31.01.2020, 14:57
Қараулар: 123
Қазақтың   қаһарман  қыраны

Қазақтың   қаһарман  қыраны

…2000 жылдың 29 қаңтарында Қайыркелді (Николай) Майданов жетекшілік ететін «МИ-8» тікұшақшылар тобына Солтүстік Кавказдағы Аргун шатқалына десантшыларды жеткізу туралы әскери тапсырма берілді. Діттеген жерге десанттарды  жеткізген сәтте қарсыластар тарапынан оқ қарша борап, әуежай базасына кері қайту туралы шешім қабылданады. Биікке көтерілу кезінде ауыр жараланған «МИ-8» тікұшағының командирі Қайыркелді (Николай) Майданов жерге қонып үлгермей, қан кету салдарынан әуеде жан тапсырды. Әскери операция аяқталған кезде тапсырылған қысқаша хабарламада осылай баяндалған. Кейінірек көзкөргендер, дәл сол жауынгерлік ұшу операциясына қатысушылар тарапынан бұл оқиға жан-жақты толықтырылып, нағыз аңызға айналды.

Әскери тікұшақшы Қайыркелді Майдановтың кәсіби шеберлігінің түп тамыры өте тереңде. Ол 1956 жылы 7 ақпанда Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Жымпиты ауданына қарасты Тасқұдық ауылында көп балалы жанұяда дүниеге келген. Әкесі Сайын Сағындықұлы көлік жүргізуші болса, анасы Галина Людвиковна үй шаруасымен айналысқан. Екі қыз бен бес ұлдың тәрбиесі, отағасының қас-қабағына қарап, бабын табу мен үйдегі барлық шаруа отанасының мойнында болатын. Көп балалы отбасы тірлік кешкен Шағатай ауылына егістіктерді өңдеу үшін «АН-2» санитарлық ұшағы келген кезде Қайыркелдінің аспан әлеміне деген қызығушылығы оянып, әуеде қалықтау туралы балаң арман көңілінде қылаң береді. Сол арманның жетегіне еріп, Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылдық округінің орталығындағы  Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірген бойда бала кезден жан досы Алексей Шурихин екеуі Ақтөбе азаматтық авиация училищесіне оқуға құжат тапсыруға аттанады. Алайда Алексей медициналық тексерістен өте алмай қалды. Жолдасын жарты жолда қалдыруды жөн санамаған Қайыргелді медтексерістен өтіп тұрса  да, оқуға тапсырмайды. Кейін көлік жүргізушілікті меңгеріп, 1974-1976 жылдары Германиядағы Кеңес әскерінің құрамында жедел әскери қызметте болған кезінде бас-шылықты «ГАЗ-469» көлігімен тасымалдаған. Балаң күнгі арман жанына маза бермей, ол ақыры 1976 жылы Саратов жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесіне оқуға қабылданып, 1980 жылы аталмыш оқу орнын тәмамдайды. Әскери училищеде бірге оқыған жолдасы Василий Чернобук Николайды сенімді жолдас, қиын-қыстау кезде қолұшын созуға дайын тұратын жанашыр  жан ретінде сипаттайды. Курсанттық фотосуреттердегі орта бойлы, мығым денелі жігіт өз орта-сында сыйлы, тәртіпке бекем болыпты, сабағын да өте жақсы оқыған. Әскери оқу орны оның бітім-болмысында ер-азаматқа тән мінез қалыптастырып, болашақ ұшқыш жоғары адамгершілік-жауынгерлік қасиеттерді санасына сіңіреді. Қайыркелді 1977 жылдың 12 мамырында «МИ-8» оқу-жаттығу ұшағымен алғаш рет әуеге көтерілді. Қуанғаннан көзіне жас алып, көңілі толқыған жас жігіттің жан-дүниесіндегі аласапыранды көпті көрген нұсқаушы айтқызбай-ақ ұқты. Сөйтіп, бала күнгі арман көп жылдан кейін осылайша жүзеге асқан-ды.

Оқу орнын бітіргеннен кейін әскери қызмет басталып, жас сардар (офицер) батыстан шығыстағы Забайкал әскери округіне, кейіннен қиыр оңтүстіктегі Түркістан әскери округіне жолданады. Қайыркелді-Николай үш жыл қатарынан басшылыққа ауыр әскери-транспорттық «МИ-6» тікұшағынан оңтайлы «МИ-8»-ге ауыстыру туралы рапорт жазып, біраз жылғы әуре-сарсаңнан кейін дегеніне жетеді. Қиындықпен қолы жеткен «МИ-8» тікұшағын ол еркелетіп «Пчелка» деп атайтын болған. Жыл санап әскери қызметте қауіпті жайттар легі артты. Сол кезде Ауғанстандағы әскери іс-әрекеттердің жүріп жатқанына төртінші жыл болатын. Айнала тау-құз, қатпар-қатпар жартастар мен шатқал-шыңдарда тікұшақтың маңызы зор-тұғын. Осы ретте тікұшақшылар экипажы таудағы қиын климаттық жағдайларға  мойынсұнбай, асқан ерлік пен асқақ рух көрсетті. Оқыстан тиген жау оғы 1,5 тонна керосин тиеген 11 тонналық әскери машинаны тып-типыл қылатын. Осындай кескілескен шайқас кезінде оққа ұшса да, ерліктері ескерілген алғашқы тікұшақшы батырлар әскери ордендермен марапатталып, мемлекет басшылығы тарапынан ерліктері лайықты бағаланды. 1982 жылы ұшқыштар арасында алғаш рет жерлесіміз, Сызрянь жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесінің түлегі Фарит Шагалеевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қайыркелді Майданов алғаш рет Ауғанстанға әскери іссапармен барған 1984 жылдың өзінде 76 тікұшақшы мерт болды. Ал 1980 жылдан бастап 1985 жылдың соңына дейінгі уақыт аралығында 327 ұшқыш пен 140 тікұшақ жау оғының құрбанына айналған.

1984 жылдың қыркүйегінен бастап 1985 жылдың желтоқсанына дейін созылған Ауғанстанға алғашқы сапары кезінде Сайынның Қайыркелдісі нағыз от пен оқтың ортасында жүрді. Жауынгерлік ұшу тапсырмалары аяқталғаннан кейін ол мінген «МИ-8» тікұшағын тексерістен өткізген техниктер аң-таң қалған екен. Олар өн бойын оқ тесіп, жұлым-жұлым болған әуе көлігінен жауынгердің аман түскенін ғажайыпқа балаған.

26 қыркүйек 1984 жыл. Шат-қал арасында шайқасып жатқан десантшылардың қару-жарағы, азығы мен ауыз суы таусылады. Оның үстіне жараланғандарды жедел емдеу мекемесіне жеткізу қажет. Тар шатқалдың аузында дұшпандардың зеңбіректі-таулы қондырмалары қойылған. Жауынгерлерге қараңғы түсе жақындау жөнінде шешім қабылданып, алғаш рет эскадрилья түн жамылып ұшпақшы болады. Шатқалдағы сарбаздар әлсіз жарық арқылы белгі бере алады, ал тікұшақшыларға жарық жағуға мүлдем болмайды. Көзге түртсе, көргісіз тас қараңғыда тікұшақ шаңтозаңды бората келіп қонады. Тікұшақтың жарығын тек қонғаннан кейін ғана жағуға рұқсат етілген. Бұлардың жанына қатарлас келіп қонған екінші «МИ-8» тікұшағы қауіпсіздік шараларын мүлдем естен шығарыпты. Мұндайда кез келген қате қадам адам өміріне зор қауіп-қатер төндіре-ді емес пе?! Келген тікұшақтар қару-жарақ пен азық-түлікті түсіріп, қаза тапқандар мен жара-ланған жауынгерлерді тиеп әкетті. Тура сол жауынгерлік ұшу Николайдың жадында мықтап сақ-талды. Өйткені дәл осы сәтте ол жауынгерлік операциялардың нақ ортасынан табылып, соғыс-тың қауіпті демін сезінді.

Әскери ұшқыш болу әсте оңай емес. Ол үшін адам әрқашан қауіп-қатерге дайын, қайсар да батыл болуы тиіс. Қайыркелді Майдановтың әскери кәсіби шеберлігі 50-ден астам жауынгерлік операцияға қатысып, 200-ден астам сағат бойы әуеде қалықтаған сәтте шыңдалды. Гардеза ауда-нында 3450 метр биіктікте жан-жақтан дұшпанның қоршауында қалған Ауған арнайы жасағын аман алып шықты. Бағлан әскери операциясы кезінде бейбіт тұрғындарға зиян келмейтіндей етіп бомба тастау қажет болды. Тиісті аумақты шолу кезінде тікұшаққа жау тарапынан оқ жаудырылса да, тапсырма мінсіз орындалды. 1985 жылдың 16 тамызында Ауғанстанға бірінші сапарының соңына таман Қайыркелді Майдановтың өңірінде алғашқы әскери марапаты – Қызыл  Жұлдыз  ордені  жарқырады.

1985 жылы ол Кеңес одағына қайтып оралды. Бір жылдан астам уақытқа созылған соғыс жағдайынан кейін ұшқыштың тынығып, денсаулығын нығайтуы қажет болатын. Оған қоса отбасы да екі көзі төрт болып күтулі еді. Күнделікті күйбең тірлік пен әскери өмір ашық аспан, бейбіт күн аясында өтіп жатты. Көп ұзамай Майдановтың жауынгер жолдастары жиі ойға оралып, әуеге құлшынысы жанына маза бермейтін болды. Сөйтіп, Ауғанстанға іссапарға жолдау туралы рапорт жазып, 1987 жылдың сәуірінде Пәкістанмен шекарадағы Газни ауданына майданға жолданады. Барлық жауынгерлік ұшу операциясы барлау, қару тасыған керуенді тауып, көзін жоюмен байланысты болды. Сол себепті де төменірек, 15-50 метр арақашықтықта ұшуға тура келді.

Дұшпандардың қару-жарақ тасымалын тоқтату біздің тараптағы мыңдаған сарбаз-сардардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін. Осылайша Қайыркелді Майданов дұшпанның он керуені-нің жолын кесіп, діттеген жеріне жеткізбеді. Жаңағы керуендер әкеле жатқан қарайған қару-жарақтың ішінде төрт «Стингер», екі «Блоупайпа», 56 «Стрела» болған екен. Бұлардың барлығы – АҚШ, Англия және Қытайдан жөнелтілген жылжымалы зеңбіректі-зымыранды кешен, көпте-ген ату құралдары, гранатомет және оларға қосымша оқ-дәрі.

Әскери саладағы ерлігі үшін Қайыркелді Майданов 1987 жылдың 12 қарашасында «Жауынгер-лік Қызыл Ту» орденімен, ал 1988 жылы 5 мамырда үшінші деңгейлі «КСРО Қарулы Күштері қата-рында Отанға қызмет еткені үшін» орденімен марапатталды.

Ауғанстаннан әскерді шығару басталған кез. 40-шы әскердің жетінші қолбасшысы Борис Громов «Магистраль» әскери операциясын дайындаған болатын. Ал қарсы тараптың командирлері Хост шаһарына баратын жолды бұғаттап тастаған. Осылайша олар елді мекеннің тұрғындары мен сол жердегі әскерлерді аштыққа ұрындырып, Ауғанстанның ішкі аймақтарына Пәкістаннан келген қару мен оқ-дәрілерді алып өтпек болады. Бұған жол бермеу үшін 1987 жылдың қараша айында талантты қолбасшы Борис Громовтың ұйымдастыруымен ең ірі әскери жауынгерлік операция басталды. Алғаш рет сабаннан жасалған «сарбаздар» – манекендерді түсіру тәсілі қолданылды. Ұшақтан жерге түскен «сабан» сарбаздарға қарсы тараптан оқ қарша жауды. Осылайша дұшпанның мықтап жасырылған қорғаныс көздері анықталып, біздің тарап әуеден шабуылдау арқылы олардың көздерін жойды. Кескілескен ұрыс нәтижесінде кеңестік әскерилер Хост қаласына келіп кірді. Нағыз жанкешті батырлар қатысқан «Магистраль» операциясы 1988 жылдың қаңтар айында аяқталды. 7-8 қаңтар күндері №345 гвардиялық парашютті-десантты полкке қарасты 9-ротасының жауынгерлері 323,4 басымдыққа ие биіктігін жанкештілікпен дұшпандарға бермей, ұстап қалып, 12 шабуылда жеңіске жетті. Осы шайқастың соңында 39 десантшыдан бар-жоғы бес жауынгер аман қалса, қалғаны жарақаттанып, алты десантшы ерлікпен қаза тапты. Тап осы шайқаста шейіт болған қос жауынгер – сержант Вячеслав Александровқа және қатардағы жауынгер Андрей Мельниковке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1987 жыл 8 желтоқсан, сағат 12:15-те «МИ-8» және «МИ-24» тікұшақтар тобына шұғыл ұшуға тапсырма берілді, мақсатты бағыт – Пәкістан шекарасы. Радиохабар алмасу барысында Хайркот тауы маңына десантшыларды түсіру кезінде капитандар Александр Евдокимов пен Александр Радаевтың «МИ-8» тікұшақтары жау оғына ұшырағаны белгілі болды.

Қайыркелді Майданов бастаған жұп десантшыларға қосымша күш жеткізіп, экипаж бен десантшыларды кері алып қайтуы шарт.

Жарты сағаттан кейін қос тікұшақ қарсыластар қарша боратқан оқтың ортасында қалады. Тікұшақ-шылар мың сан айлаға салып, шалт қимылдап, жылдамдық пен биіктікті күрт өзгерту арқылы от пен оқтың ортасынан аман өтеді. Майданов мінген жетекші «МИ-8» жерге қона бастаған сәтте айналада мина жарылып, мина жарықшақтары жан-жаққа шашырай бастайды. Қосымша күшті түсіргеннен кейін Қайыркелді оққа ұшыраған тікұшақ экипажы мен жаралыларды тиеп, тиісті ор-нына жеткізді. Жетекші капитан Юрий Кузнецов қалған екінші экипаж бен жаралыларды алып шығады. Ендігі кезекте қоршауда қалған десантшыларды алып шығу міндеті тұрды.  Кейін Қайыркелді Майданов былайша еске алады: «От пен оқтың ортасына екі-үш қайтара кірсем де, десантшыларды көзім шалмады. Төменде – от-жалын шарпыған шайқас, алаулаған айқас. Тек төртінші рет төмендеген кезде көрдім: дұшпандар біздің жауынгерлерді құдыққа ұқсас ойпатқа тақап алыпты. Сол ойпатқа тікелей қондым, тікұшақтың бұрандасы (винт) төбеге сәл-пәл ғана тимей қалады. Енді жарты метр төмендесем, бұрандасыз қалатын түріміз бар.

Десантура жер бауырлап еңбектеп келеді, бастарын көтере алмайды. Менің ойымда бір-ақ нәрсе: бастарын бұранда жұлып кетпесе екен деп тілеп отырмын. Жаралылардың өздері қанға бөгіп жатса да, қаза тапқандар мен оқ тиген жора-жолдастарын сүйрелеп келеді. Санап қалсақ, бір адам кем. Бір кезде жер бауырлап бізге қарай жандәрмен жылжып келе жатқан жора-жолдастарына оқ боратып жатқан дұшпандарға қарсы оқ жаудырып, қарсыластың назарын басқа жаққа бұруға жанын салып кіріскен пулеметшіні көзім шалды. Штурман Валерий Альмаковқа борт-техникті ұшаққа жеткізуді айтып, айқайға бастым. Пулеметшінің қолы шынтақтан жоғары жараланса да, соңына дейін сыр бермепті…».

Бір кезде тікұшақ ұшпақшы болады. Ойпатта кері бұрылу мүмкін емес, тіке ұшса, нағыз шайқастың ортасына түскелі тұр. Басқа таңдау болмағандықтан, Қайыркелді Майданов тіке бағытты бетке алып ұшады. Мұндай қадамды күтпеген қарсы тарап аң-таң болып, бір сәтке атыс тоқтайды. Олар аз ғана сәтте тікұшақ отқа оранады деп күтеді. Шамадан тыс жүктемеге байланысты ол екпін алып қана ұша алатын еді. Ұшу жолағы тар әрі қысқа. Мұндайда тікұшақ жер бауырлап ұшар болса, бұрандасы тасқа соғылып, парша-паршасы шығары анық. Жауынгерлік көлік қинала қозғалып, тікұшақтың шассиі бір сәтке жерден ажыраған сәтте «ұшу жолағы» бітті де қалды. Шыңырауға құлап бара жатқан тікұшақ аз ғана метр қашықтықта бұрандаға қажетті айналымды алып үлгеріп, ақырындап жан алысып, жан беріскен тозақ майданнан алыстай бастады. Дұшпандар соңдарынан оқ жаудырғанымен, енді бәрі кеш еді. Қонғаннан кейін қараса, Қайыркелді Майдановтың тікұшағын 36 жерден оқ тескен екен.

Ерекше батылдық пен ерен ерлік танытып, 46 жауынгерді құтқарғаны үшін Қайыркелді (Николай) Майдановқа 1988 жылдың 29 шілдесінде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1987 жылдың сәуірінен 1988 жылдың мамыр айына дейін жалғасқан Ауғанстанға екінші іссапары кезінде аға ұшқыш, капитан Майданов «МИ-8» тікұшағымен 1250 жауынгерлік ұшуды орындап, 1100 сағат әуеде болды. 85 жаралыны құтқарып, мыңнан астам десантшыны және 100 тонна жүкті діттеген жеріне аман-есен жеткізді. Ауған соғысында қаза тапқан тікұшақшылар туралы естелік кітап мәліметтеріне сүйен-сек, 511 адам қаза тапқаны, тірілей жанып кеткені және 333 тікұшақтың жау оғының кесірінен істен  шыққаны  жазылған.

1988 жылдың 5 қыркүйегінде Кремльде Қайыркелді Майдановқа Ленин ордені мен Кеңес Одағы Батырының «Алтын жұлдыз» медалі табысталды. Марапатты табыстау сәтінде КСРО Сыртқы істер министрі Андрей Громыко: «Қайыркелді Сайынұлы өз өмірін оққа байлап, әскери көлікті шебер меңгеруі арқылы сан мыңдаған десантшылар мен жаралылардың өмірін сақтап қалды. Ұлты қазақ бұл азамат – кеңестік жауынгер-интернационалист, патриот, Отанын қорғау-шы батырдың жарқын үлгісі» – деп атап өтті.

1992 жылы Ю. А. Гагарин атындағы әскери-әуе академиясын тәмамдағаннан кейін Қайыркелді Майданов Қазақстанға оралып, 1997 жылға дейін Тараз қаласында дербес тікұшақ полкінің командирі болды. Кеңес өкіметі ыдыраған кезде қиын шақ туып, ел ішінде дүрбелең басталды. Аласапыран өзгерістің салқыны әскери салаға да тиді.

Ұшу мүлдем тоқтады, техника ескі, жанармай үнемі қат болатын. Ал осы уақытта оның жауынгер жолдастары, «ауғандық» тікұшақшылар Ресейдегі және Солтүстік Кавказдағы контртеррористік операциялардың белортасында жүрген болатын. Көптен бері әуеге көтерілмеген Майданов Ауған соғысында жинаған тәжірибесін айтып, Солтүстік Кавказдағы әскери іс-қимылға үлесін қоспақ ниетін білдіріп, Ресейге қызметке ауыстыру туралы рапорт жазады. Осылайша ол Тараздан кезекті, кейін белгілі болғанындай, соңғы соғы-сына аттанады.

1998 жылдың маусымында  Қ. Майданов Санкт-Петербург маңындағы Агалатово ауылындағы тікұшақ полкінің командирі болып тағайындалады. 1999-2000 жылдары №325 дербес транспорттық жауынгерлік тікұшақ полкінің командирі Қайыркелді Майданов Солтүстік Кавказдағы контртеррористік операцияға атсалысады. Көп жағдайда жетекші көліктің тізгінін полк командирінің өзі ұстайтын. От пен оққа толы Ауғанстан аумағындағы тәжірибесі туралы өз шәкірттерімен бөлісіп отырады екен. Солтүстік Кавказдағы шайқастар үшін кейін Майданов «Ерлік» орденімен марапатталды.

2000 жылдың 29 қаңтарында «МИ-8» тікұшағының бөлімі кезекті тапсырмаға аттанды. Негізгі жауапкершілік әдеттегідей Қайыркелді Майдановқа жүктелді. Десантшыларды түсіру сәтінде олар қарсы тарап жаудырған оқтың астында қалады. Осы сәтте мергеннің (снайпердің) оғы «МИ-8» кабинасының әйнегін тесіп өтіп, командирдің жүрек тұсына қадалады. Жылдамдықты арттыру кезінде тағы бір оқ Майдановтың мойнына тиеді. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, тікұшақ командирі көлікті базаға дейін жеткізді. Оң қапталдағы капитан Деревянко  командирдің денесі ақырындап төмен қарай сырғи бастағанын көреді. Көп қан жоғалту салдарынан ержүрек ұшқыш жерге қонуға бірнеше минут қалғанда әуеде жан тапсырды. Қонуды екінші ұшқыш, капитан Деревянко аяқтады, ал Майдановты госпитальға жеткізуге өте кеш болатын. Ресей Батыры, полковник Дзюба сол сәтті «Николайды көре қалдық, ол менің көз алдымда жан тапсырды. Батыр ұшқышты тікұшақтан алып түскен сәтте әдетте қатал да сұсты көрінетін, бастарынан талай қауіп-қатерді өткерген офицерлердің жанарынан жас көрдім. Бұл күн бәріміз үшін қан жұтқан, қайғыға бөккен күн болды» деп еске алады.

Сол сәтте Қайыркелдінің жасы 44-те болатын. 2000 жылдың 31 қаңтарында полк абыройлы да айбынды командирімен қоштасты. Азалы музыка ойнап, тікұшақтар жылу зымырандарының отшашуын шашып, көк аспанды айнала ұшты. Дәстүр бойынша ұшқыштар оққа ұшқан жолдас-тарымен осылайша қоштасатын. Отбасының өтініші бойынша Қайыркелді Майдановтың денесі арнайы рейспен Санкт-Петербургке жеткізіліп, 2000 жылдың 2 ақпанында Серафимов зиратындағы Батырлар аллеясына жерленіп, көп ұзамай басына ескерткіш қойылды. 2000 жылы 10 наурызда РФ Президентінің Жарлығымен Майданов Қайыркелді Сайынұлына Ресей Федерациясының ең жоғарғы марапаты – Ресей Батыры атағы берілді.

Орал өңірі де төсінде туып-өскен батыр ұлын ескерусіз қалдырмады. 2015 жылдың 28 қазанында Орал қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери-техникалық мектептің алдына Қайыркелді Майдановтың кеудетұғыры орнатылды. Ал қаламыздың солтүстік-шығыс ауданындағы Жауынгер-интернационалистер көшесімен қиылысатын көшелердің біріне Қайыркелді Майдановтың есімі берілді. Сонымен қатар облыс орталығында жыл сайын батырдың есімі мен ерлігін ел-жұрттың жадында жаңғырту мақса-тында грек-рим күресінен жарыс өткізіліп келеді. Қазақ елінің мақтаулы да батыр ұлы Қайыркелді Майдановтың ерлігі – ұрпаққа үлгі, тарих беттерінде қаттал-ған ескірмес ерлік!

Анатолий БОРОВСКИЙ,

Ауған соғысының ардагері,

Орал  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар