26.02.2020, 11:16
Қараулар: 537
Кәсіпкер болам десеңіз, арзан несие мен грант бар!

Кәсіпкер болам десеңіз, арзан несие мен грант бар!

Өткен жылы Орал қаласына «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы  аясында кәсіпкерлікті дамытуға республикалық бюджеттен 597 млн теңге бөлінді.

 – Бағдарламаның 2-бағытының шартына сәйкес барша қатысушыға ешқандай шектеусіз пайызы төмен несие ұсынылады. Әсіресе, көп балалы аналарға, табысы аз отбасылардың мүшелеріне, еңбек етуге қабілетті мүгедектерге басымдық беріледі. Өкінішке орай, мұндай санаттағы азаматтардың құжаттарын екінші деңгейдегі банктер «екі шұқып, бір қарайды», көбінесе несиені қайтару мүмкіндігі шектеулі деп кері қайтарады. Сондықтан өткен жылы осы санаттағы азаматтар-дың бірде-бірі несие ала алмады. Несие 6%-дық өсіммен бес  жылға 1 млн теңгеден 16 млн теңгеге дейін (6500 АЕК-ке дейін) көлемде беріледі. Бағдарламаға қатысушылар, негізінен, техника сатып алуға, халыққа қызмет көрсетуге, сауда-саттық саласын дамытуға несие рәсімдеген. Сондай-ақ 2-бағыт бойынша егін өнімдерін сақтау және қайта өңдеу, сату жобасына несие берілді. Бір азамат ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жобасына 3,3 млн теңге несие алды. Өзге несие алушылар алған қаражатын басқа саладағы кәсіпкерлікті дамытуға жұмсады, – деді Орал қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы  Болат Есбек.Бұл қаржы «Даму» кәсіп-керлікті дамыту қоры арқылы «Сбербанк» және «Қазақстанның Халық банкі» АҚ
филиалдарына аударылып, бағдарламаға қатысушыларды несиелендіруге бағытталды. Бөлінген несие қаржысы толықтай игеріліп, жыл аяғына дейін 31 кісі несие алды. Одан басқа «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның БҚО филиалы арқылы бөлінген 350 млн теңге несие қаражаты да игерілді. Аталмыш жүйе бойынша 35 адамға 336 млн теңге көлемінде несие берілді. «Еңбек» бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті дамыту деп аталатын 2-бағыты бойынша 66 адамға кәсібін жетілдіруге қолдау көрсетілді.

Маманның айтуынша, егер 1-3 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келген азамат кәсібін кеңейту, дамыту бағытындағы жобасына несие алатын болса, онда оларға қаржылық институттарға жолдама қажет емес. Осындай 30 іскер жан банктерден немесе «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалынан тікелей барып, несие алған. Жұмыссыз, кәсібін жаңадан бастаған және кәсіпкерлікпен айналысқанына бір жыл толмаған азаматтарға жолдама беріледі.

Өткен жылдан бастап кәсіпкерлік бастамаларға қайтарылмайтын гранттық қаражатты бе-ру жұмыстары басталды. «Еңбек» мемлекетік бағдарламасы аясындағы 100, 200 айлық есептік көрсеткіштер көлеміндегі грант қаражаттары Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы беріледі. Өткен  жылы 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, 100 АЕК – 252 мың 500 теңге) шамасындағы грантты тоғыз адам алды. Қайтарымсыз грантты алушылар гранттық қаржыны құс өсіру, киім тігу, кондитерлік өнімдер шығару, шаштараз нысанын ашуға жұмсауға ниетті. Жалпы, бұл көлемдегі грантты барша бағдарламаға қатысушының алуға мүмкіндігі бар.

– Қалада 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, 200 АЕК – 505 мың теңге) гранттық қаржыны алушылар қатары қалың. Мұндай қайтарымсыз грантты «Еңбек» бағдарламасының 1-бағыты «Жас кәсіпкер» бойынша немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыған, сонымен қатар бұрын мемлекет-тік грант алмаған бағдарламаға қатысушылар ала алады. Әсіресе,  жастарға, көп балалы және табысы төмен отбасылардың мүшеле-ріне, еңбек етуге дәрігердің рұқсаты бар мүгедектерге, оралмандарға беріледі. 200 АЕК гранттық қаржыны иеленуге үміткер азамат бағдарламаның 1-бағыты бойынша  түрлі кәсіпке, айталық, аспазшы, дәнекерлеуші, шаштараз және өзге де кәсіпке қысқа мерзімдік оқу курстарында білім алуы шарт. Мұндай оқу курстарын жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығы өткізеді. Ал «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыту «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мойнында, — деді Болат Тастанұлы. Оның сөзіне сүйенсек, былтыр 200 АЕК гранттық қаржыны табысы төмен 68 отбасы, 50 көп балалы отбасы, 31 мүмкіндігі шектеулі жан (еңбекке қабілетті), 29 жасқатолмаған 147 жас алған. Өткен жылы «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен 364 адам, «Бастау-Бизнес» бойынша 570 адам оқыған.  Олардың ішінен 300 қатысушы қажетті гранттық қаражатқа қол жеткізді. Алайда 200-дің үстінде жас, 100-ге тарта жұмыссыз, 20 көп балалы және жағдайы төмен отбасы, мүгедектер бөлінген қаржы-қаражаттың жетпеуіне байланысты грант ала алмады. Олар биылғы бөлінетін гранттық қаржыдан  үлестерін алу үшін кезек-ке қойылған.

– Биылғы жылға қанша жеңілдетілген несие беруге қандай көлемде қаражат бөлінгенін айта алмаймын. Әзірге ол нақтылануда. Өткен жылғы қаржы көлемінен кем болмас деген үміт бар. Ал республикалық бюджеттен 100 АЕК көлеміндегі гранттық қаржы бойынша 10 адамға 2 млн. 651 мың теңге көлемінде бөлініп отыр. Ақпан айынан бастап осы гранттық қаржыны үміткерлерге беруде. Республикалық қаржыландыру көзінен 200 АЕК көлеміндегі гранттық қаржы бойынша 37 адамға 19 млн 617 мың теңге бөлінген. Бұл қаржыны ақпан-мамыр айларында игеру жоспарланған. Бұған қоса жер-гілікті бюджеттен 16 млн 436 мың теңге қаржы бөлінген. Оны шілде айына қарай игермекпіз. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікке оқытуды «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалы наурыз-сәуір айларына жоспарлады. Сол кезге қажетті контингентті жинап оқытады. Қазіргі уақытта көп балалы, табысы төмен отбасы мүшелерін, еңбекке жарамды мүгедек азаматтардың тізімін дайындадық, – дейді Болат Есбек.

Заманның беталыс-лебін сезініп, өзінің кәсібін одан әрі дамытамын немесе кәсібімді бастаймын деген азаматтар тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталығына келіп, мамандардың ақыл-кеңесін тегін алуларына болады. «Жас кәсіпкер», «Бастау-Бизнес» оқуы ғана емес, одан да басқа екі күндік «Бизнес Кеңесші» деген оқу курсы бар. Сол курсты оқығандар да несие ала алады. Алдыңғы екі оқу курсын оқығандар гранттық қаржыға ие бола алады.

Гранттық қаржының мақсатты пайдаланылуына мониторингті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. Гранттар қаражаты кәсіпкерлікті дамытуға немесе бастауға қажетті құрал-жабдық, мал, үй құстарын сатып алуға жұмсалуы тиіс. Өткен жылы қала бойынша гранттық қаржыны 300-дің үстінде азамат алып,  жұмыс істеуде. Олардың қайсыбірі киімді химиялық тазалау, тігін ательесі, кондитерлік цех орындарын ашса, енді бірі қой, сиыр сатып алып өсіруде. Қаладағы да, ауылдағы да ағайын мемлекеттің қоғамның әлжуаз топтарына, кәсіпкерлікке ден қоямын деген азаматтарға ұсынып отырған несие қаражатын және қайтарымсыз гранттық қаржысын алып, тиімді пайдаланса, құба-құп болар еді.

 

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар