31.01.2020, 15:03
Қараулар: 300
Екеуі  «40 жылға»  сотталды

Екеуі  «40 жылға»  сотталды

Кеше БҚО қылмыстық істер жөнінде мамандандырылған ауданаралық сотында кісі тонап, бірнеше рет өзгенің мүлкін ұрлаған, сонымен қатар екі бірдей адамның өмірін қиған Алексей Гиганов пен Евгений Леонтьевке үкім шығарылды. Аталған іске қатысты үкімді судья Бақыт Ермаханов оқыды.

Айта кетейік, айыпталушы екі азамат қала маңындағы бір ауылда дүниеге келіп, бала кезінен бірге өсіп, жақсы дос болған. 1994 жылы дүниеге келген А. Гиганов бұған дейін үш рет сотталған. 2013 жылы жасаған қылмысы үшін бес  жылға қамалса, мұнан кейінгі жасаған бұзақылығы үшін екі рет істі болған. Еш жерде жұмыс жасамайтын, бойдақ жігіттің бұл төртінші рет сотталуы. Оның сыбайласы Е. Леонтьев 1990 жылы дүниеге келіп, 2008 жылы 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Мерзімінен бұрын босатылған соң тағы да істі болып, темір торға тоғытылған.

Екі дос жасаған соңғы қылмыстары үшін жазаларын бірге өтеп, бірі өткен жылдың мамыр, екіншісі маусым айларында түрмеден босатылған. Бостандықтың қадірін әлі де болса түсінбеген екеуі шілде айынан бастап түрлі қылмыс жасаған.

— А. Гиганов пен Е. Леонтьев 10 қылмыстық іс бойынша айыпталды. Оның екеуі адам өлтіруге, біреуі кісі тонауға, қалған жетеуі өзгенің мүлкін ұрлауға қатысты. Айыпталушылардың өтінішімен іс алқа билердің қатысуымен жүргізілді. Бір айға созылған сот процесі барысында олардың жасаған қылмыстары толықтай дәлелденіп, алқа билер күдіктілерді айыпты деп тапты. Е. Леонтьевке жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал А. Гиганов жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 17 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды. Олар өздеріне кесілген мерзімді қауіпсіздігі төтенше  қылмыстық-атқару жүйесі қамтылған мекемесінде өтейтін болады, — деді Б. Ермаханов.

Адам өлтіру дерегіне қысқаша тоқталып өтелік. Орал қаласының іргесіндегі Ысқырықтау маңында жолаушылар садақаға тастаған тиын-тебенді жинап жүрген екеуі сол тірлікпен айналысатын азаматшаны жолықтырады. Жол-жөнекей кездескен үшеу тапқан тиын-тебендерін қосып, арақ-шарап іше бастайды. Ішімдік таусылған соң А. Гиганов тағы да уытты ішімдік алып келу үшін сол маңдағы дүкенге кетеді. Оңаша қалған екеуі сөзге келіп, арада реніш туындайды. Намысына тиетін сөзден ашуға булыққан Е. Леонтьев теріс қарап тұрған әйел адамның басынан бөтелкемен ұрып құлатады. Артынша қолына іліккен ұзындығы екі метрге жуық темір тұрбамен 5-6 рет басынан ұрады. Алынған соққыдан азаматша сол жерде көз жұмады.

Жансыз денені теректердің арасына жасырған Е. Леонтьев дүкеннен келген досына болған жайды айтып береді. Еш жерге хабарламауды ұйғарған екі дос оқиға орнынан бой тасалайды.

Араға төрт күн салып, достар сол маңнан Өзбекстанның азаматын жолықтырып, шарап пен сыра ішу қайта жалғасады. Саналарын ішімдік улаған екеуі кез болған «бөтелкелестерінің» өз бағытына кетуіне қарсылық танытады. Айтқанынан қайтпай, өз жөніне кетпек болған азаматтың әр қимылын мұқият баққан Е. Леонтьев көз ала бере, жәбірленушінің желке тұсынан таспен соғады. Ауыр соққы алған азамат жерге сұлқ құлайды. Осы кезде қолындағы тасты досы А. Гигановқа ұсынады. Ол жерде жатқан адамның басын көк тасқа тіреп қойып, бес рет ауыр соққы жасайды. Сонымен қатар Е. Леонтьев жәбірленушінің мойнындағы бауға байланған пышақты алып, қимылсыз жатқан дененің жүрек тұсынан сұғып алады. Бірі марқұмның күртешесін киіп, екіншісі оның велосипедіне мініп, өз жөндеріне кете барған. Араға бір күн салып,  айыпталушылар тәртіп сақшыларының қолына түскен.

Жастайынан қылмысқа үйір болған екі дос ендігі жерде бірі 17 жыл, екіншісі 23 жыл бостандық көрмейді. Жастары 25 пен 30-ға енді толған жігіттер жастық шақтарын темір тордың ар жа-ғында өткізбек.

Сот үкімі  заңды  күшіне  енген жоқ.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар