Кеше Достық үйінде Орал қаласындағы Еуразия даңғылының атауын өзгерту бойынша көпшілік тыңдау өтті.
Еуразия даңғылын Абай даңғылы деп қайта атауға қатысты қалалық мәслихаттың депутаттары, қала тұрғындары, ақын-жазушылар, ардагерлер мен жастар, сондай-ақ қоғам белсенділері пікір білдірді.
Алдымен сөз алған Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев Еуразия даңғылының атауын Абай даңғылы деп өзгертуге қатысты негізгі ұсыныс Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының атынан түскендігін айта келіп, көше атауын өзгертуге қатысты бірқатар заңнаманы таныстырып өтті.
– Орал қаласының әкімі жанындағы ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобы отырысының шешіміменОрал қаласының Еуразия даңғылын Абай даңғылы деп қайта атау ұсынылды. «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша толықтыру мен өзгертулер енгізу» туралы2013 жылғы 21 қаңтардағы №72 заңы және «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта қарау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипцияларын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту» туралы ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысы негізінде жұмыстар жүргізілетін болады, –деді Серік Ерболатұлы.
Бұдан кейін жиынға қатысушылар көше атауын өзгертуге қатысты өз ойымен бөлісіп, Еуразия даңғылына Абай есімін беру туралы ұсынысты қуаттап, қолдады.
Ләззат ШАҒАТАЙ,
«Орал өңірі»