4.03.2020, 12:02
Қараулар: 226
Мәдени эстафета мәресіне жетті

Мәдени эстафета мәресіне жетті

Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының эстафетасы қорытындыланды.

Байтақ қазақ жерінде келісіммен жалпы ұлттық тұтастықтың қазақстандық дара жолына бастаған Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр толды. Осы атаулы күнге орай достық пен татулыққа, келісім мен үйлесімге, сенім мен сүйіспеншілікке үндеген иг ішара Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің фойесінде басталды. Алдымен кеш қонақтарына фотосуретш іРафхат Халеловтың ассамблеяның 25 жылдық мерейтойына арналған фотокөрмесі таныстырылды. Р. Халелов ҚХА-ның құрылған жылдарынан бүгінге дейінгі аралықта түсірген 160 фотосын ұсынған.

Жалпы ассамблеяның 25 жылдығына арналған эстафета қала мен барлық ауданда, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, Орал қаласының жалпы білім беретін мектептерінде өткен болатын. Бұл игі шаралар аясында ұйымдастырылған бес диалогтық алаңда ел бірлігі, қоғамдық келісім және жалпы ұлттық бірегейлік секілді мәселелер талқыланды.

Қорытынды шарада эстафетаны Қаратөбе ауданынан қабылдап алған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев БҚОҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушіс іҒайса Қапақовқа табыс етті.

– Облыс әкім іҒали Есқалиевтің тапсырмасы бойынша өткен  эстафета бүкіл  облысымызды аралап шықты. Эстафетаның «Біз біргеміз!» атты кітабына әр ауданда айтылған игі тілектер, тың бастамалар мен оң істер жазылған. Бұл кітапты ассамблея үйінің музейіне табыстаймыз. Елбасының бастамасымен қолға алынған ҚХА өзінің өміршеңдігін көрсетті. Қазақстанда тұратын ұлт-ұлыстардың «біз қазақстандықтармыз» деуі – үлкен жетістік. Бұл – жүрегі Қазақстан деп соғатын азаматтардың көбейгендігі. Бүгінде ел дамуына үлес қосып жүрген әр ұлттың қазақ халқына айтқан алғыстарын қабылдай отырып, біз де оларға ризашылығымызды білдіреміз. Ассамблеяның да әу бастағы мақсаты осындай бірлік пен тұтастық негізінде елді көркейту болды. Ендігі жерде тәуелсіздігімізді биікке көтеріп, жетістікке жете берейік, – деді Ғайса Қапақов.

Шара барысында көрермен назарына Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдық тарихынан қысқаша сыр шертетін деректі фильм ұсынылды. Мерекелік шара одан әрі облыстағы этномәдени бірлестіктер мен өнерлі жастардың концертіне жалғасты.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»