31.01.2020, 14:52
Қараулар: 583
Су  мәселесі оңтайлы  шешілсе  екен…

Су  мәселесі оңтайлы  шешілсе  екен…

ҚР  Президентінің  2016  жылғы  5  ақпанда  «Орталық атқару  органдар  басшыларының,  әкімдердің,  ұлттық жоғары  оқу  орындары  ректорларының  халыққа  есеп  беру кездесулерін  өткізу  туралы»  №190  Жарлығы  шыққаны белгілі.  Соны  іске  асыру  мақсатында  барлық  деңгейдегі әкімдердің  тұрғындармен  кездесулері  өткізіліп, аймақтың  әлеуметтік-экономикалық  дамуында  атқарылып жатқан  жұмыстар  жөнінде есеп  беруі  белгіленген  болатын. Соған  сәйкес  29  қаңтарда  Жаңақала  ауданының  әкімі  Наурызбай  Қарағойшин  тұрғындар  алдында  есеп  берді.  Есептік  кездесуге  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  пен  облыстық  мәслихаттың хатшысы  Мәлік  Құлшар  қатысты.

Есепті кездесуден бұрын өңір басшысы аудан орталығында салынып жатырған 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аралады. Жобалық құны 350 204 111 теңге болатын аталмыш нысан биылғы жылдың  15 мамыры күні аяқталуы тиіс. Облыс әкімі құрылыс басында мердігер компания басшылығымен  және жұмысшыларымен кездесіп, жұмыс барысымен танысты. Жұмыстың жоспарға сай жүріп жатқандығын баяндаған құрылысшыларға Ғали Нәжімеденұлы сын-ескертпелерін айтып, құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды. Одан кейін мәдениет үйінде облыс әкіміне аудандағы жастар саясаты мен ресурстық орталықтың жұмысы, ауданда өткен жылы қолға алынған және жоспарда тұрған инвестициялық жобалар туралы  мәліметтер  берілді.

Аудан әкімінің тұрғындар алдында есеп беру кездесуіне еңбек ардагерлері, ауылдық округтердің тұрғындары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласы, жастар және басқа да салалардың қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылық өкілдері қатынасты. Жаңақаланың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алда тұрған міндеттер туралы баяндау үшін алғашқы болып мінберге аудан әкімі  Наурызбай Қарағойшин көтерілді.

Аудан басшысы өз баяндамасында бюджет, ауыл шаруашылығы,  білім мен денсаулық сақтау салалары бойынша атқарылған жұмыстар турасында айтты.

Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Жаңақалада 1315 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген екен. Өткен жылдың өзінде аудан бойынша кәсіпкерлік субъектілері түрлі несиелік ұйымдар арқылы 1,2 млрд. теңге несие алған болса,  «Бастау Бизнес» бірегей оқыту жобасы аясында 306 адам қысқа мерзімді курстардан өткен. Соңғы үш жылдың өзінде жеке инвестициялар есебінен 15 жаңа кәсіпкерлік нысаны пайдалануға беріліп, халыққа қызмет көрсетуде.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, кәдеге аспай, яғни өз мақсатында пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекеттік қорға алып, оларды нарықтық айналымға енгізу міндетін қойған болатын. Бұл бағытта аудан бойынша жер учаскелерін пайдаланбай отырған шаруа қожалықтарына қатысты нақты жұмыстар атқарылуда. Жүргізілген мониторинг қорытындысымен тиімсіз пайдаланып жатырған 28,7 мың га жер учаскелері анықталған. Тексеріс нәтижесінде 26,8 мың га жер учаскесін пайдаланушыларға 1 жыл мерзімге тиісті ескертулер беріліп, 6,2 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Қайтарылған жерлер конкурстар арқылы шаруа қожалықтарына жалға берілуде. Былтыр Жаңақала ауданы  орталығында 3 қабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1047 жер учаскесіне газ құбырын тарту жұмыстары аяқталды. Республикалық бюджет есебінен Чапаев – Жаңақала – Сайқын облыстық маңызы бар аутомобиль жолының 113-130 шақырымы учаскесіне (17 км) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық бюджет есебінен Көпжасар дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

2019  жылы ауданда бұқаралық спортты дамыту, балалар-дың денсаулығын нығайту мақсатында аудандық бюджет есебінен 5 спорт алаңы (Көпжасар, Қырқопа, Пятимар, Бірлік, Қызылоба ауылдары) салынды. Аудан бойынша барлық ауылдық округ орталықтары спорт алаңдарымен қамтылған. Аудан экономикасының негізгі драйвері болып отырған ауыл шаруашылығын дамыту үшін, ең алдымен, су мәселесі оңтайлы шешілуі керек. Осы орайда өткен жылы суландыру жүйелерін қалпына келтіру мақсатында «Төртқұлақ», «Қарасу» лимандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Атқарылған игі істермен қатар, ауданның бүгінгі таңдағы  өзекті мәселелеріне де кеңінен тоқталған Наурызбай Қарағойшин өз баяндамасын биылғы және алдағы жылдарға жоспарланған жұмыстары жөнінде мәлімет берумен  қорытындылады.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіру үшін микрофон аудан тұрғындарына берілді. Алғашқы болып  сауал жолдаған Талғат Мұратов аудан халқымен қатар, аутокөлік санының да көбейіп келе жатырғандығын айтып, жол қауіпсіздігі үшін  аудан орталығындағы көшелерге бағдаршам орнату керектігін және Бірлік пен М. Мирманов көшелеріне жөндеу қажет екендігін айтты. Ал зейнеткер Қымбат Молдаханова газ есептеу қондырғысын ауыстырту зейнеткерге оңай емес екендігін айта отырып, ауылдағы көгілдір отын қызметіне жауапты «РЦКУ-Орал» ЖШС-ның менеджері үстінен шағым айтты. Қырқопа ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасқайрат Төлеуғалиев қырқопалық ағайындардың атынан ауыз су мәселесін көтерді. Одан соң Жаңажол ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Сәрсенғали Набидуллин жаңажолдықтардың төрт жылдан бері мәдениет үйінсіз отырғандығын алға тартып, ауылға клуб салып беруді сұрады. Жаңақала ауылының тұрғыны Исатай Сәрсенов болса жол полицияларының жұмысын тексеру керектігін айта келе, ауыз суды үнемдеу мақсатында аудан орталығындағы аутокөлік жуу орындарын жабу керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ өз пікірін білдіру үшін мінберге көтерілген зейнеткер Жанболат Семенов аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, облыс басшысына өзенкөлдердің кеуіп бара жатырғандығын, көлдерге су жақсы келуі үшін каналдарды тазалау қажет екендігін айтып, дабыл қақты. Пікір айтушылардың қатарынан көрінген Шаһидолла Әбуғали де ауданда атқарылып жатырған жұмыстарға оң бағасын бере келе, аудандағы сауықтыру орталығының жабылып қалу қаупі барын алға тартып, Ғали Нәжімеденұлына осы мәселені өз қадағалауына алуын өтінді. Сонымен қатар Шаһидолла аға қыстақтардағы электр желілерін жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстары жөнінде мәселе көтерді. Аудан тұрғындарының аудан көлемінде шешілетін сұрақтарына аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, ал күрмеуі облыс көлемінде шешілетін мәселелерге өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы тұшымды  жауаптарын  берді.

– Біз ежелден бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан өңірміз. Шүкір, ырысымыз да, табысымыз да аз емес. Ендеше, қазынамыздың құтын қашырмай, өрелі істерімізді одан әрі өркендету үшін Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер мен өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлының берген тапсырмаларын алдағы уа-қытта да ынтымақтаса бірге жүріп жүзеге асыратынымызға сенім мол, – деді Наурызбай Қадырбайұлы.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы  аудан тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен талап-тілектер ескеріліп, олардың орындалуы бақылауға алынып, жергілікті атқарушы билік бұл бағытта жүйелі жұмыстанатындығына сенім білдірді.

Есептік кездесуден соң облыс әкімі Ғали Есқалиев өздерін мазалаған сұрақтары бойынша аудан тұрғындарын жеке қабылдады.

Нұрғали  ҒАББАС,

Жаңақала  ауданы

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.