2.03.2020, 16:12
Қараулар: 166
Ортақ  тарих – тұтастықтың темірқазығы

Ортақ  тарих – тұтастықтың темірқазығы

Ғайса  ҚАПАҚОВ,

Батыс  Қазақстан  облысы  Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі:

– Мен әлемнің біраз елінде, көптеген қаласында болдым. Бірақ бірде-бір ел мен бірде-бір қаладан жергілікті ұлттың жасаған жақсылығы мен көрсеткен жанашырлығы үшін мәжбүрліктен қоныс аударған халықтың алғыс айтып орнатқан ескерткішін көрген жоқпын. Осындай ескерткіштер тек Қазақстанның бірнеше қаласында ғана бар. Ал еліміз бойынша қазақ халқына Алғыс айту ескерткіштерінің алғашқысын 2012 жылы кәріс этносының өкілдері Орал қаласында орнатты.

Қазақ жеріндегі этникалық процестің тарихы тым тереңге кетеді. Елді отарлау жүйесі ғасырлар бойы жалғасты. Ресей патшалығы дәуірлеген кезде бодан халықтарды көшіру басталды. Кеңестік кезеңдегі тоталитарлық режім түрлі ұлттың тарихи мекенінен ажырап, Қазақстанға қарай ығысуына түрткі болды. Отарлаушы тараптың саяси әрі құйтырқы пиғылы кесірінен талай халықтың тамыры үзілді. Құшақ жая қарсы алған қазақпен миллиондаған этнос мидай араласып, байтақ жерге тұрақтап қалып жатты. Еуропаға ашылатын бас қақпа болған Батыс Қазақстан облысы да көптеген халықтың тарихи Отанына айналып үлгерді.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Аққайың Балықова өз еңбектерінде өткен ғасырдағы өңірдегі этникалық өзгерістерді талдайды. Мәселен, немістердің Батыс Қазақстан өңірінде пайда болуы Ұлы Отан соғысы жылдары күштеп қоныстандырылуы салдарымен тікелей байланысты. Аз ғана тобы 1926 жылғы санаққа ілінген. Қазан төңкерісіне дейінгі жылдарда Қазақстанға қоныстанғандар арасында немістер де бар еді. Белорустар санының өсімі өнеркәсіптің дамуымен байланысты болды. Сонымен бірге облыста шешен халқының өкілдері де өмір сүрді. Әсіресе, кейінгі онжылдықтар бойында олардың саны едәуір артқан. Олардың көбі өнеркәсіп пен құрылыс саласында қызмет етті. Кейін көпшілігі Батыс Қазақ-стан облысында тұрақтап қалды. Кәрістердің өңірге келуі 1950 жылдардағы қоғамдық-саяси оқиғалармен байланысты болды. Кәрістердің көбі Гурьев пен Ақтөбе облыстарын мекендеген. Сонымен бірге  молдавандар саны баяу болса да артып отырды. Батыс Қазақстан облысының қалаларында ежелден Еділ бойы халықтары өкілдерінің бірі ретінде танылатын мордвалар да өмір сүрді.

1926 жылғы бүкілодақтық халық санағында Қазақстан бойынша 46 әзірбайжан есепке алын-ған. 1937 жылы әзірбайжан халқы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстанға зорлықпен көшірілді. Соның нәтижесінде олардың саны отызыншы жылдар аяғында 13 мыңға жетті. Тың игеру жылдарында да көбейді. Қазақ пен әзірбайжан халқының тарихи ұқсастығы көп. Ислам дінін ұстанады. Оғыз дәуіріндегі әдебиеттер түрік халықтарына ортақ таралғаны мәлім. Әзірбай жандар Наурыз мейрамын той-лайды. 1999 жылы Қазақстанда 78 289 әзірбайжан есепке алынса, Батыс Қазақстан облысында 940 әзірбайжан тұрып жатқаны белгілі болды. 1992 жылы елімізде әзірбайжан диаспорасының «Тұран» ұлттық мәдени орталығы құрылды. Жеті жыл өткен соң Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен облыста «Бирлик» мәдени-ағартушылық орталығы қызметін бастады. Одан кейін этномәдени бірлестік ретінде тіркелді. Қазіргі уақытта облысымызда 1600-ге жуық әзірбайжан өмір сүруде.

Тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов «Жаңабұлақ тарихы» атты кітабында күштеп қоныс аудару үрдісі Қиыр Шығыстағы кәріс халқына жеткенін жазған. 1937 жылдың қазан айында Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі «Кәріс қоныс аударушыларын орналастыру және шаруашылық қамту туралы» қаулы қабылдады және осы құжат бойынша Батыс Қазақстан облысына 1800 отбасын көшіру жөнінде ұйғарылды. Қиыр Шығыстан шыққан соңғы эшелон 1937 жылдың қараша айында келіп жетті. Ақ Жайық өңіріне көшіп келген кәрістер саны бірнеше мәрте нақтыланып, ақыр аяғында өлкеге 707 отбасы, 2899 адам көшіп келді. Кәрістер Ілбішін, Теректі, Бөрлі, Приурал, Тайпақ аудандарына және Орал қаласына орналастырылды. Қыстың ызғарына тап болған олар жертөлелерде, жазғы асүйлерде, қоймаларда және өзге де шаруашылық ғимараттарында тұрақтауға мәжбүр болды. Эшелон арқылы құжаттары мен киім-кешегін, көрпе-төсегін бірге алып кетуге ғана рұқсат етілген еді. 1938 жылғы есеп бойынша Ілбішін ауданындағы кәрістердің көбі Бударин (346 адам), Коловертный (292 адам), Кожехаров (192 адам), Ілбішін (135 адам) ауылдарына шоғырланған. Жергілікті ауыл әкімшіліктері кәрістердің бәрін баспанамен қамти алмады. Қиын-қыстау заманда тегі, тілі, діні бөлек кәрістерге қазақ халқы қолұшын созды. Алыстан әбден титықтап келген қонақтарды атарбаларымен келіп, өз отбасыларына әкетіп жатты. 1938 жылдың 14 ақпанында Ілбішін аудандық атқару комитеті «Аса мұқтаж кәріс қоныстанушыларына азық-түлік саудасын бекіту туралы» қаулы қабылдап, 14 330 кг көле-міндегі бидайды бөліп берді. 1953 жылы Сталин қайтыс болған соң, «коре сарам» халқы үшін жылымық кезең басталды. Өңірде кәрістер күріш егумен айналысты. Қазіргі уақытта Қазақстанда тұратын кәрістердің саны 100 мыңнан асып кетті. Батыс Қазақстан облысында ұлты кәріс 152 тұрғын бар. 1990 жылы Орал кәріс мәдени орталығы құрылған. Кейін облыстық ассамблея жанында мемлекеттік тіркеуден өткен кәріс этномәдени бірлестігін Виталий Ан басқарады. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей, 2012 жылы кәрістердің ұйытқы болуымен «Мұнайшылар аллеясының» төрінен «Қазақ халқына мың алғыс» монументі ашылды.

Облыста 9400-ден астам украин тұрады. Олардың басын «Еднання» украин этномәдени бірлестігі біріктіреді. Өңірдегі туған ауылдарын есте сақтау үшін украиндықтар бірқатар елді мекенге Долинный, Новопавлов, Богдановка, Тихоновка, Березовка деген атаулар қойған. Еуропаны мекендеген халықтың өкілдері әуелі Ресейге, кейін XVIIIғасырдың екінші жартыжылдығында Қазақстанға келген. Олардың дені ұлт-азаттық көтерілістің туын көтерген адамдар еді. 1847-1850 жылдары ақын Тарас Шевченко Маңғыстау өңіріне еріксіз жер аударылды. Кіші жүз ілтипатына бөленген ақын қазақ жерінде шығармашылықпен айналысқан. Қазіргі уақытта Орал қаласында ақын атында көше бар. Маңғыстауға барарда Тарас Шевченко Оралға аялдаған деседі. 1897 жылы Қазақстанда 86,7 мың украин тұрды. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде де осы этнос азаматтарын қудалау тыйылмады. Тың игеру кезінде де Украинадан қоныс аударғандардың көші үзілмеді. 1959 жылғы халық санағы бойынша олардың саны 761 мың-ға жеткен. 2009 жылы елімізде 333 мың украин тұрған. 15 мыңға жуығы Батыс Қазақстан облысын мекендеген.

1944 жылдың 23 ақпаны шешендердің есінде мәңгі қалды. Сол жылы Сталин шешен-ингуш халқын Қазақ және Қырғыз КСР-ына көшіруге шешім қабылдады. Депортация үшін 40 эшелон мен 6 мың аутокөлік жіберілді. Қап тауынан Қазақстанға 406 мыңнан астам адам көшірілді. Тоталитар-лық зорлық-зомбылық салдарынан жер аударған кезде олардың көбі қайтыс болды. 1956 жылы ғана шешен-ингуштарға Қазақстан ішінде көшуге, келесі жылы тарихи Отанына оралуға рұқсат берді. 1990 жылы «Вайнах» атты шешен және ингуш мәдени орталығы құрылды. 1994-1996 жылы Шешен Республикасы мен Ресей Федерациясының қырғи-қабақ болуына байланысты алғашқы шешен соғысы басталды. Сол кезде 800-ден 1200-ге тарта босқын келген. «Вайнах» қоғамының өкілдері тарихи мекенінен бас сауғалап келген жерлестеріне қолұшын созып, гуманитарлық көмек берді. Балаларын мектепке орналастырып, кейбірінің тұрақтап қалуына себепші болды. 1999 жылы Батыс Қазақстан облысында тау елінің 714 өкілі есепке алынса, он жылдан кейін шешен мен ингуш саны 1695-ке жеткен. Қазіргі уақытта облыста 578 шешен-ингуш өкілі бар. Бұдан бөлек орыс, еврей, татар, армян, казак этностарының келу тарихы да сан қилы. Тағдыр тауқыметін тартқан отандастарымыздың қандай қасірет шек-кенін бірнеше мысалмен ғана баяндап отырмыз.

Елге келген әрбір этностың өзіндік ерекшелігі бар. Қазақ жерін мекендеген әр ұлттың тарихи келу жолы бөлек. Отарлық империя салдарынан өзге этностарға сенімсіздік танытты. Ұланғайыр даладан ұлтарақтай жер алу қиынға түсті. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, жер аудару-дың үстіне бақылауда ұстады, саяси қуғын-сүргінге ұшыратып, аяусыз жазалап та отырды. «Ұлттар зертханасының» билеушілері ұстанған этнос алуандығы атты күмәнді құрдымға қазақтың өзі жұтылып кете жаздады. Бірақ кеңпейіл халық тарылмады. Құшағын кеңге жайды. Сталиндік билік саясатынан тігерге тұяғы қалмай, есеңгіреп отырған ел еңіреп келген өзге халықты өзектен теппеді. Әр этнос өкіліқарым-қабілетіне орай шаруашылық жұмысына араласты, құрылыс жүргізіп, үй салды, тың игерді. Кеңпейіл Қазақстан жүздеген диаспораға этномәдени орталықтарын құруға, салт-дәстүрін, ділін, дінін сақтауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта облыс бойынша БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған 53 этнобірлестік қызмет етеді. Олардың 16-сы Орал қаласында орналасқан. Ресми дерекке сүйенсек, облыс халқының саны 657 мыңға жуықтады. Оның ішін-де 76 пайызын қазақ ұлты құраса, 19 пайызын орыс, 1,41 пайызын украин, 1,29 пайызын татар этносы құрайды.

Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурыз – Алғыс айту күнінің мәні тереңде екенін айтқаны мәлім. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақ халқына деген ризалық сезімін соңғы ғасырларда қазақ жерінде қалыптасқан ортақ тарихын терең
тануға
құштарлық, мемлекеттік тілге деген құрмет, бауырмалдық сезімін арттыру арқылы білдірсе, ұлттық саясаттың өрісін кеңейте түсуге зор үлес қосар еді.

Нұртай  ТЕКЕБАЙ,

«Орал  өңірі»