4.03.2020, 11:58
Қараулар: 170
«Харекет»сыйлаған қуаныш

«Харекет»сыйлаған қуаныш

1 наурыз – Алғыс айту мерекесі  күніне  орай  қаламыздағы  А. Островский  атындағы  драма  театрында  «Харекет» қорының «1000  теңгеге  баспана» жобасы  бойынша  облыс орталығында  тұратын  мұқтаж отбасыға  пәтер  кілтін  табыстау  шарасы  өтті.

Шара басында театрдың көрермендер залын лық толтыра жиналған жұртшылық назарына Бөрлі аудандық мәдени демалу бөлімінің жанынан құрылған «Мұрагер» жастар театрының «Жалғанған үміт» заманауи трагедиясы ұсынылды. Қазіргі заманның басты мәселелерінің біріне айналған ата-ананы қарттар үйіне тастау жайын көтерген қойылым ешкімді бейжай қалдырмады.

Кейін сахна төріне кештің ұйымдастырушылары шығып, алты бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Жадыра Әбденоваға салтанатты жағдайда екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті.

2017 жылы жұмысын бастаған «Харекет» қайырымдылық қоры осы күнге дейін еліміздің әр аймағында тұратын мұқтаж отбасыларға көмек қолын созып, жанашырлық танытып келеді. Осы күнге дейін  қор жүзеге асырып келген «1000 теңгеге баспана» жобасы арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын 172 мұқтаж отбасы баспаналы болған-ды. Оның сегізі – біздің өңірден.

– Бүгінде баспана барлығына арман болғанын жасырып қайтеміз. Әлі де сене алмай отырмын. Осындай бастама көтеріп, игі іске себепкер болған әр жанға алғысым шексіз, – деген ана қор өкіліне ұлы салған суретті тарту етті.

Түгелбай  БИСЕН,

«Орал  өңірі»