2.03.2020, 16:24
Қараулар: 138
«Ұлы мәдениеті бар ұлт ұлы табысқа кенеледі»

«Ұлы мәдениеті бар ұлт ұлы табысқа кенеледі»

Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-да Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген   қайраткері, ҚР  Мемлекеттік  және  халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлықтарының  иегері,  ақын,  Ақұштап Бақтыгереевамен  кездесу  өтті. Ақын  студенттерге  тарихи  мұра мен рухани  құндылықты қастерлеу,  ата-ананы  сыйлау,  санаға  тәрбие нәрін  сіңіру,  ұлтқа  қызмет ету  парыз  екенін айтты.


Ақұштап Бақтыгереева жапон қыздарының тәрбиесіне қы­зығатынын айтты. Қазақ қыз­дары дәл солардай болса екен деп армандайтынын тілге тиек етті. Осы халық табиғатынан ежелден бергі жапон мәде­ниетінің сәулесін таныған. Қыз­дары әлі күнге ұяң қалыбын сақтайды екен. Ешкімге дауыс көтеріп, дабырлап сөйлемей­ді. Екі қолын қусырып, үлкенге де, кішіге де, досына да ізет көрсетеді. Жапон технология­сының бәрінен биік тұрғаны осы халықтың тәрбие мен мә­дениетке айрықша көңіл бөл­генінен деп есептейді ақын.лы даланың тарихын оқыңдар. Егемен ел­дің ұрпа­ғысыңдар. Ата-баба тағылы­мы­нан, мәрттігінен, ерлік дәстү­рінен ғибрат алыңдар. Не көр­ді бұл дала? Не көрді сенің ұл­тың? Не үшін соғыста қырыл­ды? Неге бізге байтақ жерді аманаттады? Соны да білің­­дер. Аяқ астында кімдер жатыр? Өздерің күнде жүріп өтетін көшелерде кімнің ізі бар? Со­ған үңіліңдер. Қалаға кірген бетте ескерткіш болып қасқа­йып қарсы тұрған, атқа мін­ген Исатай-Махамбет деген кімдер? Жай ғана ханға қарсы шыққан ақын мен батыр ма еді? Жоқ. Олар ұлт рухы еді. Оны да ойлап жүріңдер. Төрімізде тұрған үш қыз кім? Хиуаз, Мәншүк, Әлия. Неге олар соғыста жа­нын шүберекке түйіп, бірі өлді, бірі жараланды, бірі далада қалды. Сіз бен біздің бақыты­мыз үшін бас тіккен еді олар. Одан кейін «Менің тегім кім?» деп ойланыңдар. Әсіресе, жі­гіт­тер. «Кімнің ұрпағымын? Мақ­сатым қандай?» деп толғаның­дар. Ендеше, ата жолына лайық болу керек. Ал өрімдей аруларымыз «Қай елдің қызымын?», «Мен кімнен кеммін?» деп өзі­-не сауал қоюы тиіс, – деді ақын.

– Ұлы мәдениеті бар ұлт ұлы табысқа ие болады.  Адамға сыйқұрметпен қарау біздің ұлты­мыздың ділінде де бар. Көрші­ні сыйлау, қарғысқа ұшырау­дан қорқу, адамның ала жібін аттамау, біреуге қиянат жасасаң, алдынан шығатынын ескерту — бәрі де тәрбие қайнарынан. Біздің ұлтты «оқымаған, дала­да жүрген көшпендісіңдер» деп көзге шұқыды. Олай емес, көш­пенді салттың тарихы ғажап еді. Ала жіппен тұсауыңды кесіп, «ала жіптен аттама» деп өсірген, «ер бол, өр бол» деп ұлдың жігерін жаныған, бесік тербеп, «ақ сүтімді ақта» деп мойынға па­рыз жүктеген ұлы даланың ұр­пағысыңдар. Қазір өзге әлем­ге, бірнеше ұлт бәсекеде болатын дәуірге бара жатқан жас буын­сыңдар. Солардың арасында жұ­тылып кетпеулерің керек. Жоғал­маңдар. Себебі әр ұлт өзінің кел­бетін сақтағаны абзал. Қазақ қы­зының қасиетін жібек мінезінен, мейірбан қылығынан, жүріс-тұ­ры­сынан, әрбір әрекетінен анық байқауға болады. Досын сый­ла­ған адамды қазақ азаматқа те­­ңей­ді. Сыйластық арқылы ғана ертең үлкен үйдің ана­­­сы, ардақ­ты әже­сі бола­сыңдар. Бүгінгі күнмен өмір сүрмең­дер. Қазақ­тың әдемі жігітіне жар болатын­да­­рың­ды ойлаңдар. Ертең бір қа­зақтың ба­тырының не бола­шақ сұлуының бесігін тербетесіңдер. Ша­ңы­рақты шайқалтпай ұс­тауың керек. Ұлы да­ланың намысын арқа­лауың қажет. Жасың­нан ел сенімін ақтауға ұмтыл! Ұлттың тәр­биешісі сендер бола­сыңдар, қыздар!  – деп әр сөзіне екпін тү­сі­ріп, елеулісін екшеп айтты Ақ­ұштап Бақты­гереева.

Ақ Жайықтың ардақ­ты қалам­гері қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы елде кеңінен атап өтіліп жатқа­нын, ғұламаның ғибрат сөзін жа­дыға тұтуды жастарға тапсырды. Абайдың ұлылығына көз жеткі­зіп, әр сөзін кәдеге жарата білу –
ұлтқа міндет деп түсіндірді.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз, – деген ұлы шайыр сөзінің мәніне үңіліп, күнделікті өмірде тұтынуға бе­-
йім болуы керек. Абай «Жасым­да ғылым бар деп ескермедім» деп өкінді. Соған қарамастан,  Семей қаласына барып, өз бетімен білім нәрін жинады. Кітапханаға барып, әлем әдебиетіне, мәде­ниет мәйегіне үңілді. Орамды ой түйді. Шығыс шайыры Фирдоуси жырын тәржімалады, орыс ақы­н­дары Пушкин мен Лермонтов өлеңдерін қазақ ұғымына жатық етіп аударды. Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, кеш қонағы Ақұштап Бақтыгереева осылай­ша ұлы тұлғаны дәріптей отырып, қазіргі уақытта оқымысты адам­ға жол ашық екенін жеткізді.

Ақ Жайықтың ақ шағаласы атан­ған ақын жат ағым жетегіне ерген жастардың тағдырына алаңдайтынын айтты.

– Ұлы қазақ даласына тән емес киім киіп жүретіндер бар. Қазақ қыздары даланы қорғау үшін атқа қонған. Қос етегі желбіреп, дөңгеленген ақ көйлек қана киген. Жер сыпырған етегі бар киім­ге әуес болмаған. Қазақ қызы сәукеле мен үкілі малақай ки­ген. «Жігіттер жауда қалды» деген хабар келгенде, бұрымдарын тү­йіп алып, дулығаны киіп алып, қы­лыш ұстап, жауға шапқан. Өжет те өр қыздардың жалғасы Мән­шүк пен Әлия еді. Екеуі де осы елдің қызы. Олардың арғы жа­ғында Тұмар ханым да біздің да­ланы мекендеген тайпадан шық­қан. Тарихты оқымағаннан, на­дан­дық кесірінен кесапат жолға түсуде көбі. Ел аман, жұрт тынышта қап-қара киім киіп, қара жамылып, бүркеншікке оранып отырып алмай, біздің ұрпақ ғы­лымды игеруі керек. Мына бай­тақ даланы жаңғыртатын сауат керек. Ұлы даланың діні – бі­реу. Яғни Алладан қорқып, бі­реу­дің ала жібін аттамау, жүре­гің­де­гі құдайшылықты сақтап, таза жүру, өтірік айтпау, ұрлық жасамау. Абай болыңдар, айналайындар! Қаншама адасқан қазақ ұлқызын са­уатсыз етіп тәрбиелеу­де. Талақ деп жүргендер баласын жетектеп, мектепке бермейді. Оның бәрі – қателік. Алдымен, ұлттық мәдениетті ұлықтау, білім-ғылым сырына қанығу, із­денуге, халық кәдесіне жарайтын кәсіпке төсе­лу – міндет. Қа­зақты өнер, білім, мәдениет қа­на құтқарады, – деп толғанды Ақұштап Бақтыгереева.

Ақын адамзат баласы ананы қастер тұту керектігін айтты. Ана алдында қарабет болу қасірет екенін ескертті. Сахнада «Ана жүрегі» атты өлеңін оқып берді. Ғашығын құлай сүйген жігіт қыздың қатал талабын орындап, түн ортасында анасының жүре­-
гін кеудесінен суырып алады. Қара түндегі қасірет түнегі, ша­расыз қастандық. Сұлуға жан­ұшы­ра жүгірген жігіт сүрініп құ­лағанда, топыраққа қолынан сусып түскен ана жүрегі қамқор үнмен елжірей тіл қатады:

Ананың кезі бар макекті  болған,

Оқыста жүрек түсіп кетті  қолдан.

Ұмтылса, топырақта жатқан  жүрек

«Құлыным, байқасаңшы», – депті  оған…

Ежелден келе жатқан аңыз желісі өлеңге арқау болыпты. Айтар ойы – ананың ұлы махабба­ты бәрінен де асқақ. Ақын осы ғажап тәлімді ұғындырғысы келетінін айтты.

– Туған жерді қадірлеуден басталады ұлы Отанды сүю. Анаң­ды сүюден басталады адамзатты сүю. Жарыңды сүюден басталады басқаларды сыйлау. Міне, адамзатқа ең керегі – осы үш махаббат алауы. Еліне жүрегі елжіреген, анасын ардақтаған, асыл жарын аялаған адам күнделікті өмірінде бақыт табады. Махаббат деген пәк сезімді кірлетпең­дер, адал махаббаттың иесі бо­лыңдар. Бір-біріңді аялаңдар, –деді  ақын.

Өнерге қанат қақтырғаның  үшін,

Өмірден орын  таптырғаның  үшін,

Өзіңе әр кез арқамды сүйеп,

Өткір шындықты айттырғаның  үшін –

Оралдым саған, Ақ Жайық! – деп бір тол­ғанып алды ақын ана студент қыздар өлеңдерін көз алдында жатқа оқыған сәт­те. «Ұрпақ тағдыры – ұлт тағ­дыры» тақырып аясында өт­кен кеште шайырға сауалдар қо­йылды.

– Еліміз өзге жұртқа отар бол­ған кезеңнен осы күнге де­йін далада қырылған қазақты, соғыс көр­ген қазақты, ашаршы­­­лық кезін­де ботадай боздап, басы ауған жаққа босып кет­кен қазақты, қа­сіретті Желтоқ­­сан көтерілісінде арнамысы аяқ­қа тапталған, соқ­қыға жы­ғыл­ған өрімдей қазақ­ты неге қорлап келді? Сіз бен біздің халқымызға, атпал азаматтар­­ға, аяулы апа-қарындастарға неге сонша өшікті? Жерімізге не­ге көз тікті?  – деді университет студенті Мұхаммед-Әли Қуанышкерей.

– Ұлы далаға бәрі қызықты. Өйткені жер қойнауы қазынаға толы екенін білді. Байтақ жерді батыр бабалар жатқа берме­ді. Басы кесіліп, шыбын жаны шырқырап кеудесінен шығып жат­са да, батырлар сертіне бе­рік болды. Ықылым заманнан көшпенділер айналасына кәрін төгіп, қатер төндірген. Ежелден Еуропаны жаулаған. Кремльге «Алладан басқа Тәңір жоқ» де­ген жазу қалдырған. Соғыса ке­ле, дұшпандар «Жауынгер ел­дің ұр­пағын қалай жеңеміз?» деп зерттеген. Содан «Бұларды аттан тү­сіру керек, олай етпесек, өлген­ше соғысады» деп түйіндеп, осы сұмдық ойды іс­ке асырған. Ұлы даланың ұр­па­ғын жасыту үшін қазақты руға бөліп, арандату саясатын астыртын жүргізген. Қолдан ашар­шылық жасап, ел­­ді еңіреткен. Халықтың сүт қай­мағы санала­тын 25 мың аза­матты оққа бай­лаған. 1986 жыл­дың желтоқсан айында жалынды ұрпақ буыр­қа­нып, тегеурінді қимыл та­ныт­ты. Сон­дықтан кеуделе­рің­дегі ұлы рух­ты өшіріп алмаң­дар. «Мен қа­зақпын» деп құр кеуде соға бе­ру қажет емес. Бі­лім­мен, ақыл­мен жеңуіміз ке­рек. Қазақ елі­нің жастары, оқы­мыстылары – ел болашағы, –деп сөзін түйін­деді  Ақұштап  Бақтыгереева.

 

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ