4.03.2020, 12:04
Қараулар: 290
Үздік ұстазға марапат көп

Үздік ұстазға марапат көп

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен кезекті брифингте ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттары және педагог мәртебесі туралы сөз қозғалды.

Аталған баспасөз мәслихатына БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы  Гүлнәр Сәрсенғалиева қатысты.

Биылғы жыл елімізде екі маңызды құжаттың жүзеге асырылуымен ерекшеленгені белгілі. Алғашқысы – елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың басталуы және ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының қолданысқа енуі.

Алдымен, педагог қызметкердің мәртебесі туралы заңды толығымен түсіндіріп өткен Гүлнәр Ақмырзақызының  айтуынша,  енді мұғалімдер дәптер тексергені және сыныпқа жетекшілік еткені үшін екі еселенген қосымша төлем алады. Жаңа заң бойынша педагогтерді тікелей міндеттеріне қатысы жоқ жұмысқа тартуға, заңнамада көрсетілмеген есеп не ақпаратты талап етуге де жол жоқ. Ал егер мұндай жағдай орын ала қалса, алдымен, ӘҚБтК 409-бабы бойынша ескерту жасалады. Жыл ішінде мұндай жайт қайталанса, 20-дан 120 АЕК-ға дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар мұғалім өзінің міндетін атқару барысында оған құрмет көрсетпей, былапыт сөз айтып, сыйламаушылық танытқандарға заңның 409-бабының 6-7-тармақтары бойынша 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер осы әрекетті 12-16 жас аралығындағы оқушы жасаса, оның ата-анасына немесе оларды алмастырған жандарға 20 АЕК шамасында айыппұл қарастырылған.

Аталмыш заңның негізгі бөлігі мұғалімдерді материалдық ынталандыруға бағытталып отыр. Жоғарыда айтып өткен дәптер тексеру мен сыныпқа жетекшілік еткені үшін берілетін қосымша ақыдан бөлек, ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы белгіленген. Үздік ұстаздарға жергілікті атқарушы құрылымдар айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы.

– Заңда педагогті көтермелеу қарастырылған. Атап айтқанда, адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін заңда, сондай-ақ мекеменің ішкі тәртіп қағидаларында көзделген көтермелеулер қолданылады. Педагогтің аса үздік жетістіктері және елге сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстанның еңбек сі-ңірген ұстазы» атағы беріледі. Сол атаққа ие болған педагог айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде бір-жолғы төлем алады. Білім беру саласындағы уәкілетті құрылым айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, байқаулардың және спорттық жарыстар жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлық жалақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленеді. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен «Үздік педагог» атағын иеленушіге ҚР Үкіметі айқындайтын мөлшерде сыйақы төленеді, – деді Гүлнәр Сәрсенғалиева.

Спикердің мәлімдеуінше, орта білім беру ұйымдары педагогтерінің қатарында педагог-шебердің, педагог-зерттеушінің, педагог-сарапшының және педагог-модератордың біліктілік деңгейі бар мұғалімдердің үлесі биылғы жылға дейін 50 пайызды құрап тұр. Ал ҚР-да білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама талабына сәйкес 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 58 пайызға жетуі керек. Сондай-ақ департамент басшысы үш ауысымда оқитын және апатты мектептердің мәселелерін шешу бағытында да атқарылар жұмыстарға тоқталып, журналистердің сауалдарына жауап берді.

 

Түгелбай БИСЕН,

«Орал өңірі»