2.03.2020, 15:48
Қараулар: 142
«Оқитын аутобус»

«Оқитын аутобус»

Қоғамдық  көлік ішінде жолаушылардың Абайдың әндерін шырқап, өлеңдерін жатқа оқығанын көре қалсаңыз, таңқалмаңыз! Сіз де қатарға қосылып, арнайы сыйлыққа ие болыңыз! Өйткені қаламызда «Оқитын аутобус» акциясы басталды.

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен қалалық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері қызықты жобаны қолға алды. Акцияны ұйымдастырушылар хакім Абайдың шығармалары мен ұлағатты сөздерін қалың бұқараға кеңінен насихаттауды көздейді. Осылайша айына бірнеше мәрте қаламыздағы №2, 5, 22, 35 маршруттар бойынша жүретін аутобустарға мініп, жолаушыларға ақын шығармалары мен өміріне қатысты викториналық сұрақтар қойып, ойын жеңімпаздары мен Абай өлеңін жатқа оқығандарға арнайы сыйлықтар табыстап отырады. Ал облысымызға танымал өнер иелері қоғамдық көліктегі жолаушылармен  Абай әндерін бірге шырқап, көпшіліктің көңілін көтеруге өз үлестерін қосуда.

Халыққа керемет көңіл күй сыйлау арқылы ақын мұраларын дәріптейтін шара Абай Құнанбайұлының туған күніне дейін жалғаса бермек.