4.03.2020, 11:57
Қараулар: 62
«Қазақ халқына мың  алғыс!»

«Қазақ халқына мың  алғыс!»

Алғыс айту күніне  орай  өңіріміздегі  этномәдени  бірлестіктердің  төрағалары, қала  тұрғындары,  студент  жастар  мен  мектеп  оқушылары  Орал  қаласындағы  «Қазақ  халқына  мың  алғыс!» ескерткішіне гүл  шоғын  қойды.

-Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ассамблеясын құрып, халықты бірлікке, татулыққа шақырды. Бүгінде ассамблея ынтымақ пен бірліктің, жалпыұлттық келісімнің тұғырына айналып отыр. 2016 жылы 1 наурыз  Алғысайту күні ретінде белгіленгені мәлім. Бұл – ортақ тарихымызға, жылдар бойы елімізде достық пен өзара түсінікті қалыптастырған аға толқынға деген құрмет. Ел-жұрт бір-біріне алғыс айта отырып, айналасына шуақ шашып, мейірімділік сыйлайды. Сондықтан ортақ мерекеміз құтты болсын! – деді облыстық мәслихаттың хатшысы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Мәлік Құлшар. Сондай-ақ мерекелік шараға жиналғандарды М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев, «Хаймат» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Геннадий Франк және облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Ляна Тұрсынова құттықтады.

– Кез келген халықтың тарихына көз жүгіртсек, белгілі бір аралықта ауыр кезеңді, қиын жағдайларды, сын сағаттарды басынан өткергенін көреміз. Сондай кезге тап болған ата-анам 10-11 жастарынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Аш-жалаңаш жүріп, суық күндерді бастарынан өткерген. Бала кезімде олар дастарқан басында отырғанда қазақтарға алғыс айтатынын жиі еститінмін.  Бүгінде бір үйдің үш қызы қазақтың жігіттеріне тұрмысқа шығып, ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. Қазақтың келіні атандық, дос-жаран таптық, құда-құдағайларымыз да қазақ ұлтының өкілдері. Біз бір ұлт, бір атаның балалары секілдіміз. Қазір құр сөзбен алғыс айту жеткіліксіз. Адал еңбегімізбен елімізді көркейтіп, патриоттық тәрбиені санасына сіңірген ұл-қыз тәрбиелеп келеміз. Осыдан алты жыл бұрын тарихи Отанымды, яғни әкеміздің туған жерін көру үшін сіңлім екеуміз кәріс еліне барған едік. Ата-анам жарық дүниеге көрінген шағын қалашықта болдық. Бұрын аяқ баспаған жер болған соң бізге бәрі таңсық еді. «Бұл – менің Отаным!» деген сезім оянбады. Сонда ғана менің туған жерім де, Отаным да Қазақстан екенін жан-жүрегіммен ұқтым, – деді  Ляна Тұрсынова.

 

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар