31.01.2020, 14:49
Қараулар: 160
Рухани  жаңғыру  бәсекеге  қабілеттілікті  арттырады

Рухани  жаңғыру  бәсекеге  қабілеттілікті  арттырады

Бүгіндері мәдениет пен білім саласы стратегиялық тұрғыда мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналды. Өткен жылдың соңында «Педагог мәртебесі туралы» және «Тарихи-мәдени мұралар нысандарын қорғау және пайдалану» туралы» заңдардың қабылдануы – осының анық айғағы.

«Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдау қажеттігі қазақстандық қоғамда біраз жылдан бері талқыланып келген еді. Мұғалім мамандығының мәртебесі мен абырой-беделін, педагогтардың ар-намысын қорғау, ұстаздарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау шын мәнінде өте өзекті мәселе-тін. Егер әрқайсымыздың мектепте білім алғанымызды немесе оқушы балаларымыз бен немерелеріміздің бар екенін қаперге алсақ, көптеген қазақстандық үшін осы заңның маңызы зор.

Тарихи-мәдени мұралар нысандарына қатысты заңда мәдени саланы дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі шаралар қарастырылған. Елбасының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласында бұрын жарияланған «қасиетті нысандар» ұғымы заң жүзінде бекітілді. Мақалада ұлттық бірегейлік негізінде Қазақстанның қасиетті жерлерінің бірыңғай мәдени-географиялық картасын жасаудың маңызы жөнінде мәселе алғаш рет көтерілді.

2018 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойғаны мәлім. Бұл құжат Түркістан қаласының Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі мәдениетінің басты рухани орталығы, қасиетті мекені ретінде жаңғыра түсуіне серпін берді. Мем-лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы іссапарын Түркістаннан бастады. «Сіздермен қасиетті орында кездескеніме қуаныштымын. Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары», – деді ол жергілікті тұрғындармен кездесуінде.

Қазіргі уақытта Түркістан мен оның көптеген қасиетті нысандары және Қазақстанның басқа да киелі орындары қайта түлеу кезеңінде. Оның ішінде Қарағанды облысындағы Ұлытау ескерткіші, Жамбыл облысындағы Тараздың ежелгі кешені, Маңғыстау облысындағы Бекет ата мазары, Атырау облысының аумағындағы ортағасырлық Сарайшық қалашығы және Шығыс Қазақстанның қойнауына халқымыздың тарихы тұнған обалары бар. Бұл қасиетті орындарды қалпына келтіру жұмысымен қатар, музей-көрме ғимараты, шағын қонақүй, фудкорт, келушілер үшін

сауда және демалыс орындары бар кешенді қамтитын визит-орталықтардың құрылысы жүргізілуде. Тарихи-мәдени мұралар туралы жаңа заңда қасиетті орындар өз алдына бөлек қарастырылып, оларға ерекше күзет қойылады. Қасиетті нысандарға сәулет ескерткіштерімен және қала құрылыстарымен байланысы жоқ, көпшілік тәу ететін орындар, мысалы қасиетті табиғи аймақтар мен тарихи орындар жатқызылды. Заңда тарихи-мәдени мұралар нысандарын қорғауды қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінген.

Аумақты игеру кезінде жер учаскелерін бөліп бергенге дейін аумақтан тарихи-мәдени мұралар нысандарын жарыққа шығару бойынша міндетті түрде археологиялық жұмысты жүргізуге қатысты заң бабы енгізілді. Бұрын археологиялық  жұмыс  емес, зерттеу жұмысы жөнінде жиі айтылатын.  Ал «зерттеу» сөзінде нақтылық жоқ, жалпылай ұғымда қолдануға болады.

«Зерттеу» – нақты ұғым  емес, оны әркім кәсіби, экономикалық не өзге де мүдделеріне қарай,  әр түрлі түсінуге ерікті.  Кейде бұл түсініктер ғылымның мүдделерімен қайшылыққа түсіп жатады және ол шайқастан ғылым әрдайым жеңімпаз болып шыға бермейді. Енді алдын ала ескертілген археологиялық жұмыс өндірісінен бас тарту әкімшілік жауапкершілік пен ірі айыппұлдар салуға соқтырады.

Археологиялық және ғылымиреставрациялық жұмыс сапасына, соған сәйкес түрлі қызметті жүзеге асыратын ұйым біліктілігіне қатысты талаптар күшейді. Ғылыми-реставрациялық жұмыстар бойынша жекелей лицензияларға ие болу қажеттігі көрсетілді. Бұл тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтауға байланысты жағдайды жақсартады. Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға қатысты заң оңтайлы үрдістерді (тенденцияларды) алып келетініне сенімдімін. Мәселен, тарихи және мәдени салаға бағытталған қаржы мөлшеріне қатысты археологиялық «тілімді» салыстырсақ. 2014 жылы бюджеттен «барлық археологияға» 53 миллион теңге бөлінсе, 2018 жылы 342 миллион теңге жұмсалған. Айырмашылық жер мен көктей. Біраз жылдан бері көңіл бөлінбей қалған ежелгі Отырарды қалпына келтіруге тапсырма берілді. Сарайшық орамдарын метрлеп мүжи бастаған Жайық жағалауын бекітуге 1,5 миллиард теңге жұмсалмақ. Тарихи-мәдени маңыздағы басқа да жобалар іске қосылды. Айта кетейін, мәдениет саласын дамытуға қатысты басқа да мәселелер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшылығының назарынан тыс қалмайтыны анық.

Мемлекет басшысының бастамасымен отандық киноөндірісті түбегейлі жаңғыртуға қатысты кешенді шаралар қабылданды. Шығармашылық одақтармен бірге әрекет етудің жаңа моделі анықталды. Халықаралық  туристік нысандар ретінде тарихи орындарды кеңінен насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жасау қолға алынды.

2019 жылдың 2 қыркүйегінде жарияланған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мәдени саладағы республикалық мекемелердің қызметкерлерінің еңбекақысы 50%-ға, жергілікті мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы 35%-ға көбейтілді. Сонымен қатар білім мен денсаулық саласында еңбек ететін қызметкерлерге әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Мемлекет басшысының мұндай маңызды әлеуметтік бастамалары біздің еліміздің озық мәдениетінің өркендей түсуіне ықпал етуде. Бұл келтірілген деректер мәдениет саласында қолға алынған көп істің бірқатарын ғана арқау етті. Бүгінгі жетістіктерге одан бұрынғы жылдары қалыптасқан үрдістің арқасында  қол жеткізіп жатқанымызды ұмытпауымыз керек.

«РУХАНИ  ЖАҢҒЫРУ»  ҰЛТТЫ  ДАМЫТУДЫҢ  ІРГЕТАСЫ  ІСПЕТТІ

Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Қазіргі әлемдегі бәсекелестікке қабілеттілік – бұл әрі мәдениет саласындағы бәсекелестікке қабілеттілік» деп нақты атады. Расымен де, дәл тұжырым осы. «Байырғы емен тамырын терең жаймаса, дауылға қасқайып қарсы тұра ала ма?» дегендей, бұрынғы және қазіргі кезең мен болашақтың арасындағы мығым байланыс бары анық.

Мұның бәрі мемлекет басшылығының мәдениет саласына, оның заманауи қалыптасу жүйесіне және жаңғыртылуына мән беріп отырғанын айқындайды.

Мәдениет саласына қатысты алғашқы толыққанды заңнаманың қолданысқа енуі 1996 жы-лы «Мәдениет туралы» заңының қабылдануымен байланысты. Келесі елеулі кезең 2004-2006 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы болды. Бағдарлама нәтижесінде тарихи-мәдени маңызы айтулы 35 сәулет ескерткіші қалпына келтірілді.

2013 жылы «Халық тарих толқынында» бағдарламасының қолға алынуының да маңызы зор болды. Бағдарлама ауқымында ел тарихына байланысты әлемдегі жетекші архивтерден құжат жинауға және жүйелі зерттеуге  мүмкіндік  туды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары тарихи-мәдени танымымызды кеңейтуге бағытталған жаңа кезеңнің басталуына негіз болатын басты межені белгіледі. Алғашқы мақала «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасына арқау болды. Бірегейлік, дәстүр, тіл, ұлт дәстүріне қатысты мәселелер жалпыұлттық диалог барысында кеңінен талқыланып, көптің қызығушылығын туғызған, қоғам сұранысына орай уақтылы жарияланған бағдарлама ретінде қабылданды. Бағдарлама бойынша бірнеше жоба жүзеге асты: «Жаңа гуманитарлық білім.

Қазақ тілінде 100 оқулық», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық  мәдениет».

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының қисынды жалғасын табуы және оны дамыта түсуге қатысты негізгі идеялар 2018 жылы қазан айында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жарық көрді. Өзекті тақырыпқа диалектикалық және озық тұрғыда оралудың жарқын мысалын келтірсек. Мұнда «Ұлытау төріндегі толғаныс», «Рухани жаңғыру» ережелері және уақыт шеңбері мен тарихи кеңістікте алатын орнымызға деген тың көзқарас бір арнаға тоғысқан.

Әлемдік деңгейде шаруашылық пен әскери салаға төңкеріс әкелген оқиға біздің өлкеде жылқының қолға үйретілуі болды. Зергерлік бұйымдар өрнегін түрлендіруге мол үлес қосқан аң стиліндегі жоғары деңгейдегі көркемсурет өнері өріс жайды. Ежелгі уақытта қола, мыс, мырыш, темір, күміс, алтын балқытылды. Біздің жерде, Алатау аймағында, талғам мен әдеміліктің жарқын үлгісіндей болған алма мен қызғалдақ әлемге тарады.

«Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Тіпті қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ», –  деп атап өтті мақаласында Елбасы. Оның идеясының куәсіндей республикамыздың әр өңірінде әлемге мәшһүр Есік қаласынан шыққан Алтын адам сынды бірден бірнеше «қазақстандық Тутанхамон» табылды.

ҰЛЫТАУ  ШАРАПАТЫ

Ұлы далаға шексіз көз тігуге болатын, әрбір қазақ үшін қасиетті саналатын Ұлытаудағы «мін-берден» Елбасы 2014 жылдың тамыз айында халыққа үндеу жариялады. Ұлытаудың өзі негіз-гі нышандарының бірі болып саналатын тарихымызды тануға және ұлықтай білуге шақырды.

«Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы. Осында 1730 жылы жоңғарға қарсы үш жүздің жасағы жиналды. Ұлытаудың оңтүстік-шығыс бөлігінде өткен шайқас жоңғар қолының талқандалуымен аяқталды. Әлі күнге дейін бұл жер Қалмақ қырылған деп аталады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

2019 жылы тамыз айында «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы маңызды мерейтой шаралары басталатынын және Алтын орданың 750 жылдық мерейтойы аталып өтетінін жариялауында терең символикалық мән бар.

«Ұлытаудың тарихи мұрасын ұлықтау – бәрімізге ортақ міндет. Еліміздің бай мұрасын әлемге танытудың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет. Мысалы, Моңғолия халықаралық туризмді дамыту үшін Шыңғыс хан тұлғасын жарқырай көрсетуде. Бүгінгі кезде елімізде және шетелдерде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының қазақ жерінде жерленгенін білмейді. Шетелдердегі туристерді тарихи тұлғаға назарын аудартып, оларды тарту үшін кесене салу керек. Ұлытау халықаралық деңгейде этнографиялық туризм орталығы болуы тиіс», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

2020 жылы екі атаулы мерейтойды – Фараб (Отырар) қаласының тумасы Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтеміз. Биылғы жыл мерейтой-лық мерекеге толы болмақ. 2020 жылы 80 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келетін, жаңадан құрылған тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ризашылықпен құрмет көрсетіп, еңбегіне лайықты баға береміз. Ұлы Жеңістің 75 жылдығында фашизмге қарсы күрескен әкеміз бен ата-бабамыздың ерлігін мақтанышпен еске алып, қаза тапқан отандастарымыздың рухына бас иеміз. Қазақ хандығының 550 жылдығын жуырда атап өткендей болсақ та, бұл тарихи оқиға межесі «үш бестікке» де жетеді.

Ғасыр ширегі – дәуірмен тең мерзім емес, бірақ 30 жылдық тарих жүгі өте салмақты. Осы кезеңде біздің Конституциямыз тәуелсіздік пен мемлекеттің тұрақты дамуына кепіл болды. Бейбітшілік пен келісімнің тамаша үлгісін көрсеткен институт Қазақстан халқы ассамблеясы да  25 жылдығын  атап  өтеді.

Биылғы жыл мән-маңызы зор шараларға толы. 2020 жыл тарихи, мәдени және рухани тұрғыда мерейлі жыл болмақ. Қазақстан игілігі үшін және заңнама аясында бізге орасан жауапкершілік жүктейтін тағылымды да игі істерді жұмыла атқаратынымыз анық.

Бақытжан  ЖҰМАҒҰЛОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар