4.03.2020, 11:49
Қараулар: 282
Нұрайдың  ерекше  бастамасы

Нұрайдың  ерекше  бастамасы

Сенбі  күні  Орал  қаласының  жастары  мәдениет  және  демалыс  саябағының  ішіне  құстарға  арналған  ұялар  орнатты. Нұрай  Темірғали  есімді  шаһар  тұрғынының  бұл  бастамасын облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  қолдап,  игі  іске  атсалысты.

Жыл құстарына қамқорлық танытуды Нұрай 2018 жылы бастаған. Сол жылы 17 жасқа толған бұрымды өз туған күнін атап өтуге кететін шығынды құстарға ұя салуға жұмсаған. Сол жылдың желтоқсанында Нұрайдың бастамасымен саябаққа 17 ұя орнатылған. Өткен жылы да бұл игі бастама жалғасын тауып, саябақ ішіне 18 жем сауыт орнатылыпты.

– Құстардың тіршілігін зерттейтін ғалымдардың айтуынша, біз секілді қысы қатты аймақта құстардың жаппай қырылуы байқалған. Деректерге сүйенсек, қыс мезгілінде құс атаулының 60-70 пайызы суыққа шыдамай, өліп қалады екен. Құстарға қамқорлық танытуды жылма-жыл дәстүрлі түрде өткізіп келемін. Дәл бүгін тапсырыспен 19 жасыма байланысты 19 ұя жасаттым. Әр ұяның құны 2500 теңгені құрады. Өзім секілді қоғамдық өмірге белсенді араласатын жастардың көмегімен бүгін сол ұяларды теректерге орнаттық. Менің бастамамды қолдап, игі іске атсалысуға келген облыс әкімі мен басқарма басшыларына зор алғыс айтамын, – дейді Нұрай Абзалқызы.

Жастардың бастамасын арнайы қолдауға келген Ғали Есқалиев өз қолымен ұя жасап, терекке орнатты.

– Еріктілер жылына орай айына екі-үш шараларға қатысамын деп өзіме мақсат қойған болатынмын. Нұрайдың ерекше бастамасын әлеуметтік желіден көрген едім. Өңір волентерлерінің сайтына арнайы тіркеліп, бұл шараға қатысатынымды жаздым. Волентерлер менің ұсынысымды қабыл алды. Өңір жастарының құстарға қамқорлық танытуын қолдаймын. Біздің облыс экологиялық ахуалы жағынан ауасы таза, жасыл желекке оранған өңір болып табылады. Осы құндылығымызды сақтап, келер ұрпаққа осы қалпында жеткізу– әрқайсымыздың міндетіміз, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Нұрай Еріктілер жылына байланысты арнайы ашылған www.volunteer07 сайтына өз бастамасы туралы хабарлама жариялаған. Жыл құстарына қолдау көрсету шарасын өңір басшысымен бірге бірқатар басқарма басшылары да қолдап, жасалған ұяның шығынын төлеуге атсалысқан.

Саябақтағы игі шараға қатысқан 40-қа жуық өңір жастары мен мекеме-кәсіпорын басшылары бір кісідей жұмылып, ұяларды  теректерге  орнатты.

 

 

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»