31.01.2020, 14:50
Қараулар: 337
Мерейтойлар  қалай өтпек?

Мерейтойлар  қалай өтпек?

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Батыс Қазақстан облысында кең ауқымда аталып өтілетін мерейтойлар» тақырыбында облыстық ішкі саясат басқармасының  басшысы Нұрлыбек Даумов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Света Гайниева, облыстық мәдениет басқармасының мәдениет ұйымдарының жұмысын үйлестіру және талдау бөлімінің басшысы Гүлмира Қауланова баспасөз мәслихатын өткізді.

— Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын өңірде лайықты атап өту мақсатында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасымен майданда ерлік көрсеткен, ал тылда жанкешті еңбек еткен аға ұрпақ өкілдеріне құрмет көрсету, батысқазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесін кеңінен насихаттау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары жасақталды.

Өкінішке орай, жеңіс сарбаздарының қатары уақыт өткен сайын сиреп барады. Қазіргі таңда біздің облыста Ұлы Отан соғысының 64 (Орал қаласында — 48, аудандарда — 16) ардагері, 5 831 тыл ардагері тұрады. Биыл қалалық және аудандық бюджеттерден ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 300 мың теңге, оларға теңестірілген тұлғаларға 100 мың теңге, Ленинград қоршауында болғандарға 60 мың теңге және тыл ардагерлеріне 30 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек беру жоспарлануда. Оның мөлшері еліміздің барлық өңірлерінде бірдей, 1 наурыздан 9 мамырға дейін берілетін болады.

Орал қаласы мен аудан орталықтарындағы барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әлеуметтік және медициналық қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар олардың барлығы да «Өмір жолы» медициналық дабылдамаларымен (хабарлау нүктесі) қамтамасыз етілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен медициналық және әлеуметтік қызметкерлер ардагерлерді апта сайын үйлеріне барып медициналық тексерістен өткізуде, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрлыбек Даумов.

Биыл сәуір айына дейін облыс аумағындағы мемориалдық тақталар мен ескерткіштерді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау көзделген. Сонымен қатар Орал қаласы әкімдігі мәңгілік алау орнатылған Жеңіс алаңына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, әскери техникалардың үлгілері қойылған аспан асты музей ұйымдастыруды жоспарлап отыр. 1941-1945 жылдары Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының Ұлы Жеңіске қосқан ерекше рөлін айшықтау мақсатында мамыр айына дейін аталған аудандарда «Қаһармандық ерлік» арнайы белгілері, Жәнібек, Сырым, Бөрлі аудандарында ескерткіштер жаңадан орнатылып, Бәйтерек ауданында «Батырлар аллеясы» ашылмақ. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған шаралар қатарында «Ардагерлерді ардақтайық!», «Батырларды ардақтайық!» жобалары мен «Даңқты әкелер жолымен» атты облыстық туристік слет, «Біз жеңістің мұрагеріміз» атты ашық сабақтар, ардагерлермен кездесулер, көрмелер, патриоттық акциялар мен форумдар өткізу жоспарланған. Ардагерлер мен жастар ұйымдарының бастамасымен ақпан айынан бастап жыл соңына дейін Орал қаласындағы Жеңіс жауынгерлеріне арналған барлық ескерткіштерге күн сайын гүл шоқтары қойылып отырмақ.

Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өтіледі. Біздің облыста Абай тойын мерекелеу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары жасақталып, облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанынан Ұлы ақынның мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

— Жұмыс тобына облыстың ардагер зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, ЖОО ғалымдары, қалалық әкімдіктен және облыстық басқармалардан жауапты өкілдер енгізілді. Өңірімізде Абай мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында іс-шаралар жоспарын жасақтағанда, ұсыныстар өте көп түсті. Жұмыс тобы соның маңызды дегендерін іріктеп, біріктіріп алып, түрлі форматтағы 861 іс-шараны бекітті. Оның ішінде төртеуі халықаралық, алтауы – республикалық, 65-і облыстық, 140-ы қалалық, 646-сы аудандар мен ауылдық округтерде өтетін шаралар.

Ұлы ақынға арналған өңірлік іс-шаралар ресми түрде 18 ақпан күні сағат 16.00-де Орал қаласындағы Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Абай мұрасы – қазақтың рухани қазынасы» салтанатты шарадан бастау алады. «Абай мұрасы – әлемдік мәдениет қазынасы», «Абай Құнанбаев: XXI ғасырдағы білім және ғылым» атты конференция және «АБАЙ-ПУШКИН» халықаралық жастар форумын ұйымдастыру жоспарланса, Шыңғырлау ауданында «Абай әлемі: қазақ әдебиеті мен тілінің бүгіні, болашағы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады. Сонымен қатар Орал қаласындағы Абай алаңын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Абайдың нақыл сөздері қашап жазылған тастар орнатылады. А. Пушкин музейінде Абай экспозициясын жасақтап, Жазушылар аллеясын ашу жоспарлануда. Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында М. Әуезовтің «Абай» спектаклінің қойылымы дайындалып, бұл қойылым қала және аудандарда жұртшылық назарына ұсынылатын болады. Балабақша  бүлдіршіндеріне қуыршақ театрының әртістері Абай шығармалары негізінде қойылымдар көрсетеді.

Бөрлі ауданының Ақсай қаласында Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевтың «Абай әндері» атты концерті қойылмақ, — деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Света Гайниева.

— 9 қаңтар күні Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Ж. Молдағалиевтың 100 жылдығын атап өту бойынша  да жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының мүшелері халықаралық деңгейде «Жұбан және ерлік жыры» атты жазба поэзия мүшәйрасын өткізу, Орал, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында Жұбан ақынның ескерткішін орнату, Орал қаласындағы Жұбан оқыған №38 мектеп, Орал жоғары аграрлық-техникалық колледж ғимараттарына мемориалдық тақта орнату, «Өшпейтін өлең» патриоттық әндер байқауын өткізу, әлеуметтік желілерде ақпараттық сүйемелдеу шараларын белсенді ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын айтты. Алғаш рет «Қиял қанаты» атты суретші мен ақынның дуэтына республикалық байқау жарияланды, – деді облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова.

Жұбан Молдағалиевтың ғасыр тойына арналған шаралар қазан айында «Жұбан ұрпақтар жүрегінде» атты халықаралық Жұбан оқулары және «Жұбан жырлары – ғасыр үні» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен, туған жері Ақжайық ауданында демеушілер мен меценаттар есебінен салынатын Жұбан орталығының ашылуымен қорытындыланады.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар