6.03.2020, 15:59
Қараулар: 56
Орын  тар,  маман  да  жетіспейді

Орын  тар,  маман  да  жетіспейді

Облыс әкімі Ғали Есқалиев халық көп шоғырланған Зашаған кентіндегі  №6  емханада болдыӨңір басшысының айтуынша, соңғы кездері халықпен байланыс орнатуға арналған әлеуметтік желідегі парақшасына бұл емхананың жұмысына көңілі толмаған тұрғындардың шағымдары жиілеген.

Айта кетейік, еліміз бойынша соңғы жылдары халықтың денсаулығы басты назарға алынып, медицина саласы едәуір ілгерілеген болатын. Соған қарамастан шаһар тұрғындары атынан қажет дәрігеріне уақтылы қарала алмайтындығы, электрондық кезек орнатылғандығымен келушілердің көптігінен уақыт жоғалтатындығы туралы шағымдар легі азаймаған.

Сейсенбі күні ертемен облыстық денсаулық басқармасы және басқа да құзырлы мекемелерге алдын ала ескертпестен, емхананы аралаған өңір басшысы тұрғындардың арыз-шағымдарын өз ауыздарынан тыңдады.

Аталған емдеу мекемесі директорының орынбасары Гүлнәр Әуелбаеваның мәлімдеуінше, тәулігіне 250 адамды емдеуге ғана шақталған емхана бүгіндері күніне 1000-ға жуық тұрғынды қамтуға мәжбүр болып отыр. Жалпы, Зашаған кентінде тұратын 69 мыңнан астам халыққа жоғары білімді 20 дәрігер қызмет көрсетеді.

– Соңғы жылдары бірнеше шағын аудандар құрылып, біраз көпқабатты тұрғынүйлер пайдаланылуға берілді. Көшіп келушілер өте көп. Бұл аудан тұрғындарының дені – жастар. 70 мыңға жуық халық болса, соның 23 мыңын балалар құрайды. Біздің емханада тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 42 учаске құрылған. Әр учаскелік дәрігерге 1700-дей тұрғын бекітілген. Жоғары білімді 20 дәрігер мен бірнеше салалық мамандар жетіспейтіні де шындық. Маман жоқ екен деп қарап отырған жоқпыз. Түйткілді шешу үшін облыстық және қалалық көпбейінді ауруханалармен, диагностикалық орталықпен, тіс емдеу және балаларға арналған емхана секілді 18 мекеме мен екіжақты келісім-шартқа отырдық. Келушілердің диагнозына қарай сол емдеу орындарына жолдаймыз. Емхана қажетті мамандармен толықпайынша, осылай амалдай тұруымызға тура келеді, – дейдіГүлнар Нағиқызы.

Емхананың әр қабатын аралап шыққан облыс әкімі келушілердің жағдайын сұрап, қызмет көрсетудегі сапасы жөнінде пікірлерін тыңдады.

– Мен 2009 жылдан бері жүрек дертіне байланысты есепте тұрмын. Қан қысымым да жоғары. Ауруханаға жату үшін порталға тіркелуіміз керек. Ал ауруы жанына батқан адам бір ай немесе бірнеше ай күте алса жақсы. Бұл жерде емхана басшысына немесе дәрігерлерге кінә тағудан аулақпын. Олар қолдан келгендерінше жұмыс жасауда. Облыс басшысы ретінде сізден халқы тығыз орналасқан осы ауданға тағы бір емхана салуды сұрар едім. Бұл тек менің емес, көпшіліктің тілегі деп білерсіз, – дейді Меңдібай Ізтілеуов есімді зейнеткер. Ал зейнеткер ұстаз Самиға Өтегенова емханаға бірнеше рет келіп, көз дәрігеріне кіре алмай, амалы таусылған соң жеке емханаға барып, ақылы түрде ем алғандығын айтты.

Емделушілердің мұң-мұқтажын тыңдаған облыс басшысы дәрігерге электронды тіркелу жолының ашықтығын, әлеуметтік сақтандыруға байланысты тегін көрсетілетін қызмет түрлерін тексеріп, мамандарға барынша сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.

Дертіне шипа іздеп келгендер бірі уақтылы дәрігердің қабылдауына кіре алмайтындығын жеткізсе, енді бірі емхана қызметіне  көңілдері  толатынын айтты.