Іскер әйелдер сөзден іске көшті
Аптаның басында БҚО кәсіпкерлер палатасында іскер әйелдер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынованың айтуынша, биыл іскер әйелдердің, әсіресе, ауылдық жерлердегі нәзік жандылардың белсенділігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті дамыту көзделген.
– Ауылдың тұрмыс жағдайында бастамалары, тың ойлары бола тұра, әйелдерге кәсіпкерлігін жүргізу, оны одан әрі дамыту оңайға соқпайды. Екінші деңгейдегі банктер несие беруге кепілзат сұрайды. Банктер ауылдағы жылжымайтын мүлікті бағалай бермейді. Алайда біздің нәзік жандылар кәсіпкерлікті бастауға, дамытуға құштар. Іскер әйелдер қауымдастығы оларға жөн сілтейді, бағыт-бағдар береді, сөйтіп, бір-бірімізге қолдау көрсетеміз, – деді Ляна Тұрсынова.
Республика бойынша алып қарасақ, облыстағы ақ жаулықтылардың кәсіпкерлік белсенділігі төмен, оның себебін қажетті ақпараттың жеткіліксіздігінен іздеу қажет. Облыстар арасында Ақ Жайық өңірі кәсіпкерліктегі әйелдердің үлес-салмағы жөнінен кейінгі орындарда. Біздің өңірдегі114 мың кәсіпкерлік субъектісі ішінен 31 мыңының басшылығында әйелдер екен. Қазіргі міндет – облыс көлеміндегі кәсіпкерліктегі қыз-келіншектердің белсенділігін көтеру, сол арқылы экономиканы одан әрі дамыту.
Кеңес отырысы барысында қатысушыларға қаржылай қолдау тетіктері, соның ішінде бірінші кезекте «100 сауда нүктесі» жобасы, «Бизнестің жол картасы –2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы» және басқа да бағдарламалар жайында түсіндірілді.
– Әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін қандай қолдау тетіктерін жасақтай аламыз? Әкімдік тарапынан сіздерге есігіміз ашық, қажетті қолдаукөмекті беруге дайынбыз. Сіздердің прагматикалық көзқарастарыңыз, қолға алған, бастаған істеріңізге жүйелі қарайтындарыңыз, жанкешті еңбектеріңіз табысқа бастайды. Сондықтан әйелдер кәсіпкерлігінің белсенді дамуы облыстың дамуына серпін береді. Ауыл шаруашылығы саласында сіздер қолға алатын «Өндіруден өңдеуге» жобасын облыс көлемінде іске асыруға болады. Елімізде кәсіпкерлікке 70-тен астам мемлекеттік қолдау тетігі жасақталған. Гранттық қаржысы 3 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін өскен стартап жобалардан бастап, несие пайызын субсидиялау, банктерге кепілдік беру, сондай-ақ экспортқа тауар шығарушыларға логистикалық шығынын өтеу тетіктері қолданыста. Экспортқа тауар шығаратын кәсіпкерлерге бұрын өндіріс орнына шекараға дейінгі логистикалық шығындары субсидияланып келсе, ендігі жерде жағдай өзгертілді. Мысалға, Оралдан не Бөкей ордасы ауданынан Ресейдің Владивосток қаласына жеткізетін болсаңыз, сол жол шығынының 50%-ы субсидияланады. Осындай тетіктердің бар екендігін айтып, түсіндіруіміз керек, – деді Мұхтар Манкеев.
Басқосуда кәсіпкерлікті дамытуға жер учаскелерінің жетіспейтіні айтылды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры БҚО филиалының өкілдері биыл 100 жер учаскесінің жеті жыл мерзімге аукцион арқылы жалға берілетінін айтты. Жуықта 22 жер учаскесі сауда-саттыққа шығарылады. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің кәсіпкерлерге қолайлы болуы басты назарға алынған. Қазір жәрмеңкелер «Весы» сауда үйінде өткізіліп жүр. Сол жерге қиындықсыз қатынауға үш аутобус шығарылған. Өз тауарларын әкеп, сауда қызметін көрсетушілер қыста сыртта тұрмайды, ғимараттың ішінде ыңғайлы орындар бөлінген. «Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жәрмеңкені тұрақты өткізуге қолайлы орын тауып, ұйымдастыру жоспарланды. Біз сол сауда орнын күтіп ұстайтын, жәрмеңкені апта сайын өзі ұйымдастыратын жеке әріптесті іздейміз», – деді Мұхтар Манкеев.
Елімізде әйелдердің 60%-ы шағын кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді.Біздің өңірде де солай. Жиында кеңес мүшелері өз жұмыстары, кәсіпкерлікті жаңа бастаған әріптестері жайында әңгімеледі.
Әйелдер кеңесі өңірде үш жобаны қолға алмақ. «Нөлден басталатын бизнес» жобасы бойынша жеті баланың анасына кәсіпкерлікті бастауға қолдау көрсетіледі. Кәсіпкерлікті бастаушы әйел сала негіздеріне байланыс-ты білім алған соң, гранттық қаржы алуға өтініш береді. Кеңес оған сиыр сауу аппаратын алуға көмектеседі. Екінші жоба – «Ауылдағы 50 әйел». Бұл бойынша ауыл-аудандардағы 50 белсенді кәсіпкер-әйелдің бизнес бастамаларына қолдау көрсетілмек. Табысты кәсіпкер – ақ жаулықтылар оларға көмек ретінде шеберлік сыныптарын өткізеді, оқытады, тәжірибелерімен бөліседі. Үшінші «Өндіруден өңдеуге» жобасы бойынша жеке шаруашылықтардағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерге жеткізу көзделген. Бастамада қанатқақты жоба ретінде екі ауданда қолға алынбақ. Мұндай жобаларды жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп іске асыру жоспарланған.
Кеңес отырысынан кейін қатысушылар кондитерлік және ұн өнімдері өндірісі бойынша «Евенеева Б. Ж.» ЖШС-ның базасында шеберлік сыныбына қатысты. Мұндай жиындарды екі айда бір рет өткізу жоспарланған.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал өңірі»