысына 1 млрд. 731 млн. теңге қаржы бөлінген. Мектептің жалпы аумағы төрт гектарды құрайды. Үш қабаттан тұратын, жалпы аумағы 12 мыңнан астам шаршы метр білім ошағының бірінші қабатында киім ілуге арналған орын, асхана мен шеберханалар орналаспақ. Ал екінші, үшінші қабаттарда кітапхана мен оқу залдары, оқу сыныптары мен  спортзал  болады.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ақжол Оқастың айтуынша, бүгінгі таңда мектеп құрылысының жұмысы 70%-ға орындалған. Нысанда 120 адам жұмыс жасауда. Жаңа ғимаратта тас қалау жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір ішкі жөндеумен қатар жарықтандыру, жылу жүйесін тарту жұмыстары атқарылуда. Жоспар бойынша мектеп келер жылдың алғашқы тоқсанында пайдалануға берілуі керек. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын ширатып, осы жылдың қыркүйек айында қолданысқа бермек ниетте.

– Әрине, құрылысты ерте аяқтаған жақсы. Бірақ «күні бұрын тапсырамыз» деп сападан ауыт-қып кетуге болмайды. Бізге сапасыз салынған нысандар қажет емес. Құрылысты белгіленген мерзімнен бұрын аяқтаймыз деп талпынсаңдар, біздің тарапымыздан да қажет қолдаулар көрсетілетін болады. 70 мыңға жуық тұрғыны бар Зашаған кенті үшін бұл мектеп керек-ақ. Бұл маңдағы мектептердің барлығы дерлік үш ауысыммен жұмыс жасауда. Осындай ірі нысандарды салушы компаниялар көп жағдайда ғимараттың сырт келбетіне көңіл бөледі. Ал оқу сыныптары, асхана, демалатын орындар секілді балаларға нағыз қажетті бөлмелер мен ондағы жиһаздарға аса мән берілмей, қалған қаражатына алынған сапасыз дүниелерді қоя салады. Сондықтан сапаға баса көңіл бөлу керек. Ішінде жайлылық болмаса, сыртының жылтырағанынан не пайда?! Сондықтан әр жұмыстың тиянақты атқарылуын, сапаға сай жиһаздар қойылуын қатаң қадағалаған жөн. Ол үшін мектептің болашақ басшылығы мен ата-аналардан арнайы комиссия құрып, апта сайын құрылыс сапасына талдау жасау қажет. Орын алған олқылықтар жөнінде мердігер компания басшысына уақтылы айтқан дұрыс. Егер одан нәтиже болмаса, тікелей өзіме хабарласуыңызды сұраймын, – деді Ғали Есқалиев.

Биылғы оқу жылының басында пайдаланылуға беріледі деп межеленген су жаңа нысанға қаладағы №38 мектеп көшіріледі деп жоспарланған. Аталған мектептің директоры Шынар Сағынғалиеваның айтуынша, бүгін білім ошағында 300 оқушы білім алса, соның 180-і осы Зашаған кентінен  қатынайды  екен.

Облыстық білім басқармасы берген мәлімет бойынша №51 мектеп екі ауысыммен 1800 баланы біліммен қамтымақ. Жалпы, өңірімізде сегіз мектеп үш ауысымда жұмыс жасаса, 12 білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Бұл білім ұяларын күрделі жөндеу немесе жаңа мектеп салу алдағы уақытта да біртіндеп  шешімін  таппақ.

Материалдарды   дайындаған   Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»