2.03.2020, 16:27
Қараулар: 281
Ұлттық  құндылықтар ұлықталды

Ұлттық  құндылықтар ұлықталды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында Саралжын ауылдық округіне қарасты Сәуле елді мекенінде ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.

Ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған шара «Бестабан», «Бесасық» сынды ойындармен ашылып, оған бала біткен түгел қатысты.

Бұдан соң спорт мерекесі дала қызықтарына ұласты. Делебені қоздырған «Аударыспақ» ойынын тамашалаған ағайынға ауа райының қолайсыздығы да кедергі болмады. Білекті жігіттер бәсекесінде ауыл тұрғыны Еркебұлан Қарақойшы атты палуанға тең келер ешкім табылмады.

Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталған шараға тазы ерткен, Сырым ауданы мен Ақтөбе облысындағы тазы баптаған жігіттермен тығыз байланыс жасап жүрген Азамат Әсемов те келді. Ол жиналған ағайынға жеті қазынамыздың бірі – тазы итінің тұрпаты мен оны қалай баптау керектігі жайында баяндаса, атбегі Жанболат Есқалиев балаларға ат ерттеуді көрсетіп, қазақпен бірге жасасқан атбегілік  өнердің  қыр-сырын  ашты.

Шара соңында аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің маманы Ләйләгүл Тілепбергенова мен ауыл әкімі Жасұлан Ермеғалиев жарыс жеңімпаздарын марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

 

Тұрсынай НАҒЫМОВА,

Қаратөбе ауданы

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.