4.03.2020, 11:55
Қараулар: 119
12 адамның мәселесі шешілді

12 адамның мәселесі шешілді

Өткен аптада «Nur Otan» партиясы БатысҚазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ашық есік» күні өтті. Бірыңғай «Ашық есік» күніне құқық қорғау құрылымдары, жұмыспен қамту бөлімі, денсаулық сақтау басқармасы, өзгеде мекеме мамандары арнайы шақырылған. Жыл басынан бері 662 адам «Nur Otan» партиясы облыстық  филиалының қоғамдық  қабылдауында  болып,  оның  35  пайызы  оң  шешімін тауыпты.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев мүмкіндігі шектеулі жандарды әр түрлі мәселелер мазалайтынын айтты.

–  Әсіресе, медициналық қызметке көбінің көңілі толмайды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға  медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру қажет. Бұған қоса жұмыспен қамту, коммуналдық төлемдер, жол мәселесі де бар. Осы жерге келген түрлі сала мамандары олардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселенің оң шешілуіне кеңес береді, – дейді Мұрат Мұқаев.

Бірыңғай қоғамдық қабылдау «Ашық есік» күні жыл бойы жалғаспақ. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жоба аясында ұйымдастырылған бірыңғай қоғамдық қабылдауға 50-ге жуық аудан-қала тұрғындары келді. 12 адамның мәселесі сол бойда шешімін тапса, қалғандарына мамандар арнайы кеңес берді.

Айта кету керек, «Нұр Отан» партиясының құрылған күніне орай 75 адам партия мүшелігіне қабылданды. Сондай-ақ осы күні облыстық партия филиалы мен облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен 2020 жылға арналған іс-шаралар жобасы бекітіліп, меморандумға  қол  қойылды.

 

 

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»