4.03.2020, 12:07
Қараулар: 135
Мұғалімдердің оқу жүктемесі азаймақ

Мұғалімдердің оқу жүктемесі азаймақ

Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен ҚР  «Педагог мәртебесі»  заңына түсінік беруге бағытталған  жиын өтті.  Аталмыш заң туралы кеңінен түсінік берілген шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарлары, колледж  және  мектеп директорлары,  облыстық білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, есепшілер қатысты.

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен жиында қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева кәсіподақтардың мақсаттары мен міндеттерін нақтылап берді. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» заңның негізгі бағыттарын түсіндіріп, баптарына жекелей тоқталды.

– Салалық кәсіподақ – бүгінгі таңда еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым болып табылады. Біздің қатарымызда 730 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар. Кәсіподақ ұстаздардың құқығын қорғау жолында жұмыс жүргізіп келеді. Әлі де болса, шешімі табылмаған мәселелер бар. Алдағы уақытта осы заң шеңберінде жұмыс істейміз және кәсіподақ мүшелерін қорғайтын боламыз, – деді салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева.

Жиын барысында білім беру саласында кәсіподақтың дамуына зор үлес қосқан белсенді мекеме басшылары мен кәсіподақ төрағалары, кәсіподақ мүшелері марапатталды.  Мәселен, Казталов ауданы, Жаңажол орта мектебіндегі орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі Айзада Төлегенова «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен, Бәйтерек аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Еңбегі еленіп марапатталғандардың қатарында Ақжайық ауданындағы Алмалы орта мектебінің директоры Самал Дошанова, Ақжайық аудандық білім бөлімі бас есепшісінің орынбасары Саида Мұрзағалиева, Жаңақала ауданындағы №3 орта мектеп директоры Әлихан Досмұхамбетов, Орал қалалық  №50 «Заңғар» бөбекжайының директоры Нұрсұлу Ниярова, №25 «Снежинка» бөбекжайының тәрбиешісі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әсемгүл Сарбалина, №48 «Мұрагер» бөбекжайының тәрбиешісі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айжан Капиева бар.

– Ұстаздарымыз еңбек демалысына шыққанда сауықтыру жәрдемақысын бір айлық жалақы шамасында төлейді. Негізінде сауықтыру жәрдемақысы мұғалімнің оқу жүктемесіне сәйкес төленуі тиіс. Бұл – елде бар проблема. Алдағы уақытта мұндай заңсыздықтың бәрі жіті тексерілмек. Тағы бір жаңалық – 2021 жылдан бастап мектептегі мұғалімдердің оқу жүктемесі азаймақ. Педагогтер бұрынғыдай 18 сағат емес, 16 сағат жұмыс істейді. Бірақ бұдан ұстаздардың жалақысы азаймайды. Бұл да – педагогтің құқығын қорғауға бағытталған көп шараның бірі, – деді Айгүл Мақсатқызы. Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева білім саласы қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар