30.05.2015, 7:31
Қараулар: 4
Тарих – парасаттылықтың сабағы

Тарих – парасаттылықтың сабағы

IMG_5713


«Шерлі шежіре аманаты» атты халықаралық форумы жұмысынан кейін облыс әкімдігінің үлкен залында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко бастаған бір топ астаналық қонақтармен брифинг өтті.


Л. Прокопенконың айтуынша, өңірде өткізіліп жатқан шаралар аясында үлкен жұмыстар жасалуда. Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары – 100 қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институттық реформасын жариялады. Сол бес реформалардағы төртінші басымдық болашақтың біртекті ұлтын қалыптастыруға берілген. «Мұнда Елбасы азаматтық біртектілікті нығайту міндетін қойды. Қазақстандық біртектілікті қалыптастыруда барлық қазақстандықтарды біріктіретін жалпы ұлттық тарихи сананың әсерлі рөл атқаратыны кәміл. Өйткені ол біздің ортақ құндылықтарымызды көрсетеді, тарихи оқиғаларға қатысты ортақ көзқарастарымызды білдіреді. Сондықтан «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы 2010 жылдан бастап еліміздің бірқатар өңірінде өткізіліп келеді. Ол әрбір қазақстандықтың санасына жеткізуіміз керек екі мәселені қамтиды. Қазақстанда бұған дейінгі тарихта өткен барлық оқиға ортақ көзқарасымызды білдіретін факторлар шеңберінде қарастырылады. ХХ ғасырдың 30-50- жылдарындағы оқиғалар әрбір қазақстандықтың жүрегін ауыртады, бірақ соған қарамастан, олар адамгершіліктің ұлы сабағы, парасаттылықтың сабағы ретінде қызмет етеді. Бүгінгі өткен митингіде сөйлеген барлық ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс айтты. Осының өзі қазақ халқының жаңа полиэтникалық Қазақстанның интеграторы, ұйытқысы екенін көрсетеді. Қазақ тілі, байырғы қазақ жері — қазақтардың игілігі, сонымен қатар қазақ халқы ондаған, жүздеген мың адамдардың қазақ жерінде аман қалуына көмектесті», –  деді Леонид Прокопенко.

ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-ның директоры Наталья Калашникованың айтуынша, бұл жоба — Қазақстан халқы Ассамблеясының ең маңызды, басты жобаларының бірі. Халықаралық жоба басталысымен өзінің маңыздылығымен еліміздің қарапайым тұрғындарының назарын аударды. «2008, 2009 жылдары саяси қуғын-сүргін, құрбандар, ашаршылық құрбандары деген сөздерді сақтықпен жайлап айтатынбыз. Бүгінде осы жобаның арқасында бұрын беймәлім фактілер ашылуда. Өздеріңіз куә болғандарыңыздай, ондай фактілер фантастикалық зерттеулерден емес, Президент мұрағатындағы нақты құжаттардан алынған. Фактілерді белсенділеріміз, ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы тірнектеп жинады. Сондықтан әлемге Қазақстан үшін «жабық» тақырып жоқ деп айта аламыз. Елбасы, Ұлт көшбасшысы әр кез айтып жүргендей, сол сұм жылдардағы көптеген ұлттың тағдырына ешбір этнос жауапты емес. Міне, осыны  әрбір қазақстандыққа жеткізуіміз керек», – деді Наталья Калашникова брифингте.

— Форумның маңызы зор. Қазақстандағы ұлттардың 1991 жылға дейінгі тарихқа деген көзқарасы мүлдем бөлек. «Семей — Невада» қозғалысының құрамында 5 пайызға толмайтын орыс тілділер, 95 пайызы – қазақ тілділер. Сонда атом зұлматы тек қана қазақтарға тие ме? Желтоқсан кезінде де алаңға кілең қазақтар шықты. Біз орыстарға қарсы емес, тоталитарлық режімге қарсы болдық. Неге басқа ұлт өкілдері болмады? 1991 жылы 13 қыркүйекте казактардың арандату әрекетіне қарсы шыққанда қатарымызда неге басқа ұлт өкілдері болмады? Себебі ол кезде олар «Бұл қазақтардың проблемасы» деп ойлады. Әр оқиғада біздің азаматтар өздері жеке-жеке жүрді, – деген «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім еліміздегі біртектілікті қалыптастырудағы, бір мемлекеттік, ұлттық мүддеге біріктірудегі мақсат тарихқа деген ортақ көзқарасты қалыптастыруға бағытталғанын  әңгімеледі.

— Өткен ғасырдағы 30-жылдардағы жағдай қазақ халқының, еліміздің тек қайғылы кезеңі емес, күрделі кезеңі болды. 40 пайыздан астам жергілікті халықтың құрбан болуы өз алдына әңгіме, бұдан басқа экономикалық, әлеуметтік жағынан да, әсіресе, осы кезде ұлттық элитамыздың, ұлтымыздың қаймағының жоғалуын ел тарихындағы күрделі кезең деп айтуымызға болады. Сондықтан 30-жылдардағы жағдайға әлі де баға беріледі. 30-жылдардағы жағдайды не үшін зерттеуіміз керек, мынадай шараларды не үшін өткізіп жатырмыз десек, біріншіден, тағзым етуіміз керек. Сонымен бірге сол жағдайларды зерттеп, оларды баршаға жеткізу еліміздің келешегі үшін маңызды, — деді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов.

Басқосуға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ахмет Мурадов, Юрий Тимощенко, облыстық ҚХА хатшылығының жетекшісі Ғайса Қапақов жобаға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ брифингке қатысушылар журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар