6.03.2020, 15:56
Қараулар: 175
Әскери  эстафета  Оралда

Әскери  эстафета  Оралда

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты
Е. Тұрғымбаевтың шешімімен қолға алынған Жеңістің 75 жылдығына арналған
«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты әскери-патриоттық эстафета жалғасуда. 
Осыған орай кеше Орал қаласының  Жеңіс алаңында  эстафетаның Жауынгерлік ту көшірмесін қарсы алу-тапсыру бойынша салтанатты іс-шара өтті. 

Жиынға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты. Сондай-ақ әскери марафонға полиция, төтенше жағдайлар, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылары, әскери бөлімдері мен бөліністерінің, ішкі істер құрылымдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері атсалысты.

Бүгінге дейін 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесі  Ұлттық ұланның гарнизондарын аралап келеді. Осындай шара бұған дейін Алматы, Қаскелең,  Ұзынағаш, Қаракемер, Талдықорған, Тараз, Шымкент,  Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында орналасқан әскери бөлімдерде өткен еді. Кеше Орал қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517-әскери бөлімі марафонды қабылдап алды. Әрі қарай бұл шара еліміздің  ең  ірі  жеті қаласында жалғасын таппақ. Ал эстафетаны табыстау 7 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында Жеңіс күніне арналған әскери парадта аяқталады  деп  жоспарлануда.

Эстафетаның Қазақстан аумағын теміржол және аутокөлікпен шарлаудағы жалпы сапары 11 мың  шақырымды  құрайды.

Ләззат  ҒИНИЯТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»