31.01.2020, 15:02
Қараулар: 666
ШАЙТАНСУ  ШАЙҚАҒАН  ШАҢЫРАК

ШАЙТАНСУ  ШАЙҚАҒАН  ШАҢЫРАК

Қоңырау соғылып, соңғы алтыншы сабақ та  аяқталды. Басқа құрбылары секілді есікке  асыға ұмтылған Дина қалт тұра қалды. Бүгін орыс әдебиеті пәнінен сабақ беретін Анар апайы өзін мақтап, жазған шығармасын жоғары бағалаған еді. Көңілі көтеріліп, осы қуанышын анасына айтпақшы болып асыға берген. Бірақ көңілі лезде пәсейіп қалды. Есіне үйдегі түнде болған жағдай орала кеткен еді. Қазір барғанда да тап сол көрініс қайталанар ма екен? Әкесі қайда? Анасы не күйде екен? Динаның ойын құрбысы Дарияның «Дина, не істеп тұрсың? Үйге қайтпаймысың?» – деген дауысы бөлді. «Дария, сен бара бер.

Мен жолдан әжемнің үйіне соғамын», – деген Дина құрбысына өтірік айта салды. Ал өзі мектептен шыққан бойда үйіне күнделікті баратын жолмен емес, басқа айналма жолмен кетті. Кешегі үйде болған жағдай есінен кетпей-ақ қойды. Тіпті көзі жасқа шыланып, шарасыздықтан жылағысы келді. Өзінің бұл дәрменсіз күйін құрбыларына көрсеткісі жоқ…

Ішіп алса, аузына келгенін айтатын әкесі арақтың алдындағы әлсіздігін мойындамай-ақ қойды. Әкесі өзінің мұндай сүйкімсіз қылығын, тіпті жиіркенішті түрін көргісі келмей, теріс қарайтын Динаға өзінше шамданып, «Сен маған қызымды қарсы қойып отырсың» деп анасына тиісетінді шығарды. Тіпті «Алма алма ағашынан алыс түспейді» деп мақалдап, қызына да ара-тұра кіжінетін болған. Әйтеуір әкесі қызының алдында қадірін түсіріп жүргенін түсінбеді. Дина осыған күйінеді. Бұл ойын әкесіне талай рет ренжіп те айтқан еді. Бірақ сүйіп қосылған жарының, тіпті өзін дүниеге әкелген анасының тілін алмайтын әкесі мұның сөзін құлағына да ілетін емес. Кеше түнде де дәл осы жағдай қайталанған-тұғын. Ішімдікке сылқия тойып келген әкесі әбден мазаларын алды. Былапыт сөздерден құлақтары тұнды. Тамағын пісіріп, киімі мен үй ішін таза ұстап, әкелген ақшасын ұқсатып, үйде жұмыссыз отырған анасына не үшін тиісе беретінін түсінбейді. Әрі-беріден соң азық-түлік дүкенінен басқа сауда орнына бармайтын анасын өзінің көлеңкесінен де қызғанады. Анасын тілдеп, орынсыз тиісетіні мұның жанына батады. Динаға кейде бойжетіп, өзі де біреудің етегінен ұстап ұзатылғанда, мұның да сенім артқан жары осындай өнер шығарады ма екен деген де ой келеді.

Дина жас та болса, араққұмар ер-азаматтың арсыздыққа біртабан жақын тұратынын ерте түсінді. Ес білгелі көріп келе жатқаны осы көрініс. Ішімдік ішпеген кезде әкесінен жомарт, әкесінен мейірімді жан жоқтай көрінеді. Ал  аузына арақ тиді дегенше… бұлардың өмірі аласапыранға айналады. Өз әкесінің мұншалықты өзіне  сүйкімсіз көрінгеніне іштей қынжылады.

«Менің әкемнің ойында қадір-қасиет деген ұғымдар қалды ма екен? Қызының алдында қадірін жоғалтып алғанын  біледі ме екен?» деген терең ойлармен санасы сан-саққа жүгірген Дина өзі тұратын үйдің подъезінің алдына келіп қалғанын бір-ақ байқады. Бойы дел-сал болып әбден қалжырағаны, тіпті қарнының ашқаны да енді есіне түсті. Таңертең үйден нәр сызбай шыққан еді.

Анасына хабарласып көретін, телефонын үйде ұмыт қалдырғанын ертеңгілік мектепке барғанда бір-ақ білген еді. Бұл жолы подъезд есігі кілттенбей тұр екен. Енді жайлап басып, жетінші қабатқа көтеріліп келеді. Пәтердің есігінің алдына келіп, сәл кідірді. Үй іші жым-жырт. Кенет есіктің іштен кілттенбей, ашық тұрғанын байқады. «Әкем анама қол көтеріп, жазым етіп қоймаса етті!?». Әп-сәтте дәл осы суық ой бүкіл жан-дүниесін шарлап кеткен Дина жүрегі алып-ұшып, есікті қалай жұлқа ашқанын байқамай да қалды. Дәлізге кіріп келгенде, есікке қарсы орналасқан асүйден шыға келген анасын көріп, өрекпіген жүрегі орнына түскендей болды. Астан-кестен болған қонақ бөлменің ортасында шалқасынан түсіп ұйықтап жатқан әкесін көзі шалды. «Есіктің қоңырауын басқанда әкең оянып кетпесін деп әдейі ашып қойдым», –  деп анасы тамақ ішуге шақырғанда барып, өзін зіл батпан ойдан арылтпақ болып, көзін әкесінен тайдырып әкетті. Ұстазының өзін мақтағанын айтқысы кеп оқталғанымен, анасының шаршаңқы жүзін көріп, айнып қалды. Үйдегі бұл тірлікке қарамастан, сабаққа ден қоюы керек. Өйткені биыл мектеп бітірмек.

Сол күннен бері бес айдай уақыт өте шықты. Бұл аралықта талай ұйқысыз түндер, мазасыз күндер өтті… Бір күні арақты көп ішкеннен шығар, әкесі қатты ауырып, бір апта үйде жатты. Сосын «арақты қойдырады» деп жұрт көп айтатын бір емшіге қаралып, түзеле бастаған еді. Соның әсері шығар, ішімдікті аузына алмай жүрді. Үйде  тыныштық орнап, анасының да көңілі жай тапты. Талай жылғы, күн сайынғы көрген мазасыз тірлік, айқай-шу, ұрыс-керіс бір сәтке ұмытылғандай еді. Тіпті ондай күндер бұлардың басынан өтпегендей де… Бірер айдан соң анасы жұмысқа орналасып, қуаныштары молайды. Бұған Дина қатты қуанды. Үйде қамалып отырмай, басқа қыз-келіншектер секілді енді мұның анасы да әдемі киініп, жұмысқа барады. Әкесі мен анасы жарасымды жұп болып қонаққа барып, көңіл де көтеріп жүрді.

Алайда Динаның қуанышы ұзаққа созылмаған еді. Емшінің «енді бір жылға дейін ішімдік ішпейді» деген әкесі ескі әуенін қайта  бастады. Алған емінің «күші» бітті ме, әлде әкесі өзін-өзі ұстай алмады ма, ішімдікке деген құмарлығы бұрынғыдан да «күшейіп» кеткендей. Ертең соңғы қоңырау болады деген күні әкесі «кезекті концертін» қойды. Тіпті болмаған соң, мамасы өздеріне жақын тұратын әжесі мен әкесінің бауырларын да шақыртты. Олар сөздерін құлағына да ілмеген  әкесіне жылы да сөйлеп, қатты да айтып, соңында мұның анасын кінәлағандай кейіп танытып, кетіп қалды. Сол күні түнімен жанжалдасқан әкесі таң қылаң бере көшеге кетіп, құлақтары тынышталғанмен, жүректегі реніш пен қорқыныш басылмады, көңілге алаң кірді… Ал Дина болса, әкесінің туыстарымен сол күннен кейін қатынасын үзді. Көңілі қалып, ренжіді. Олардың мұның анасына ретсіз сөз айтып, әкесінің арақ ішкеніне кінәлай сөйлегендерін түсіне алмады. Кешіре де алмаған еді.

Дина қазір студент. Бір ішкенде әкесі үйдегі мүлікті сатып жібергеннен кейін анасы басқа қаладағы Динаның қасына келген еді. Анасы мен әкесінің заңды түрде айырылысуын Дина алғашында қаламағандай, әйтеуір түсініксіз сезімде жүрді. Он сегіз жыл шаңырақ құрған қадірлі адамдарының екіге айырылғанына шынымен қиналды. Кейіннен анасының осынша жыл әкесінің араққа салынған мазасыз тірлігіне көніп келгенін, бұл тірлік өзінің де өміріне жағымсыз әсер еткенін ойлады. Талай рет тұңғиық ойға батты… Уақыт өте келе анасының шешімін құп көрді. Қазір ұйқылары тыныш, көңілдерінде «Қазір не болар екен?» деген үрей жоқ. Тек әкесінің ішіп алғанда бұларға тіл тигізе жаман сөздер айтып, кейде жалынып қайтып келулерін сұрап ара-тұра хабарласатыны болмаса… Дина енді тек анасының жанында жаңа өмір бастағысы келеді. Ал әкесін енді көре ме, кешіре ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз…

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар