31.01.2020, 14:39
Қараулар: 44
«Полиция  қызметінде  тәртіп   босаң, тәрбие  деңгейі   төмен»

«Полиция  қызметінде  тәртіп   босаң, тәрбие  деңгейі   төмен»

Облыс  әкімдігінде  өңір  басшысы  Ғали  Есқалиевтің төрағалығымен  өткен  кеңес  отырысында  жергілікті  полиция  қызметінің  жұмысы  талқыланды.

Бүгінде жергілікті полиция қызметінде қордаланған күрделі мәселе көп. Бізге WhatsApp желісі және жеке блог арқылы облыс жұртшылығынан көптеген арыз-шағым келіп түсуде. Соңғы кездері облысымызда жол-көлік оқиғасы көптеп орын алуда. Оның әр түрлі себептері бар.

Соның ішінде патрульдік қызметтегі кейбір полицейлердің жемқорлыққа жол беру факторын атауға болады. Жол ережесін бұзғандар жемқорлыққа жол беріп, «мәселені» сол жерде шешуге тырысады. Бұл келеңсіздік, әсіресе, Атырау – Самара, Орал – Ақтөбе бағыттарындағы жолдарда жиі орын алады екен. Кейбір патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін бұзғандарға айыппұл төлетудің орнына пара беріп, оңай жолмен құтылуды ұсынады екен. Пара беріп құтылуға әуес азаматтар қатарына жол ережесін жиі бұзатындар жатады. Ал жол ережесін көп бұзбайтын кейбір адал азаматтар пара бермей, заңмен белгіленген айыппұл парадан көп болса да, сол соманы төлеуге келіседі. Осылайша, біз байқаусыздан ереже бұзған азаматтарды жазалаймыз да, нағыз өрескел заң бұзушыларды одан әрі қылмысқа итермелейміз. Өйткені олар пара беріп құтылып жүреді. Ал ол бір күні жаяу жүргіншіні қағып немесе ірі жол-көлік оқиғасын жасамайтынына кім кепіл?! Сондықтан тәртіпті күшейте түсуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Кеңес отырысында сөз алған облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Кенжебек Қоспаев аталған саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстарға  тоқталып  өтті.

– Жергілікті полиция қызметіндегі жемқорлықты болдырмау полиция департаментінің қатаң бақылауында. Жүргізілген алдын алу шараларына қарамастан келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Таяуда, яғни 21 қаңтар күні БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментімен жүргізілген жедел шараның нәтижесінде қызмет бабында пара алды деген күдікпен жол-патрульдік қызметінің командирі ұсталды. Бүгінде ол екі ай мерзімге қамауға алынып, оған қарсы сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Орын алған оқиғаға орай қызметтік тексеріс жүргізілуде. Жақында өтетін тәртіптік кеңесте жемқорлыққа жол берген қызметкердің, сонымен қатар оның тікелей басшыларының да тәртібі қатаң қаралатын болады, – деді Кенжебек Сүйеужанұлы.

Жиынға қатысқан «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Сәлиева аталған салада сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған бірқатар іс-шараларды ұсынды. Олардың қатарында тәртіп сақшылары арасында жасырын сауалнамалар жүргізу, полиция қызметкерінің атқарған жұмысына арнайы мониторинг жасау, жылдық есеп беру кезінде жемқорлықтың алдын алуға байланысты қолға алынған шаралардың тиімділігі туралы халықты құлағдар ету секілді бірқатар  ұсыныстар  бар.

Жиында БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің бәрінде және учаскелік пункттерінде бөлім басшыларының ұялы байланыс нөмірлері, электрондық мекенжайлары көрсетілген ақпараттық стендтерді орналастыруды ұсынды. Сондай-ақ полиция бөлімдерінің әлеуметтік желілерде аккаунттарын ашу, жас қызметкерлер арасында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, парасаттылықты қалыптастыруға бағытталған ақпараттық насихат жұмыстарын кеңінен ұйымдастыруды  ұсынды.

– Бүгінгі басқосуда айтылған сын тәртіп сақшыларының бәріне бірдей қатысты емес. Полицейлердің басым көпшілігі өз ісіне адал, кәсіби мамандар деп білемін. Барлығымыз қиын жағдайларда тәртіп сақшыларына жүгінеміз. Оның үстіне өз өміріне қауіп төндіріп, өзгелерді арашалап қалған тәртіп сақшылары да өңірімізде жеткілікті. Алайда патрульдік қызметте алдын алу және тәрбиелік жұмыстарға баса назар аудару қажет. Өткен жылдың соңғы айларында патрульдік инспекторлардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары орын алғаны баршамызға мәлім. Мұның бәрі полиция қызметіндегі тәрбие жұмыстары мен кадрлар дайындығының төмендігін көрсетеді. Сол себепті облыстық полицияның жол-патрульдік қызметкерлерінің және жергілікті полиция қызметі басшыларының кадр жөніндегі орынбасарларының өз қызметінің сәйкестігін тексеруді жүктеймін. Осы олқылықтарды ескере отырып, БҚО полиция департаменті аталған сын-ескертпелерді қаперге алып, бір ай ішінде кемшін тұстарды жою бойынша тиісті іс-шараларды алуды тапсырамын, – деді  Ғали  Есқалиев.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар