4.03.2020, 12:00
Қараулар: 73
«Тұңғыш Президент жолымен»

«Тұңғыш Президент жолымен»

Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Қазақстан халқы  ассамблеясының 25  жылдығына арналған «Тұңғыш  Президент  жолымен»  халықтық   экспедициясы  аясында  басқосу  өтті. Облыстық ҚХА мүшелерімен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысқан жиын хакатон  сипатында  ұйымдастырылды.

Басқосуда ассамблеяның қазіргі кездегі рөлі мен маңызы, өзекті мәселелері талқыланды. Шараны Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов жүргізді. Этномәдени бірлестіктердің жетекшілерін таныстырған Ғайса Хамидоллаұлы «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы барысында өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды.Сондай-ақ ол ассамблеяның 25 жылдығына орай аудан-ауылдарда мәдени-көпшілік іс-шаралар,театрланған қойылымдар мен деректі фильмдер көрсетілгенін және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері ақсақалдар алқасымен, аналар кеңесімен, жастармен кездесу кештерін ұйымдастырғанын  жеткізді.

– Қазақстан халқы ассамблеясы – еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған қазақстандық бірліктің бірегей моделі. Біз, яғни аға ұрпақтың өкілдері 1990 жылдары КСРО-ның құлдырағанын көрдік. КСРО құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін жариялады. Ұлы державаның құрамынан бөлініп шыққан алғашқыжылдары барлық республика дақиын-қыстау сәттерді басынан өткерді. Соның ішінде Қазақстан да бар. Жалақы, зейнетақы уақытында берілмеді. Соның салдарынан кей республикада атыс-шабыс, ұрлық-қарлық көбейіп, тіпті азаматтық соғыс деңгейіне дейін ушыққан ұлтаралық дау-дамай жиі қылаң берді. 1995 жылы Елбасы мемлекеттің тұтастығын сақтап, этносаралық қатынасты нығайту мақсатында әр ұлттың өкілдерін Алматы қаласына шақырды. Сол кезде облыстың әкімі Қабиболла Жақыпов болатын. Ол облыстан аттанатын 16 делегатты шақырып алып, «Сіздер хабардар болсын деп айтып отырмын. Елбасының бастамасымен Алматы қаласында Қазақстан халқы ассамблеясы құрылмақ. Іссапар шығынына келсек, Алматыда тұратын қонақүйге, тамақтануға ақша таптым. Бірақ жол шығынына қажетті қаржыны таба алмай отырмын» деді. Жағдай өте мүшкіл еді. Содан ол ресейлік әріптестермен сөйлесіп, әуе десанттарының ұшағын алдыртты. Ассамблеяның облыстан аттанған алғашқы 16 делегаты сол ұшақпен жеткен едік. Алматы қаласындағы Жоғарғы Кеңестің үлкен залында өткен жиын бейнефильммен ашылды. Бейнефильмде Ресей әскері Шешенстандағы көп балалы отбасының үйін жарып жібергені көрсетілген. Анасы балаларын ұйықтатып, сиыр сауу үшін мал қораға аттанған екен. Сол мезетте жарылыс болып, салдарынан тәтті ұйқыда жатқан сәбилер қыршын кеткен. Үйдің қабырғасында «Егер үйде соғыс болса, басқа дүниенің мәні қалмайды» деп жазылған. Сол көріністі көрген ассамблеяның 300-ден астам делегаты Елбасының ассамблея құрудағы саясатын, яғни елдегі бейбітшілікті, қазақстандық аналар мен қыз-келіншектердің шешен әйелдері секілді қара жамылмауын қалайтынын түсінді. Ассамблея жұмысының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасып, ұлт өкілдері арасында ерекше сенім, ынтымақ, өз-ара түсіністік ахуалы қалыптасты, – деді шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов.

Сондай-ақ басқосуда облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Вера Шохина, «Масис» армян этномәдени бірлестігінің жетекшісі Аветик Амирханян, «Ламед» еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Феликс Баюканский, татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Флюра Миликеева, «Орал-Яик казактары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Игорь Спиридонов ұлтаралық ынтымақ пен ассамблеяның қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі мән-маңызы туралы ойларын ортаға  салды.

 

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»