4.03.2020, 11:54
Қараулар: 165
«Жайық жастарының жұмысы көңілімнен шықты»

«Жайық жастарының жұмысы көңілімнен шықты»

Биыл облыс еріктілері екі бірдей мұқтаж отбасын баспанамен қамтымақ.  Игі істің алғашқысы осыдан бірнеше ай бұрын іске асқан болса, екінші үй наурыз айының 1-і күні табысталды. Бұл туралы өңір жастары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есинмен өткен кездесуде мәлімдеді.

Оқушылар сарайында өткен басқосуға қаламыздағы волонтерлер мен белсенді  жастар  қатысты.

Кездесуде Рада Хайрушева басқаратын «Аялы алақан» қоғамдық қоры мен «28 петель» қайырымдылық клубының жұмыстарымен танысқан вице-министр аталған қорларды мазалаған мәселелермен жете танысып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

Ерікті түрде мүмкіндігі шектеулі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тілдік курстар мен журналистика және сурет сабақтарын өткізіп жүрген Рада Хайрушева қор жұмысын тек Оралда емес, еліміздің басқа аймақтарында да жандандырғысы келетінін жеткізіп, сурет салумен айналысатын балаларға арнайы кабинет не ғимарат болса деген ұсынысын да айтты.

Арнайы ғимарат табу мәселесі республикамыздың көптеген өңірінде өзекті екенін тілге тиек еткен Данияр Нұрашұлы оны кейбір облыстар қор жұмысын аула клубтарымен біріктіру арқылы шешіп отырғанын жеткізді.

Бейресми сипатта өткен кездесуде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жетекшісі Аслан Тапишев Волонтерлер жылының «Birgemiz: Таза әлем» жалпыұлттық жобасы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстар турасында баяндады. Айтуынша, «жасылелдіктер» маусымдық жұмыспен ғана шектелмей, қаламыз бен өңіріміздің тазалығына өз үлестерін барынша қосқылары келеді екен. Ол үшін бірнеше жоба дайындап, оны іске асыруды қолға алыпты. Алғашқысы, қаламызды пластикалық қалдықтардан тазарту. Қазір «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары көршілес Ресейден пластикалық қалдықты өңдейтін құрылғы алдырған. Ал сол өңдірістен түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсамақшы екен. Сондай-ақ қағаз қалдықтарды өңдеуді қолға алатынын айтқан Аслан Тапишевтің бастамасы жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау тапқан.

Кездесу барысында БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мейірбек Нұркен «Ақжайық волонтерлері» еріктілер қозғалысы мүшелерінің бастамасымен жалғыз басты мұқтаж анаға көрсетілген көмек туралы айтып берді.

Бірнеше жылдан бері еліміздің әр аймағындағы мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген «Харекет» қайырымдылық қорының БҚО-дағы өкілі Демежан Меңдешев өңірде қандай шаралар қолға алынғандығы мен осы күнге дейін атқарған жұмыстарын баяндады. Аталмыш қор «1000 теңгеге баспана» атты жоба арқылы еліміздегі 172 отбасын баспанамен қамтыған. Наурыз айының 1-і күні қор волонтерлері қаламыздың тұрғынына салтанатты түрде 173-ші баспана кілтін табыстады.

Кездесу барысында Айболат Құрымбаев шара қатысушыларын облысымыздағы волонтерлерді  қолдау орталығының жұмысымен таныстырып, «Birgemiz: Асыл мұра» жалпыұлттық жобасы бойынша өңірде атқарылған және қолға алынатын жұмыстарға тоқталды. Бұдан бөлек тарихи ескерткіштерді қорғау жөнінде сөз қозғаған орталық жетекшісі алдағы уақытта волонтерлерді археологиялық жұмыстарға тарту туралы ұсыныс тастады. Елге пайдасы тиер кез келген істі қолдауға әзір волонтерлер бұл ұсынысты да қуана қарсы алды.

Шарада белсенді жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жастар жағы ерікті түрде жұмыс атқарып жүрген жандарға арнайы кабинеттер мен ғимараттар бөлу, әр салада қызмет көрсетіп жүрген волонтерлердің басын бір жерге тоғыстырар орталықтың керек екендігін айтты. Ал «28 петель» қайырымдылық клубының мүшелері ай-күні жетпей, дүниеге келген сәбилерге өте қажет жүн шұлықтар мен арнайы жамылғы және киім тігіп жүрген жандарға қолдау керек екенін алға тартты.

– Батысқазақстандық белсенді жастар Волонтерлер жылының екі айында біраз істі тындырғанын көріп, қуанып отырмын. Жайық жастарының жұмысы көңілімнен шықты.  Бұл аяқсыз қалмауы керек. Енді барлық волонтердің жұмысын қадағалап, үлкен істің науқандық болып қалмауына көңіл аудару қажет. Ол үшін арнайы қадағалаушы құрған дұрыс, – деген Данияр Нұрашұлы белсенділердің ұсыныс-пікірлері  ескерілетінін жеткізді.

 

Түгелбай  БИСЕН,

«Орал  өңірі