4.03.2020, 11:52
Қараулар: 156
Аға  ұрпақ  –  елдік  пен  ерліктің  өнегесі

Аға  ұрпақ  –  елдік  пен  ерліктің  өнегесі

Наурыздың  1-інде  қаламыздағы  Достық  үйінде  Қазақстан  халқы  ассамблеясының  25  жылдығына  және  Алғыс  айту  күніне  орайластырылған  «Ақсақалдардың  ұлағатты  сөздері  мен  баталары»  атты  басқосу  өтті.

-Ел бірлігін сақтаушы, жалпыұлттық келісімді нығайтушы институтқа айналған ассамблеяның  біз  үшін  орны ерекше, ал ассамблея мүшелерінің атқарып жатқан еңбегі өлшеусіз. Өткен ғасырдың 30-40-жылдарында елімізге көптеген өзге ұлт өкілдері күштеп қоныс аударылғанын тарих ұмытқан жоқ. Сол бір зұлмат жылдары тағдыр айдауымен кең байтақ қазақ жеріне қоныс тепкен азаматтардың ұрпағы осы күні еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, еңбек етіп келеді. Оны біздің елден пана тауып, өсіп-өнген жандардың қазақ халқына білдірген ризашылығы деп білеміз. Осыдан төрт жыл бұрын Елбасы Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып бекітілген. Содан бері бұл мереке еліміздегі айтулы даталардың біріне айналды. Баршаңызды Алғыс айту күнімен және Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! – деді жиынды ашқан облыс әкімі, БҚО ҚХА-ның төрағасы  Ғали  Есқалиев.

Облыстық, қалалық, аудандық ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, еңбек ардагерлері мен жастар бас қосқан диалогтық алаңда сөз алған Бәйтерек ауданының тұрғыны Асылбек қажы Сұлтанғалиұлы жастар тәрбиесіне көңіл бөлу керектігіне, келер ұрпаққа дәстүрлі дініміз туралы дұрыс түсінік беру жайына тоқталды. Ақсақал жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде ассамблеяның атқарып отырған ісінің де өлшеусіз екенін атап өтті. Сондай-ақ басқосуға келген БҚО ҚХА ақсақалдар кеңесінің мүшесі, кәріс этномәдени бірлестігіндегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Григорий Те бір кездері қиын жағдайға тап болған кәрістер үшін  қазақ бауырындай екенін айтып, еліміздегі кәріс азаматтары Қазақ елінің  көркеюі үшін аянбай еңбек етіп жатқанын  жеткізді.

Өз кезегінде БҚО ҚХА ақсақалдар кеңесінің мүшесі Александр Ялфимов этномәдени бірлестіктердің жұмысын заман талабына сай бағыттау керек екенін айтты. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Михаил Шолохов сықылды біртуар тұлғалар, олардың еңбегі туралы  тілге тиек еткен Александр Петрович тағдырдың айдауымен Қазақ еліне ат басын тіреген соң, ассамблея қанатының астына бірігіп, елдің дамуы жолында еңбек ету қажет деген ойын білдірді.

– Аға ұрпақ елімізбен бірге талай қиындықты өткерді. Қазір еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Кез келген мемлекеттің басты байлығы – халық. Ал халық бірлігі – ел дамуының кепілі. Ассамблея ширек ғасыр ішінде татулық пен ынтымақты сақтауда талай іс тындырып жатқанына көзіміз жетті. Ақсақалдар мен этномәдени бірлестік өкілдері бірлесе, әлі де талай игі іс тындырарына сенемін, – деді кездесуде «Ағайын» этномәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Берген.

Өрелі ой мен салмақты пікір айтылған кедесу барысында соғыс ардагері Хамза Сафин ардагерлерді ұмытпай, пікірлерімен санасатын өңір басшылығына ризашылығын білдірсе, ассамблея жанынан құрылған «Қазақ-Вайнах достығы» клубының мүшелері ақсақалдарға бағалы сыйлықтарын ұсынды.

БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Медхад Қамбетов жаңа заманғы келелі мәселелерді көтерген Елбасының рухани жаңғыру идеясын негізге алған ҚР Президентінің Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға негізделген БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің үндеуін  жариялады.

Елді үнемшілдікке бет бұрып,аста-төк той-томалақтардан бас тартуға шақырған үндеуде ұрпақтар сабақтастығын, жастар арасында өзара түсіністік пен ой бірлігін қалыптастыру жолында еңбек ету керектігі айтылады.

Шара соңында жиналғандар танымал фотограф Рафхат Халеловтің Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына арналған фотокөрмесін тамашалады.

Түгелбай  БИСЕН,

«Орал  өңірі»