2.03.2020, 16:10
Қараулар: 218
 Қоғамдық  кеңестердің  жұмысы  жетілдірілмек

 Қоғамдық  кеңестердің  жұмысы  жетілдірілмек

Таяуда  ҚР  Парламенті  Мәжілісінің  заңнама және  сот-құқықтық  реформа  комитеті  мен  «Nur Otan» партия­сының  жанындағы құқықтық  кеңестің  бірлескен  отырысы  өтті.


– Қоғамдық кеңестер туралы институт Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99-қа­дамы төңірегінде дайындалған бо­латын. Бүгінде «Қоғамдық ке­ңестер туралы» заң орынды жү­зеге асып келеді. Қазір елімізде 200-ден астам қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Іс-шаралар барысында  тәжірибе жинақталып, же­тістіктермен қатар, олқылық­тар да кездесуде. Осыған орай Парламент Мәжілісінің қарауы­на Үкі­мет тарапынан «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнама­лық актілеріне қоғамдық кеңес­тердің қызметі мәселелері бо­йынша өзгертулер мен толық­­ты­рулар енгізу туралы» ҚР заңының  жобасы келіп түсті. Жобада атал­ған заңды қалыптастыру және өз­герту жөнінде бірсыпыра нақ­ты ұсыныстар қарастырылған.  Осы отырыс мәселенің өзекті жерлерін тауып, талқылап, нақты шешімдер қабылдауды мақсат етеді, – деді басқосуды ашып, жүргізген Нұрлан  Мәжитұлы.Еліміздің барлық облы­сын видеоконференция арқылы байланыс­тыр­ған отырысқа «Қоғам­дық кеңестер: қоғамдық инсти­тутты заңнамалық дамытудың тәжірибесі мен кейінгі қадамда­ры» тақырыбы арқау болды. Онлайн отырысты ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің және «Nur Otan» партиясы жа­нындағы құқықтық кеңестің төр­ағасы, заң ғылымдарының док­торы, профессор Нұрлан Әбді­­ров  жүргізді.

Отырысқа ҚР Парламенті Мә­жілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Серік Сейдуманов, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, заң жобасының мәтіні­мен жұмыстанатын топтың жетекшісі Нұрлан Дулатбеков және ҮЕҰ мүшелері, белсенді жұмыс істейтін қоғамдық кеңестердің төрағалары қатысты. Өз кезегін­де сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин заң жобасындағы өз­герістер мен толықтырулардың қоғамдық кеңестердің қызме­тін жетілдіруге бағытталатынын ерек­ше атап өтті. Мысалы, 2015 жылы 2 қарашада қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР заңына 2-1-бапты («қоғамдық ке­ңестер қызметінің мәселелері жөніндегі уәкілетті орган») енгізу ұсынылған. Аталған баптың бі­рінші тармағына тоқталатын бол­сақ, онда «мемлекет пен аза­мат­тық қоғамның өзара іс-қимылы саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республика­сының орталық атқарушы орга­ны қоғамдық кеңестер қызметі­нің мәселелері жөніндегі уәкі­лет­ті орган болып табылады» делінген.

Елордадан  тікелей  байланыс орнатқан отырысқа мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, партия­ның облыстық филиалы төраға­сы­ның бірінші орынбасары Мұ­рат Мұ­қаев бастаған облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мен мем­лекеттік емес ұйымдардың өкіл­дері  қатысты.

– Заң жобасында қоғамдық кеңестердің жұмысындағы нормативтік-құқықтық актілерді қа­былдауы жөнінде, қоғамдық ке­ңестердің құрамындағы жұмыс­шы топты жергілікті атқарушы құрылым қалыптастыруы керек деген ұсыныстар енгізілуде. Қазір қоғамдық кеңестер өз жұмысын қалыптастырды деп айта ала­мыз. Ол қоғамды алға дамытуға жә­не халықтың арасында, азамат­тық  қоғамда айтылған мәселе­лер­ді  талқылап, жергілікті мемлекеттік құрылымдарға жеткізеді деп ойлаймын. Бүгінде облыс­тық қоғамдық кеңестің 31 мүшесі бар. Өзге өңірлерден өзгешелі­гі – оның құрамына Орал қалалық жә­не аудандық  қоғамдық кеңес мүшелері кіреді. Бұл облыс көле­міндегі  мәселелерді жан-жақты біліп, талқылауға мүмкіндік бе­ріп отыр. Сондай-ақ облыстық қо­ғамдық кеңестің құрамында мемлекеттік құрылымдардың өкіл­дері азайды. Болашақта қоғам­дық кеңестер белсенділігін арт­тырады деп ойлаймын. Себебі қоғамда болып жатқан бар мә­се­ле қоғамдық кеңестің отырыс­тарында талқыланып, шешім қа­былданатын болса, мемлекеттік құрылымдардың да жұмысын жеңілдетеді деп санаймын, – де­ді облыстық мәслихат хатшысы, облыстық қоғамдық кеңес мүше­сі  Мәлік  Құлшар.

Отырысқа қатысушылар заң жобасына және қоғамдық кеңес­тердің жұмыстарын жанданды­руға қатысты ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Басқо­су соңында қатысушылар айтыл­ған мәселелер мен ұсыныстар­ды талқылай отырып, ел Үкіме­ті мен орталық мемлекеттік жә­не жергілікті атқарушы құры­лым­дарға ұсынымдарын дайындады.

 

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»