4.03.2020, 12:05
Қараулар: 65
Маңызды шараларға ұйытқы болмақ

Маңызды шараларға ұйытқы болмақ

Өткен жыл ішінде облыс бойынша өндіріс орындарында орын алған 46 оқыс оқиғадан 58 адам зардап шеккен. Олардың 33-і өндірісте ауыр жарақат алса, бес адам жазатайым оқиғадан көз жұмған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «БҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенова мәлімдеді.

Брифингте спикер өткен жылы атқарылған істер турасында баяндап, биылғы жылдың еншісіндегі жоспарларымен бөлісті.

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, өңіріміз бойынша 74 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі, 15 салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымы және 1000-ға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы тұрақты жұмыс жасауда.

– Қазіргі таңда өңірімізде бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар еңбек ұжымының барлығында ұжымдық шарттар бар. Облыстық еңбек инспекциясының мәліметіне сәйкес, ұжымдық шартпен 130 мыңнан астам адам қамтылған. Ол барлық қызметкерлердің 55,6%-ын құрайды. ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес әлеуметтік шиеленістің алдын алу және еңбек дауларын шешу бойынша кешеді жоспар бекітілді. Еңбек дауларының ықтимал ошақтарына күн сайынғы мониторинг жүргізіліп отыр. Сонымен қатар ұжымдағы еңбек дауларының алдын алу мақсатында өткен жылы кәсіподақтар орталығы мен Орал қаласының №2 соты, облыстық сот, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы татуласу орталығы арасында еңбек даулары мен жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулардың алдын алу мақсатында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Меморандум аясында бүгінгі күні №2 сотының судьяларымен кәсіподақ өкілдері бірігіп облыстың кәсіпорындарында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, – деді Айгүл Оразқызы.

Спикердің айтуынша, Еріктілер жылына орай Кәсіподақтар федерациясы жанынан құрылған «Келешек» жастар кеңесінің жұмысын жандандыру мақсатында арнайы жоспар бекітілген. Өңірдегі салалық кәсіподақтар жастар кеңесінің төрағалары, белсенді жұмысшы топ өкілдері, өндірістегі жұмысшылар, сала мамандары мен студент жастардың басын біріктіретін маңызды шараларды ұйымдастырмақ. Атап айтқанда, көмекке мұқтаж ардагерлерге қолдау көрсету, сала мамандарына арналған спорттық, шығармашылық байқаулар, танымдық семинарлар, шет тілін үйрететін мамандармен кездесулер өткізу көзделуде.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»