31.01.2020, 15:14
Қараулар: 167
Батыр рухына тағзым

Батыр рухына тағзым

Қаңтардың 29-ы интернационалист-жауынгер, Кеңес Одағының Батыры, Ресей Федерациясының Қаһарманы Қайыркелді Майдановтың қаза тапқанына 20 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті.

Оған Қайыркелді Сайынұлының тума-туыстары, Ауған соғысының ардагерлері, әскерилер, әскери-техникалық мектептің курсанттары, БҚАТУ-дағы әскери кафедрада тәлім алып жүрген студенттер қатысты.

ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің Орал филиалында болған шараны ашқан Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің облыстық қоғамының төрағасы Беркінғали Ғабделовтың айтуынша, даңқты тікұшақшы жерлесіміздің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Осындай еске алу шарасы жыл сайын ұйымдастырылып жүр. Жалпы, жұртшылықтың Қайыркелді Майдановқа деген құрметі зор.

– Қайыркелді Майдановтың әскери ісін, ерлігін жас ұрпақ білуі тиіс. Сол себепті осы бағыттағы әскери-патриоттық шаралар қолға алынуда. ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебінің Орал филиалы ғимаратының алдында даңқты жерлестерімізге арналған кеуде мүсіннің тұруы жас ұрпаққа, соның ішінде әскери-техникалық мектепте оқып жүргендерге жауынгерлік рух беретіні сөзсіз, – деді БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Марат Есенов.

Қайыркелді Сайынұлының туысқаны, белнемере інісі Серікболат Ешевтің айтуынша, Кеңес Одағының Батыры атағын ең соңғы болып алған Қ. Майдановты барлық туысқаны мақтан тұтады. Оның өмірі, ерлігі үлгі-өнегеге толы. «Ағамызды ұмытпай, жыл сайын осындай шара ұйымдастыруға ұйытқы болып жүргендерге айтар алғысымыз зор» дейді ол.

Шара соңында Қайыркелді Майдановтың мүсініне гүл шоқтары қойылды.

Мәди ЫҚЫЛАС

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар