31.01.2020, 14:40
Қараулар: 723
«Электронды  асхана» қолданысқа  енгізіле  бастады

«Электронды  асхана» қолданысқа  енгізіле  бастады

Орал  қаласының  А. Тайманов  атындағы  №34  мектеп-гимназиясында «электронды  асхана»  жүйесі  іске  қосылды.  Аталмыш  білім  ошағындағы  пилоттық   жобаның  ресми  ашылуына  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  пен   Орал  қаласының  әкімі  Абат  Шыныбеков  қатысты.

Аталған жүйе бойынша оқушылар мектеп асханасынан тамақ алғанда қолма-қол ақшамен емес, төлем картасымен есептесетін болады. Ол үшін мектепке арнайы терминалдар орнатылған. Осы терминал арқылы оқушылар тағам мәзіріне таңдау жасап, өздері қалаған тағамға тапсырыс бере алады. Сондай-ақ   ата-аналар аутоматтандырылған асхананың мобильді қосымшасы арқылы баласының  күнделікті жұмсайтын қаражат  мөлшеріне  немесе белгілі бір өнім түрлеріне шектеу  қоюына  мүмкіндік  қарастырылған.

– А. Тайманов атындағы №34 мектепгимназиясында «электронды асхана» жобасы былтырғы жылдың қазан айынан бастап жүзеге аса бастады. 1-4-сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардың балаларына ыстық тамақ тегін беріледі. Оларға терминалға арналған төлем карталары ақысыз берілді. Мектеп оқушылары арасында ұзын-сонар кезек болмайды. Ал төлем карталары берілмегендер, яғни жеңілдік қарастырылмаған оқушылар 300 теңгеден сатып алады. Төлем картасына ақшаны ата-аналары салады. Оқушылар терминалдан тағамның мәзірін таңдаған соң түбіртегімен асханаға барып, кез келген үзіліс уақытында тамақтана алады. Бұл ретте ата-аналар баласының жұмсайтын қаржысына, сондай-ақ баланың аллергиясы болған жағдайда белгілі бір өнімдерге шектеу қоюға мүмкіндігі бар. Барлық қаражат төлем картасында болады, оны қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкін емес, – дейді жоба тапсырысын орындаушы «Smart school» ЖК-ның  операторы  Айнұр  Мағзомова.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, шаһардағы 51 мектептің барлығында ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған. 1-11-сыныптарда  49909 оқушы білім алса, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап ыстық тамақпен 39300 оқушы қамтылған. Оның ішінде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасының 3140 баласы, 1-4-сыныптардың 23717 оқушысы бар. Ал 13053 оқушыға ата-ана есебінен ақылы ыстық тамақ берілуде. Қала мектептерінің 1-4-сыныптардағы оқушыны тамақтандыру құны 150 теңге болса, аз қамтылған отбасындағы оқушыны тамақтандыру 200 теңге мөлшерінде бекітілген. Биыл Орал қаласы бойынша жалпы орта білім беретін мектептерде ыстық тамақты ұйымдастыруға  459 877 мың  теңге  қаражат   бөлінген.

– Мектептерге енгізілетін «электронды асхана» жобасы  тамақ сапасын қадағалап, бюджет қаржысын үнемдеуде, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызы зор. Осы орайда былтыр қазан айында ата-аналардың өтініші бойынша қаладағы 11 мектепке пилоттық режімде «электронды асхана» жобасы енгізілді. Сол мектептердегі ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілетін оқушыларға 6732 төлем картасы берілді.  Нақтырақ айтсақ, 1-4-сынып оқушыларына 5605, аз қамтылған отбасылардың балаларына 381 және 7-сынып оқушыларына 746 дана төлем картасы үлестірілді. «Электронды асхана» енгізілгелі бері байқағанымыз, барлық оқушы үзіліс кезінде тамақтанып үлгереді. Өйткені кезек күтіп тұрмайды. Екіншіден, ыстық тамақпен қамту үшін бөлінген қаржы да  мақсатты, тиімді жұмсалуда.  Үшіншіден, мектеп оқушылары өздерімен бірге тамаққа ақша алып жүрмегендіктен, жоғары сыныптың оқушылары әлімжеттік жасап  кішкентай балалардан ақша тартып алмайды немесе қолма-қол ақшаны жоғалтып алмайды. Сондай-ақ мұғалімдер тамаққа алдын ала төлем  жасау үшін оқушылардан ақша жинамайтын болды, – деді жобаға тапсырыс берген жергілікті кәсіпкер облыстық мәслихаттың депутаты Ляна Тұрсынова.

Аталмыш шарадан соң мектепте облыс әкімінің қатысуымен басқосу өтіп, онда «электронды асхананың» тиімділігі мен мектеп асханаларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басқару мәселесі сөз болды.

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Самиғолла Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, Орал қаласы бойынша 45 мектептің асханасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басқару жобасы қарастырылуда. Бүгінде мектептердегі оқушылардың сыйымдылығы, тамақтанатын  балалар саны, асхананы  жөндеуге кететін қаражат туралы мәліметтер жинақталуда.  Конкурс  сәуір  айында  өтпек.

Өз кезегінде облыс әкімі Ғали Есқалиев Орал және Ақсай қалаларындағы барлық мектепке «электронды асхана» жобасын енгізуді тапсырып, мектеп асханаларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басқаруға ниетті кәсіпкерлер оқушылардың сапалы тамақтануына жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін ескертті.

– Мектепте оқушылар сапалы білім алумен  қатар, дұрыс тамақтануы керек. Болашақ ұрпақтың дені сау болуы үшін тұтынатын тамақтары құнарлы болғаны жөн. Облыста 379 мемлекеттік мектеп болса, оларда 108 мыңға жуық оқушы білім алуда. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін облыс бюджетінен 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бюджет қаражаты да тиімді пайдаланылуы тиіс. «Электронды асхана» жобасын енгізудегі ең басты мақсатымыз – тамақтың сапасын қадағалау. Өйткені ата-аналардан асхана тамағының құнарсыздығына байланысты өтініштер түсті.  Мектептегі асханаларды  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басқару үшін конкурсқа қатысатын кәсіпкерлер, ең алдымен, оқушыларға ұсынатын тамақтың сапасына мән берулері керек. Ал «электронды асхана» Орал  мен Ақсай қаласындағы барлық мектепке енгізілмек. Аудан-ауылдардағы мектептерде оқушылар саны аз болғандықтан, тиімділігі әлі де қарастырылады, – деді   Ғали  Нәжімеденұлы.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар