31.01.2020, 14:43
Қараулар: 1033
Қауесеттен  қауіптенуге негіз жоқ

Қауесеттен  қауіптенуге негіз жоқ

Біздің  облыстың  аумағында  коронавирус  жұқпасы  таралып  жатқаны  туралы әлеуметтік  желілерде  аудио  және  бейнежазба  таралғаны  мәлім. БҚО  тауарлар  мен  көрсетілетін  қызметтердің  сапасы  мен  қауіпсіздігін  бақылау  департаменті  басшысының  орынбасары  Нұрлыбек  Мұстаев  бұл  ақпараттың  қауесет  екенін айтып,  вирус  қатерін  жоққа  шығарды.  Оның  түсіндіруінше,  қаңтардың  27-сі  күні  Орал  қаласының  халықаралық  әуежайы  аумағында,  облыстық  жұқпалы  аурулар  ауруханасында  және емханаларда  қатерлі  дерттің  алдын  алуға  байланысты  оқу-жаттығу  өткізілген.  Оқу-жаттығу   жұмысы  бойынша  әуежайдан  түсірілген  «науқас»  жұқпалы  аурулар  ауруханасына  жеткізіліп,  «Жедел  жәрдем»  көлігіне  дезинфекция  жұмысы  жүргізілген. Бейнежазбадағы  осы  көрініс  қауесеттің  тарауына  түрткі  болған.

Аталмыш департамент басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев жыл басынан бері облысымызға Қытайдан 105 адам келгенін, олардың бәрі медициналық тексерістен өткенін хабарлады. Олардың қатарында бір әйелдің ЖРВИ жұқпасымен сырқаттанғаны зертханалық талдау арқылы анықталып, қаңтардың 28-і күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Науқаспен бір үйде тұрған адамның В типті тұмауға  шалдыққаны  белгілі  болды.

– Екеуінің де жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, симптоматикалық ем алуда. Жуырда ауруханадан шығарылады. Қытайдан келгендердің бәрі медициналық бақылаудан өтті.

Олардың арасында коронавирусты жұқтырған ешкім жоқ. Тұрғындарға әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпараттардың жалған екенін ескертеміз. Дақпыртқа себеп болғандарды анықтап, жауапқа тарту жөнінде полиция құрылымдарына өтініш хат жолдадық. Облыс бойынша коронавирус жұқпасы тіркелген жоқ. Коронавирусқа қатысты барлық деректі 1406 колл-орталығына немесе +7 7172 768043 нөміріне қоңырау шалу арқылы білуге болады. Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы байланыс орталығы тәулік бойы қызмет етеді. Сондай-ақ ресми құрылымдар сайтынан  ақпарат  алуға  болады,  –  деді  Нұрлыбек  Мұстаев.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар