19.02.2020, 18:38
Қараулар: 243
Ынтымақ  пен  сенім  табысқа  жетелейді

Ынтымақ  пен  сенім  табысқа  жетелейді

2019 жылдың қорытындысы бойынша  халық тұрмысына оң ықпал ететін жеті негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша облысымызда ілкімді істер атқарылды. Бұл жайында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев тұрғындар алдында есеп беру жиынында айтты. Облыс әкімінің мәліметіне сүйенсек, облыста құрылыс жұмысының көлемі 25%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 24%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 12%-ға, өңдеу өнеркәсібі 9%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6%-ға өсіп отыр.

 

Ет  экспортының орындалуы ерен

 

– Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 48%-ы ауылдық жерде тұрады. Былтыр ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 170 млрд теңгені құрап, өсу қарқыны бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада бірінші орында. Мал шаруашылығы жыл сайын тұрақты даму үстінде. Жылқы саны –13 мың басқа, ірі қара – 20 мың басқа, құс 29 мыңға көбейді. Бірақ қой мен ешкі азайған. Жалпы мал шаруашылығында 106 миллиард теңгеге өнім өндірілді, өсім 2,6%-ды құрап отыр. Облысымыз етті бағыттағы ірі қара мал басы бойынша республикада екінші орында.

Селекциялық-асылдандыру жұмысы мен мемлекет-тік қолдаудың арқасында және мал шаруашылығы саласындағы асыл тұқымды көбейту нәтижесінде соңғы жылдарда ірі қара малының орташа тірілей салмағы 325-тен 345 килограмға дейін артты. Облысымыз-дың тауар өндірушілері сиыр және қой еті экспорты бойынша жоспарды 1,5 есе артық орындап, республикалық есепте алдыңғы қатарға шықты. Ет және ет өнімдері Ресей, Иран, Әзірбайжан және тағы басқа елдерге шығарылуда, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Былтыр ауа райының қолайлы болуына байланысты өсімдік шаруашылығының өнімі 13,5% өсімді көрсетіп, 63 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы  дақылдарында орташа өнімділік өсті.

Өңірде cоңғы жылдары пайдаланылмай жатқан 1 миллион 140 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жер беру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және ашықтықты қам-тамасыз ету мақсатында аукциондар электронды түрде жүргізіледі. Былтыр облыста 45 электронды аукцион өткізіліп, 71 га жер жалға берілді. Биылдан бастап аукциондар енді Қаржы министрлігінің сайтында жүргізілетін болады.

 

Мал  терісін  өңдейтін  цех ашылмақ

 

Өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 15,8 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде субсидиялауға 10,7 млрд теңге жұмсалды. Ауыл шаруашылығын дамытуға 11,5 млрд теңгеге инвестициялық салым жасаған екі  мыңға жуық агроқұрылымның шы-ғыстарын өтеуге 4 млрд теңгеге жуық субсидия берілді. Агротауар өндірушілері 20 млрд теңгеге жуық несие алды. Қожалықтар 4-6% мөлшерлемемен 5-20 жылға несие алып, әр түрлі техникаға қол жеткізді.

Өткен жылы ауыл шаруашы-лығына салынған инвестициялар 16 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Казталов және Тасқала аудандарында 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары іске қосылды. Биыл Теректі ауданында 3 мың басқа арналған бордақылау алаңы пайдалануға беріледі.

Орал қаласында қуаттылығы ауысымына 600 дана мал терісін қайта өңдейтін цех ашу және
10 мың тонна өнім алуға арналған екі жылыжайды іске қосу жоспарланып отыр. Облыстың мал шаруашылығын дамыту және жайылымдарды суландыру үшін ұзындығы 180 шақырымды құрайтын Киров-Шежін каналы салынды. Енді Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеген кезде каналды сумен толтыру үшін Көшім ауылының маңында су тартқыш насостық қоңдырғы орнатылатын болады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу және олардың өсу себептерін азайту үшін өткен жылы 300-ге жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.

Жергілікті тауар өндірушілер-ге тікелей сату үшін сауда орындары ұсынылды. Осы сауда орындарында облыс тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен бағамен сатылуда. Орал қаласында биыл екі ірі жылыжай іске қосылғанда тауар өндірушілерге делдалсыз тікелей сатуға павильондар беріледі.

 

400  шақырым  жол  жөнделеді

 

– 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына жол салуды тапсырған болатын. Осы бағыттағы күрделі жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы – 245 шақырым. 2019 жылы 18 шақырымы жөнделді, биыл 100 шақырымнан астам жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Облыста Самара–Шымкент республикалық аутожолының150 шақырымы жөндеумен қамтылды.

Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – жергілікті жолдар. Жергілікті маңыздағы жол сапасы бойынша облыс соңғы орында. Облыстық және аудандық маңызы бар бес мың шақырым жолдардың 31%-ы ғана жақсы немесе қанағаттанар-лық деңгейде, – деді облыс әкімі.

Былтыр 11 млрд теңгеге 145 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдар жөнделді. Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау, Бөрлі, Казталов және Бәйтерек ауданы орталықтарында 24 шақырым ауылішілік жолдар жөнделді. Орал қаласының 13 көшесі бойынша 22 шақырым аутожол жөндеуден өтті. Жалпы өңір бойынша былтыр 27 млрд теңгеге 360 шақырым жол жөнделді. 2020 жылы 400 шақырым аутожолдар жөнделеді.

Халық тарапынан жиі көтеріл-ген сұрақтың бірі облыстық ма-ңызы бар «Барбастау–Ақжайық–Индер» жолының 50 шақырым бөлігін жөндеу басталады. Орал-Атырау республикалық тасжолын кеңейтуге байланысты жобалықсметалық құжаттама жасақталмақ.

Ресейдің Самара облысымен шектесетін тұсында орналасқан «Сырым» өткізу бекетіндегі жолдың сыйымдылығын 2-ден 8 жолаққа дейін кеңейту жол қозғалысын оңтайлауға, өңірдің транзиттік әлеуетін көтеруге мүмкіндік берді. Жоба құны 2,2 млрд теңгені құрады. 2021-2022 жыл-дары «Тасқала» өткізу бекетін жаңғырту жоспарлануда.

 

Әуежай  400  жолаушыны қабылдамақ

 

Орал қаласындағы  халықаралық әуежайдың терминалын қайтадан жөндеу жүргізілуде. Терминал аумағы 7 мың шаршы метрге дейін кеңейеді. Әуежай сағатына 200-ден 400 адамға дейін қабылдамақ. Қаланың Мұнай-базасы ауданында жаңғыртылып жатқан көпірдің құрылысын жаз мезгілінде аяқтау жоспарланған.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев аутожолдарда көлік апаты кө-беюіне байланысты тұрғындар ұсынысын қабылдайтын арнайы комиссия қызмет етіп жатқанын хабарлады. 2020 жылы жол бойында бейнекамералар, түймелі бағдаршам, қозғалмалы радар, көшені жарық қылатын шамдар орнату үшін бюджеттен қаржы бөлінген. «Жол қозғалысы ережелерін сақтауға, көлік жүргізу мәдениетіне көңіл бөлмейтіндер көп. Тұрғындар әлі де бағусыз жүрген мал адамдардың ажалына себеп болуы мүмкін екенін түсінбей отыр. 2019 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін жол бойында бағусыз жүрген малдың кесірінен 123 жол-көлік оқиғасы орын алды. Екі адам мерт болып, 21 адам жарақат алды»,  –деді әкім.

 

24  ауыл  таза  сумен қамтылады

 

Қазіргі кезде ауыл-аймаққа газ құбырын тарту жұмысы қарқынды жүргізілуде. 2019 жылы Теректі және Казталов аудандарында 6 мың адам тұратын 16 ауылды газдандыруға бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Казталов ауданының 3,5 мың тұрғыны бар 9 ауылын газдандыру жұмыстары аяқталды.  Осы жылы Теректі ауданының 7 ауылын газдандыруды аяқтау және Ақжайық ауданының 4 ауылына көгілдір отын құбырын тарту жоспарлануда.

Өткен жылы 32 мың тұрғыны  бар 23 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылды. Нәтижесінде халықтың орталықтандырылған сумен қам-ту үлесі 81%-дан 86,8%-ға дейін ұлғайды. 2020 жылы 26 мыңнан астам тұрғыны бар 24 ауыл таза ауыз сумен қамтылады. Осы мақсатта 6 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласының тұрғындарын әуре-сарсаңға салған кәріз жүйесі туралы  да айтты.

– КНС-19А коллекторы іске қосылғалы 27 мәрте бұзылды. 2019 жылдың өзінде кәріз жүйесінде 19 апат орын алды. Былтыр қала резервінің қаражаты есебінен ақауы бар 3 шақырым құбыр ауыстырылды. Осы мәселенің шешімін табуға биыл 862 миллион, келесі жылы 700 миллион теңге бөлінеді. Сонда 16 шақырым су айдау жүйесінің құбыры түгел жаңғыртылады, – деді Ғали Есқалиев.

 

1710  пәтер  берілмек

 

Қазіргі уақытта тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өте өзекті екені мәлім. Облыста 26 мың азамат баспана кезегінде тұр. Олардың 1700-і – көп балалы отбасы. Былтыр үй құрылысына 16 миллиард теңге бөлінген. 2019 жылы кезекте тұрғандарға 595 пәтер берілді. Оның ішінде 291 көп балалы отбасы жаңа қонысқа ие болды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 113 отбасы баспана тапты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарла-масы ауқымында биыл үй құры-лысын жүзеге асыруға 21 млрд теңге бөлінді.  Тұрғындарға 1710 пәтер беру жоспарланған.

Орал қаласында апатты және ескі үйлерге қатысты мәселе МЖӘ бойынша инвесторлар тарту арқылы шешілуде. МЖӘ ауқы-мында бес үй салынды, тағы төрт үйдің құрылысы жүргізілуде. «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен екі үй тұрғызылмақ. Қаланың «Ақжайық» шағынауданында инже-нерлік инфрақұрылымды салу аяқталды.

 

4,4  млрд  теңгеге  несие  өтелді

 

Облыс басшысы Ғали Есқалиевтің баяндауынша, өткен жылы әлеуметтік қолдау аясында 4,4 млрд теңгеге 45 мың борышкердің несиесі мен банк салған айыппұлы өтелді. 12 мыңнан астам отбасы 6,7 млрд теңге көлемінде атаулы-әлеуметтік көмек алды. Облыс бойынша 39 млрд теңгеге ақысыз медициналық көмек көрсетілген.

Оралдағы университеттерге гранттар бөлініп, мемлекеттік тапсырыс аясында техникалық білім беру ұйымдарына 14,5 мың жасты оқыту үшін 7 млрд теңге бөлінген. Өңірде 47,7 мың бала үйірмелерге тегін қатысады.

2020 жылы әлеуметтік салаға 132 миллиард теңге немесе облыстық бюджеттің 54 пайызы бөлінді. Облыста 24 мыңнан астам мүгедек бар. Аталған санатта 6 мыңға жуық бала тіркелген.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 18 жасқа дейінгі балаларға арналған 40 кереуетпен қамтылған реабилитациялық орталық ашылады. Жобаны Тұңғыш Президент қоры қаржыландыруда. Жергілікті меценаттар есебінен «Бейімделу орталығының» құрылысын аяқтау жоспарлануда. Орталықта мүгедектер дербес өмір сүру дағдысын игереді.

Орал қаласында балалар сауықтыру курстарынан өтуі үшін 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысын жүргізу жоспарланған. БҚО-да ерекше демеу қажет адамдарды жұмысқа орналастыруды жеңілдету үшін ENBEKQOLDAU жаңа мәліметтер базасы іске қо-сылды.

 

Үш  жеке  мектеп, екі  жатақхана

– Білім – қоғам дамуының басты факторы және елдің өркендеуі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Бүгінгі таңда облыста 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамта-масыз ету 100%-ды құрайды. Былтыр мектепке дейінгі ұйым кезегінде тұрған балалар саны 20 мыңнан 16 мыңға дейін азайды. Бес жыл ішінде жеке меншік балабақшалар 14-тен 68-ге дейін көбейді. Жаңа тұрғын үйлердің жобаларында бірінші қабатқа балабақша орналастыру қарастырылмақ. Былтырғы оқу жылында «Iqanat» олимпиадасы аясында 16 оқушы Тұңғыш Президент қоры есебінен грантқа ие болды, – деді облыс әкімі Ғали Ес-қалиев.

Білім саласының мамандары заманауи технологияларды игеруде. Орал қаласының бес мектебінде виртуалды STEM зертханалық жүйесі іске қосылды. Сұранысқа ие маман даярлау мақсатында түлектер үшін еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға 97 грант бөлінді. Жоғары аграрлық-техникалық колледж базасында BIM технологияларын қолдана отырып, құрылыс жоба-ларын дайындайтын жобалаушы мамандар даярлануда. Биыл  колледжде осы технологияны игерген 17 маман оқуын тәмамдайды.

Кәсіби тұрғыда озық мұғалімдерді даярлау үшін педагогика-лық колледж ұжымы Назарбаев зияткерлік мектебінің жаңа әдістемесін игеруге кірісті. Колледж оқытушыларының 87%-ы курстан өтіп, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша тренер болды. Болашақта олар НЗМ тәжірибесін аймақ мектептеріне таратпақ.

Облыс әкімі мектеп ғимараттарының тозуы басты мәселелердің қатарында екенін айтты. Қайта түгендеу нәтижесінде апаттық жағдайдағы мектептер саны 8-ден 12-ге, ал үш ауысымды мектептер саны 6-дан 8-ге дейін артқаны анықталды.

2019 жылы Ақжайық ауданы Чапаев ауылында 100 баланы қамтитын интернаты бар 300 орындық мектеп пен Орал қа-ласында 900 орындық №51 орта мектеп құрылысы басталды. Биыл Сарықұдық ауылында 60 орындық мектеп, Казталов ауданы А. Оразбаева атындағы орта мектеп 600 орындық және Орал қаласындағы 300 орындық №33 орта мектеп құрылысы баста-лады. Сонымен қатар үш жеке мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, оларда білім алу ақысыз болады.

БҚО-да 2021-2022 жылдары жергілікті бюджет есебінен тағы үш мектеп салу жоспарлануда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш мектепке күрделі жөндеу жүргізілді.

Елбасының жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін жатақханалармен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау аясында былтыр облыста 230 орындық екі жатақхананың құрылысы басталды. Биыл политехникалық және өндірістік колледж студенттері үшін 450 орындық тағы екі жатақхананың құрылысы жүргізілмек.

 

340  дәрігер  маман  қажет

Өңір басшысының айтуынша, дәрігерлердің тапшылығы – денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің бірі. Медициналық мекемелерге 340 маман қажет. Денсаулық сақтау саласында 224 зейнеткер қызмет етуде. Үш жыл ішінде еліміздегі медициналық университеттерде білім алуы үшін 80-нен астам студент грантпен қамтамасыз етілді.

Облыста жаңа туған нәрестелерді диагностикадан ерте өткізетін 38 маман оқытылды. Жүкті әйелдер мен сәбилерді қамқорлық танытудың ерекше үлгісі енгізілді. Өңір басшысы облыстағы дәрігерлердің жұмысын атап өтіп, 2019 жылы 21 мыңнан астам хирургиялық ота жасалғанын хабарлады. Оның ішінде 12 мыңнан астамы шұғыл отаға жатады.

Облыс бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін 26 дәріхана ашылды, оның 15-і ауылдық жерде орналасқан. Өт-кен жылы дәрігерлер жүктемесін азайту және медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің 31 бөлімі және екі медициналық-санитарлық орталық ашылды. Облыстағы 20 емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Былтыр 32 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. 1 миллиард теңгеден астам қаржыға бейнеэндоскоп, рентген аппараттары, флюорографтар, жаңа туған нәрестелер үшін инкубатор, өкпенің жасанды желдеткіші және басқа құрал-жабдық сатып алынды. Ақжайық аудандық ауруханасының базасында бес ауданға арналған екінші деңгейлі инсультке  қарсы  орталық  ашылды.

Казталов ауданындағы Ақпәтер ауылында және Теректі ауданындағы Донецк ауылында кәсіпкерлер фельдшерлік-акушерлік және медициналық орталық салды. Кардиологиялық орталықтың алыстығына байланысты қалалық көпбейінді аурухананың жанынан 160 орындық жаңа ғимарат салу жоспарлануда.

Алты  ауданда – 7  спорт  кешені

«Рухани жаңғыру» бағдарла-масын жүзеге асыру мақсатында, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Орал қаласында 900 орындық концерт залы бар мәдениет сарайының құрылысы басталды. Орал қаласында үш, Жәнібек пен Теректі аудандарында екі комюньити-орталық ашылды. Облыс әкімі аймақтағы барлық мектеп пен колледж базасында комюньити-орталықтар желісін құру міндеті  қойылғанын атап өтті.

Оралда әлемдік жарыста жүлде алатын спортшылар дайындау мақсатында өңірде 250 орындық спорт-мектебі және 150 орындық интернат кешені пайдалануға берілді. Мектеп-интернатта олимпиадалық спорт түрлеріне баса назар аударылады.

– Ең бастысы, ауылдан шыққан дарынды спортшыларымыз еш алаңсыз заман талабына сай интернатта жаттығып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бізге берген тапсырмасына сәйкес, Жәнібек және Жаңақала аудандарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып кетті. Биыл алты аудан бойынша жеті дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Былтыр облыста 50 спорт алаңы салынды. Өңірде 13 республикалық чемпионат ұйымдастырылып, бұқаралық спортты дамыту мақсатында төрт мыңға жуық шара өтті, – деді Ғали Есқалиев.

 

5,2  млрд  теңге шағын  несие  берілді

«Еңбек» бағдарламасы бойынша облыста 800-ге жуық жұмыссыз адам тоғыз айдан бастап үш жыл мерзімге дейін шаштараз, тігінші, автомеханик, аспаз және оператор мамандықтары бойынша кәсіптік білім алуда. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға екімыңға жуық адам жіберілді. Олардың 1344-і жұмысқа орналастырылды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1215 адамға жалпы сомасы 5,2 млрд теңгеге шағын несие берілді. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында төрт мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыды. Олардың қатарында 482 адам шағын кредит алды. Жаңа бизнес-идеялары үшін 1,5 мың адамға грант қаржысы берілді.

Облыста жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамту және алғашқы еңбек дағдысын қалыптастыру мақсатында 1000 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 1714 адам «жастар тәжірибесіне» және бес мыңға жуық адам қоғамдық қызметке жіберілді. 2019 жылы тұтастай алғанда 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.

 

Жастар  мүддесіне3 млрд  теңге  жұмсалған

Былтыр 1000 адам «Жас кәсіпкер» жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша ұйымдасты-рылған тренингтерге қатысты. Жастарға 251,5 миллион теңгеге 500 грант берілді. «Zhas project» жобасы аясында 221 жобаның әрқайсысына 1 миллион теңгеден грант қаржысы берілді. Соның  нәтижесінде 700-ге жуық адам жұмысқа орналасты. «Жасыл ел» бағдарламасына сәйкес абаттан-дыру және көгалдандыру жұмы-сына 1 175 жұмыссыз жас пен студент тартылды.

– Былтыр өңірдегі жастар саясатын қолдауға 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Облыста «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында 1500 ерікті 200-ден астам Ұлы Отан соғысының ардагері мен жалғызбасты қарияға көмек көрсетті. Қазіргі уақытта өңірде 60 ерікті ұйым және 10 мыңнан астам волонтер қызмет етеді. Волонтер болғысы келетін және еріктілер көмегіне мұқтаж жандар үшін арнайы volunteer07.kz сайты ашылды. Біздің жас ұрпақ қоғам дамуына үлес қосуға даяр. Қоғамда белсенді әрі мейірімді адамдар көп. Менің ойымша, еріктілер қозғалысы ең жақсы нәтиже көрсететін облыстардың бірі боламыз, – деді Ғали Есқалиев.

 

Мамандар  біліктілігі назардан тыс қалмайды

Цифрлық даму рейтингісі бойынша Орал қаласы республика-ның алғашқы «цифрлық» үштігі қатарында. Былтыр 60 ауыл интернет игілігін көрсе, биыл кең жолақты ғаламтор желісі 31 ауылға жетпек.

Облыс тұрғындарына тиімді болу үшін мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшірілді. 2019 жылы 2 миллионнан астам мемлекеттік қызметтің 73%-ы электронды нұсқада ұсынылды. 2020 жылы электронды мемқыз-мет үлесін 90 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Цифрландыру аясында былтыр Орал қаласында тәулік бойы қызмет етеін «iKomek109» бірыңғай байланыс орталығы» іске қосылды. Бүгінгі таңда осы орталықта 24 мыңнан астам қоңырау мен өтініш өңделді. Барлық жедел қызметтің бірыңғай байланыс нүктесін қамтамасыз ету және азаматтар сенімін арттыру мақсатында «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет» жобасы іске қосылды. Облыста бос жер учаскелерін, олардың мақсатты пайдаланылуын, рұқсатсыз иеленуді және тағы басқа жайтты бақылау үшін аймақтың геоақпараттық порталын құруды аяқтау  жоспарлануда.

– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында облыста «Ашық әкімдік» үлгісінде қоғамдық қабылдау акциялары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жеке мәселелер бойынша тұрғындарды қабылдау апта сайын өткізіледі. Нәтижесінде 15 мыңнан астам тұрғынның қойған сұрақтарына мемлекеттік құрылымдар басшылары жауап беріп, мәселені шешу жолын айтты. Мемлекеттік құрылымдардың ашықтық ұстанымын сақтауына, азаматтардың сұранысы негізінде нақты шешім қабылдауына ықпал етуге мүдделіміз. Қоғамдағы бірлік пен түсіністіктің арқасында әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты сақтай аламыз. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, табысын молайту үшін адамдарға лайықты жұмыс қажет. Сондықтан шетелдік жұмысшыларды жергілікті кадрлармен алмастыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Ақсай техникалық колледжінің базасында мамандарды халықаралық стандарттарға сәйкес дайындайтын оқу орталығын құру жұмысы жүргізілуде, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Күрмеулі  мәселеде күш-жігер біріктіреміз

Облыс басшысы Ғали Есқалиевтің баяндауынша, әлеуетті инвесторларға жағдай жасау үшін индустриалды аймақ құру жоспарлануда. Бұл үшін 1,7 миллиард теңге бөлініп, Теректі ауданынан 281 гектар жер телімі белгіленген. Қазірдің өзінде 55 гектар жерге жылыжай салуға байланысты өтінім келіп түсті. «Бүгінгі таңда 458,4 миллиард теңгенің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру пысықталуда. «Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша 2020 жылы 628 миллиард теңге көлемінде өңірге инвестиция тартуымыз керек. Биыл осы межені игеруге басымдық береміз. Бізді салмағы зор тапсырмалар, күрмеуі қиын мәселелер күтіп тұр. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, осы мәселелерді шеше аламыз», – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Тұрғындармен есептік кездесуінде экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмады. Облыс әкімінің сөзінше, Орал қаласындағы «ICMRecycling» ЖШС былтырғы жылдың бірінші кезеңінде қалдықтарды сұрыптау желісін іске қосты. Биыл осы серіктестік қалдықтарды қайта өңдеуді бастайды. Компания басшылығы «биыл қалдықтың жануы орын алмайды» деп уәде беріп отыр. Ғали Есқалиев аудан басшыларына қоқысты белгіленген орынға жинауды және қатты қалдықтарға арналған полигондарды ұйымдастыруды тапсырды.

Өңір жетекшісі Жайық өзені суының тартылуын өткір мәселелердің бірі деп атады. Былтыр өзен суының деңгейі 240 см құрады. Соңғы 50 жылдағы су деңгейінің орташа көрсеткіші бес метрден жоғары болып келді. Бұл мәселе халықаралық деңгейде көтерілгенін, өзеннің экологиялық ахуалы ел үкіметінің бақылауында тұрғанын айтты.

Облыс басшысы Ғали Есқалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне қатысты негізгі көрсеткіштерді қырық минут ішінде баяндап шықты. Өзекті мәселелер бар екенін жасырмады. Халық сұранысына байланысты билік тарапынан басым көңіл бөлінетін бағыт-бағдарды атап шықты. Әкім баяндамасын тыңдаған соң, тұрғындар баспана табу, аутожол жөндеу, ПИК-тер қызметінің сапасының көңіл көншітпеуі, қытай кәсіпорындарының көбеюіне қатысты және аймақтағы экологиялық мәселелерді көтеріп, өңір басшысы әр сауалға байсалды жауап берді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтың есепті баяндамасынан түйген ойымыз, қоғамдық ынтымақ пен мемлекеттік билікке халықтың сенімін нығайту және ел-жұрттың табысын көбейту арқылы халықтың тұрмысын жақсарту басым бағыт болып қала бермек.

Есептік жиында залда отырғандар тарапынан 26 сұрақ қойылды. Төрт сауал жиыннан бұрын орнатылған жәшікке жазбаша түскен. Call-орталық арқылы тоғыз сұрақ қабылданды. Жиын соңында тұрмыстық және жеке басына қатысты мәселелер бойынша жүгінген 15 адамды облыс әкімі жеке қабылдады.

 

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ, Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

 

 Ғазиз ХАЙМУЛДИН,

еңбек ардагері:

–  Ауыл шаруашылығына қатысты мәселелердің шешімі табылып жатқанына көз жеткізудеміз. Әсіресе, жерді тиімді пайдалануға байланысты орнықты шешімдер қабылдануда. Шаруашылығын дамытуға көңіл бөлмейтін қожалық иелерінен жер телімдерін қайтаруды құптаймыз. Шетелдік компаниялардағы жергілікті жұмысшылардың үлесін көбейту, еңбекақысын шетелдік мамандардыкімен теңесті-руге қатысты тиісті шаралар қабылдануда. Енді су шаруашылығын дамытуға байланысты алаңдарлық мәселелер бар еке-нін айтқым келеді. Облыс аумағында ірі су магистралы пайдалануға берілді. Бірақ сол каналға су жібереміз деп, Ақжайық пен Жаңақала ауданы бойынша магистраль аумағынан тыс жердегі көлтабандарға су мөлшері жеткілікті деңгейде жіберілмей жатқан сияқты. Оған Жайық өзені деңгейінің төмендеуі де әсер еткен шығар. Бірақ осы мәселені зерделеу керек. Оған қоса, Шалқар көлінің экологиялық ахуалы қиындай түсуде. Соған байланысты су ресурстарын зерттеу жобасы қолға алынды. Зерттеу жүргізіп жатқан жұмыс тобында ғалымдармен бірге мен де бармын. Көлдің маңына аяқтай барып зерттеген ғылыми экспедицияға алғыс айтамын. Зерттеу қорытындысы Шалқар суының тұздылығы артқанын көрсетті. Су айдынында бұрын балықтың 18 түрі болса, қазіргі уақытта жетеуі ғана қалған. Көлдің бұрынғы кел-бетін бірден қалпына келтіру мүмкін емес. Бірақ мәселенің шешімін табуға болады. Шалқар айналасындағы бұлақ көздерін аршу қажет. Табиғи су арналарын қолдан бөгеп тастағанын да көрдік. Көлдің жағалауындағы жабайы туризмге тыйым салу қажет. Шалқардың болашағынан күдер үзбей, көлдегі тіршілікті жандандыруға ықпал етуіңізді сұраймын.

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ, облыс әкімі:

– Шалқар көліне қатысты былтыр ғылыми зерттеу жүргізілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес көлді сақтап қалу жұмысын бастаймыз. Әрине, көлдің табиғи қалпын қайтару – ұзақ мерзімді жұмыс. Облыста су тапшылығы сезілуде. Бірақ аудандарға барғанда, суды үнемді пайдалануға көңіл бөлінбейтінін аңғардық. Жайықтың арнасы суға толатыны-толмайтыны әлі белгісіз. Көлтабандарды сақтауға байланысты Казталов ауданы бойынша жақсы мысал келтірейін. Осы аудандағы бір көлтабанды жөндеуге 130 миллион теңге бөлінді. Кәсіпкер жөндеу жұмысын аяқтауға өз қаражатын бөлуге келісім берді. Қазіргі уақытта Талдыапан ауылы аумағындағы 3 мың гектар жерді суландырып отыр. Ауыл шаруашылығына қатысты жерлерін суландыру жүйесін дамытуға ниетті инвесторлар табылса, көмектесуге дайынбыз. Ал барлық су тоғаны мен көлтабанды жөндеуге қаражат тапшы. Сондықтан аудандарға барғанда, бұл бағытта бизнес иелеріне бірлесе жұмыс істеуді ұсынудамыз.

 

Әленғали КЕРЕЕВ,

Ақжайық аудандық ардагерлер ке-ңесінің төрағасы:

– Теректі ауданының Ақжайық ауылынан Атырау облысының Дендер ауылына дейінгі аралық 300 шақырым. Қос ауыл арасындағы жол бойында бірде-бір жанар-жағармай бекеті жоқ. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Ауылдық елді мекендерде тұрғын үй мәселесі өте күрделі жағдайда. Болашақта халқы тұрақты, демографиялық өсім байқалатын ауылдарға баспана салынса деген ұсынысым бар. Үшіншіден, Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында Қ.Байсықов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп апатты жағдайда. Осы мектептің орнына жаңа мектептің құрылысы қашан басталады?

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

облыс әкімі:

– Жанар-жағармай бекеті бойынша аудан әкіміне инвестор табуға тапсырма беретін боламын. Әлеуеті жоғары, халық саны артып жатқан  аудандарда  тұрғын үй салынуда. Бұл болашақта да жалғасын табатын болады. Облыста жалпы 400-ге жуық мектеп бар. Оның 12-сі апатты жағдайда. Барлығының жағдайымен таныспын. Мәселе біртіндеп шешіледі.

 

Қозыкеш ОМАРОВ,

денсаулық сақтау саласының ардагері:

– Облыс халқы Жаңақала ауылындағы ауданаралық сауықтыру орталығына баруда қиындықтарға тап болуда.

Яғни тұрғындар орталықтан ем алу үшін арнайы порталға тіркелуі керек. Бірақ порталға тіркелу жүйелі атқарылмауынан көбі тіркеле алмай жүр. Өйткені сауықтыру орталығына бұрын аяқ-қол буындарына қажетті ем алу бағытында жатқызылса, қазір кардиология мен жарақаттан кейінгі емге басымдық берілуде. Соған орай Жаңақаладағы ауданаралық сауықтыру орталығы жабылып қала ма деп уайымдаймын.

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

облыс әкімі:

– Қозыкеш аға, порталдың неге жұмыс істемей тұрғанын анықтап алып, сізге нақты жауабын айтамын. Жаңақаладағы ауданаралық аурухана жабылмайды. Ауруханадағы жұмыстың жүйелі жүруін бақылауға  алатын  боламын.

 

Ирина ЛОГИНОВА,

Орал  қаласы:

– Орал қаласындағы жалпы орта білім беретін №31 мектептегі ата-аналар кеңесінің төрайымымын. Екі жылдан бері бұл мектеп ғимараты сүріліп, жаңа мектеп салынатындығы айтылуда. Алайда оқушылар әлі күнге дейін апатты мектепте оқып жүр. Мектеп төбесінің сылақтары түсуде, қабырға тастары құлап жатыр. Спортзалдың ағаш едені ырық-жырық. Бұл мәселе тез арада шешілсе екен деймін. Екіншіден, облыс орталығындағы Ақтөбе, Чкалов көшелері жарықтандырылмаған, жол бойына жаяу жүргінші жолағы да салынбаған. Бұл аумақта қоқыс та шашылып жатады. Қоқыс-қалдықтарды тиейтін жүк көліктері екі аптада бір келеді.

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

облыс әкімі:

– Жалпы білім беретін №31 мектептің жағдайымен таныспыз. Сараптамадан өткеннен кейін, жеке инвесторлар іздейміз. Бұл мектептің жағдайы бақылауымда. Қала көшелерінің жарықтануы мен жаяу жүргінші жолағын салуды Орал қаласының әкіміне тапсырамын.

 

Қуандық СҰЛТАНОВ,

Орал қаласы:

– Орал қаласындағы жаңадан бой көтеретін Ақжайық шағынауданы туралы білгім келеді. Көпір салына ма? Жаңа шағынауданға тұрғын үйлерді салу қарқыны қалай  жүргізілуде?

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

облыс әкімі:

– Жаңа көпірдің жобалау жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Құрылыс жұмыстарына қатысты қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр. Биыл құрылыс жұмысы басталмайды. Ақжайық шағынауданына көпір керек. Шағынаудан құрылысының инфрақұрылымын өткізуге төрт миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Жеке компаниялар сол жерлерге көпқабатты үй салу үшін қызығушылық танытып отыр. Қазір шағынаудан аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

 

Айнаш  МАХАМБЕТОВА,

Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенті:

– Өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін жатақхана мәселесі толғандыратыны жасырын емес. Әсіресе, жоғары курс студенттері қымбат бағаға пәтер жалдауға мәжбүр. Осы орайда оқу орындарына жатақхана қашан салынатынын білгім келеді.

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

облыс әкімі:

– Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенттеріне арналған екі жатақхананың құрылысы былтыр басталды. Біреуі 180, екіншісі 50 орындық. Құрылыс жұмыстары биыл жазға дейін бітеді. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне арналған 500 орындық жатақхана салынбақ. Сондай-ақ кәсіптік-техникалық колледж студенттеріне арналған 300 орындық жатақхана бой көтереді.

 

Амангелді АҚМУРЗИН,

Деркөл кенттік округіндегі «Қамқор» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

– Алматы, Астана секілді ірі  қалалардағы ардагерлерге қоғамдық көлікте те-гін жүру қарастырылған. Бұл жобаны біздің облыста қолға алуға мүмкіндік бар ма? Екінші сауалым, Кеңес үкіметі кезінде Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығы өркендеп дамып еді. 1990 жылдың 1 қаңтарында жарияланған мал санағының статистикасы бойынша, Батыс Қазақстан облысында 701 мың мүйізді ірі қара, 2 миллион 365 мың қой, ешкі және 100 мың жылқы болған. Әсіресе, Бөкей ордасы, Жаңақала, Казталов аудандарында  жылқы саны көп еді. Қазір облыс бойынша санаулы шаруа қожалық болмаса, дені мал шаруашылығымен айналыспайды. Осы орайда өңірімізде мал шаруашылығын дамыту бойынша қандай жұмыстар  атқаруды  жоспарлап  отырсыз?

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

облыс әкімі:

– Қалаішілік қоғамдық көліктерде арда-герлердің тегін жүруін қоғамдық кеңесте  кешендіталқылайтын боламыз. Орал қаласында қоғамдық көлікке қатысты мәселелер өте көп. Егер қоғамдық кеңес мүшелері мен облыстық мәслихаттың депутаттары қолдаса, инвестор іздейміз. Өйткені оған кемі 500 миллион теңгедей қара-жат керек болады. Жаңа аутобустар сатып алуға тура келеді. Бұл мәселені жан-жақты зерттеген соң сізге хабарын айтамын. Ардагерлерге қала ішінде тегін жүруге мүмкіндік жасай алмасақ, белгілі бір бөлігін субсидиялап, арзандатылған жолақымен жүруді қарастыратын боламыз. Ал мал шаруашылығына тоқталсақ, өңіріміз етті бағыттағы ірі қара мал басы бойынша республикада екінші орында. Біз малдың санына емес, ең бастысы, сапасына ден қойып келеміз. Облысымызда асыл тұқымды ірі қаралар жерсінуде. Ауыл шаруашылығын қолдау  бағытында  субсидиялар  берілуде.

 

Асқар ШАЙҚҰМАРОВ,

Орал  қаласы:

– Шаған өзені арқылы өтетін көпір салуға көптеген тұрғындар қарсы болды. Меніңше, көлік ағынын өзімізде бар көпірлер арқылы немесе айналма жол салып шешуге болады. Көпір салуға бөлінген қаражат мұқтаж адамдарға тұрғын үй, мектеп салуға жұмсалғаны дұрыс болар еді.

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

облыс әкімі:

– Бұл – сіздің жеке пікіріңіз. Алайда бізге көпір салуымызды сұрап, Зашаған кентінің тұрғындары жиі келеді. Біз бүгіндері шағынаудан құрылысын бастау үшін, инфрақұрылым салу үшін инвесторларды қарастырудамыз. Тек шағынауданның құрылысы басталғаннан кейін көпір салуды бастауға болады. Өз басым көпір қажет деп есептеймін. Бірақ біз көпір салуды биыл бастамаймыз, оның  себебін жаңа айттым.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы:

– Оралда Қасым Аманжоловтың үйі бар.  Бірақ ол үй өзге біреудің меншігінде. Біздің арқалы ақын Қасымға деген құрметіміз сол үйге тақтайша қағумен шектеліп тұр. Мүмкін болса, сол үйді Қасым музейіне айналдырсақ дейміз. Батыстан шыққан ақын, батыр Абдолла Жұмағалиев – Сырым елінің тумасы. Қан майданға кіріп, Мәскеудің түбінде жау қоршауында қалып, өртеніп мерт болды. Отан үшін отқа түскен осындай батырымызға Халық Қаһарманы атағы берілуін  сұраймыз.

 

Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

облыс әкімі:

– Айтуыңыз орынды, біз мүмкіндіктердің бәрін қарастырамыз. Абдолла Жұмағалиевке атақ алып беру үшін зиялы қауым бірлесіп ұсыныс берсеңіздер, мен Президентке  жолдауға  дайынмын.

 

Бекнұр СРАЖАНОВ,

Орал  қаласы:

– Біздің өңірде қытайлықтармен бірлескен қанша зауыт немесе кәсіпорын салынып жатыр? Белес және Тайпақ ауылында қытайлықтар зауыт салып жатыр деген әңгіме бар. Бұл қаншалықты рас?

 

Ғали Есқалиев,

облыс әкімі:

– Әзірге қытайлықтармен бірлескен компаниялар жоқ, салынып жатқан нысандар бар. Олардың бірі қытайлық инвесторлар жасап жатқан ақпараттық сервер. Бірақ ол жерде қытайлық жұмысшылар жоқ. Бұл керек жоба. Қазіргі күнде 30-ға жуық жас маман жаңа технологияларды үйреніп, жұмыс істеуде. Ақжайық ауданындағы жұмыс орны туралы нақты ақпарат жоқ. Инвестор өзгеруде, құрылыс жұмыстары қашан басталатыны белгісіз. Ол жерде бірнеше жұмыс орны ашылмақ. Біз негізінен жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасқанын қадағалаймыз.