Ақпан айының 25-26-сы аралығында Орал қаласында көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жою бағытындағы іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару құрылымдарын, күштері мен құралдарын дайындау бойынша «Көктем – 2020»республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді.
ҚР ІІМ-ның ұйымдастыру нұсқауларына сәйкес өткізілген шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев, облыстық және қалалық азаматтық қорғау қызметтерінің, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияларының, авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының өкілдері қатысты.Бұл оқу-жаттығудың негізгі мақсаты азаматтық қорғау бағытындағы мемлекеттік жүйенің дайындық деңгейін арттыру және халықты су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды жоюға дайындау болып табылады.
Оқу-жаттығу барысында шаһардағы Тұңғыш Президент алаңында жедел ден қою жасағының дайындығы тексерілді.
Онда облыста төтенше жағдайлар туындаған кезде жұмылдырылатын жасақтардың іс-қимылы қолданылатын барлық құрал-жабдық пен техникалар көрсетілді.
– Бүгінгі шараға 1245 адам мен 400-ден астам арнайы техника қатысты. Бұл шараның мақсаты – төтенше жағдайға қаншалықты дайын екенімізді пысықтау. Төтенше жағдайлардың алдын алу әрдайым жергілікті атқарушы биліктің назарынан тыс қалмайды. Апатты жағдай бола қалған жағдайда оны еш зардапсыз жою үшін қажетті арнайы техникалар жаңартылуда. Екі күнге жоспарланған республикалық оқу-жаттығу барысында арнайы жасақтар мен техникалардың дайындығы пысықталды. Биылғы жауын-шашынның аз түсуі, қар қабатының жұқа болуы су тасқыны қаупін сейілтіп отыр. Өткізілген шаралар кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға дайын екенімізді тағы бір дәлелдеді, – деді Мұхтар Манкеев.
Орал қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Жанболат Ізбасаровтың айтуынша, өткен жылдың өзінде облысқа төрт қуатты су сорғыш құрылғы алынған. Арнайы тіркемеге орнатылған, дизель отынымен жұмыс жасайтын құрылғы сағатына 1300 текше метр суды соруға есептелген.
Мұнан соң облыс орталығындағы «Жайықжылуқуат» АҚ нысандарындағы апаттарды жою бойынша құрылымдардың іс-қимылдарын практикалық пысықтау шарасы өткізілді.
Оқу-жаттығу жұмыстарының жоспарына сәйкес аталған кәсіпорын аумағында апатты жағдай орын алып, жылу және электр энергиясының өндірісі мен таратылуы істен шығып, 60 мыңнан астам қала тұрғыны жылусыз қалды. Біліктілік пен жеделділік танытқан сала мамандары орын алған төтенше жағдайды аз ғана уақытта қалпына келтірді.
Екінші оқу-жаттығу шарасы кезінде Теректі ауданының Подстепный ауылы маңындағы Самара – Шымкент тасжолында «КамАЗ» және «Тойота Камри» маркалы көліктер арасында жол-көлік оқиғасы орын алып, апат салдарынан көлік ішіндегі жолаушылар қысылып қалды. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері көліктерден үш қаза болған және екі зардап шеккен адамды шығарып, оларды «Жедел жәрдем» дәрігерлеріне тапсырды. Сондай-ақ «Deawoо» маркалы шағын аутобусы техникалық ақаулығынан жол жиегіне тоқтап, ауа райының салқындығынан қайта тұтанбай қалды. Нәтижесінде Өзбекстан елінің 15 азаматы суық аутобуста қалуға мәжбүр болды. Барлық арнайы қызмет жасақтары бірлесе әрекет еткен шара барысында төтенше жағдай жойылды. Ал зардап шеккендер шұғыл түрде кунг және вахтовка көліктерімен жылыту пунктіне жеткізілді. Сол жерден оларға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
Оқу-жаттығудың соңғы бөлімі қала шетіндегі «Дубрава» кешені ауданында өткізілді. Бұл жерде жауын-шашынның көп мөлшерде жаууы өзендердегі қар жамылғысының қарқынды еруіне себеп болып, ауа температурасының бірден көтерілуі нәтижесінде күрделі ахуал орын алды. Көктемгі су тасқынынан бірқатар тіршілікті қамтамасыз етуші нысандар бұзылып, транспорттық коммуникациялар зақымданды. Тасқынның салдарынан облыс аудандарындағы елді мекендерді отынмен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмек және алғашқы қажеттілік заттарымен жабдықтау тоқтатылды. Салдарынан ондағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді.
Сонымен қатар «Дубрава» маңындағы Шаған өзенінен көпір арқылы өтпек болған, ішінде жолаушылары бар жеңіл көлік аударылды.
Апат орындарынан табылған іздестіру-құтқару бөлімшесі, жедел-құтқару жасағы, «Апаттар медицинасы орталығы» БҚОФ, «Жедел жәрдем» бригадасы, жергілікті полиция қызметі қолданған шара нәтижесінде төтенше жағдай жойылды. Ал зардап шеккендер құтқарылып, оларға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
«Орал өңірі»