31.01.2020, 14:37
Қараулар: 274
«Өңіріміз  ресурстарға  бай.., алайда  жақсы  бастамалар  тапшы»

«Өңіріміз  ресурстарға  бай.., алайда  жақсы  бастамалар  тапшы»

Өңірлік  кәсіпкерлер  палатасында  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиевтің  қатысуымен  «Қарапайым  заттар экономикасы»  бағдарламасының  жүзеге  асырылуын  талқылаған жиын  өтті.  Басқосуға  мемлекеттік  құрылымдардың өкілдері,  кәсіпкерлер,  екінші  деңгейдегі  банктер  мен даму  институттарының  басшылары  қатысты.

Облыста өткен жылы отандық тауар өндірушілерді қолдайтын «Қарапайым заттар экономикасын»  дамыту жөніндегі жоба іске қосылды. Жобаны іске асырудағы кедергілерді жедел анықтап, жою мақсатында жобалық кеңсе құрылғаны мәлім. Жобалық кеңсе бизнес-жоспарды әзірлеу кезеңінен қаржыландыруға дейін бизнес жобаларды сүйемелдеуді жүзеге асырады, жобалардың тұрақты мониторингін жүргізеді. Сондай-ақ ай сайын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның филиалы базасында «Кәсіпкер сағаты»  өткізілуде. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетовтің баяндауынша,  бағдарламаға құрылыс индустриясы, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп кешені, тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары белсенді қатысуда. Кәсіпкерлерден және екінші деңгейлі банктерден аталмыш бағдарламаны жетілдіруге қатысты түскен ұсыныстар негізінде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің тізілімі кеңейтілген. Мысалға, «Гофр картоннан, қағаздан және картоннан қаптама өндіру» өндірісі тізілімге енгізіліп, соның нәтижесінде «Полиграфсервис» ЖШС-ның қағаз стакандар өндірісі жобасы қажетті жабдық алу үшін «АТФ Банк» АҚ-мен екі мәрте қаржыландырылған. Бағдарлама іске қосылғалы бері несиенің пайыздық мөлшерлемесі 8%-дан 6%-ға төмендетіліп, кепілдік беру тетігі енгізілген, несие шамасына қарай айналым қаражатын 50%-ға дейін толықтыру секілді өзгерістер енгізілген.

– Өткен жылдың аяғында Үкімет отырысында бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізу шешімі мақұлданды. Онда инвести-циялық мақсаттарға берілетін несие мерзімін 7-ден 10 жылға дейін ұзарту, тамақ өнеркәсібі саласындағы айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілетін несиені екінші деңгейдегі банктердің өз қаражаты есебінен 100%-ға жеткізу, несиеленетін тауар тізімінің экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіндегі 5 жаңа түрімен толықтырылуы және басқа да өзгерістер қарастырылған. Бүгінде 4,6 млрд. теңгенің 111 жобасы мақұлданып, 588 млрд. теңгенің 11 жобасы қаралуда. Бағдарламаға өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы субъектілері қатысып, әлеуетті қатысушы ретінде танылған. Бағдарламаны іске асыруға еліміздегі 10, өңіріміздегі тоғыз банк үлес қосуда. Жобаларды қарауда «Нұрбанк» АҚ (бес жоба), «Сбербанк» АҚ (үш жоба), «Қазақстанның Халық банкі» АҚ (үш жоба) белсенділік танытты, – деді Ернар Бекетов.

Басқосуда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының бір бағыты болып табылатын жергілікті қамту үлесін көбейту мәселесі қозғалды. 2019 жылғы мемлекеттік сатып алу қорытындыларындағы жергілікті сатып алу үлесі бойынша жүргізілген мониторинг барлық индикатордың орындалғанын көрсетті. Биыл да сол үдеден шығу шарт. Облыс әкімі қазіргі уақыттағы басты мәселе несие беру көлемін өсіру және кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру екендігін баса айтты.

Ұлттық банктің БҚО филиалы директорының орынбасары Сергей Родин облыстағы екінші деңгейдегі банктердің 2017-2019 жылдардағы несиелендіру қызметі барысымен  таныстырды. Өткен жылы облыста 335,6 млрд. теңге шамасында несие берілген, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 25,2%-ға артық. Заңды және жеке тұлғаларға рәсімделген несие көлемінде айтарлықтай өзгеріс (2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 52,3% және 47,7%) жоқ. Дегенмен өткен жылғы берілген несие  2017 жылғы рәсімделген несие көлемімен салыстырғанда 47,1%-ға, соның ішінде құрылыс саласында 2,3 есе, өнеркәсіпте  73,6%-ға, ауыл шаруашылығында 4 есе өскен, ал логистика саласындағы несие көлемі 16,7%-ға, ақпарат және байланыс саласын несиелеу 40,8%-ға төмендеген. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы банктік қарыздар бойынша қарыздың жалпы шамасы соңғы үш жыл ішінде 35%-ға өсіп, 302,2 млрд. теңгені құраған, соның ішінде өткен жылы 17,6%-ға өсті. Былтыр берілген несиелер көлемі 33,8 млрд. теңгені құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға аз, ал тұтастай алғанда соңғы үш жылда ол тек 5%-ға өсті. С. Родиннің айтуынша, қазіргі уақытта тұтынушылық несие алушылар басым. Облыс әкімі облыстағы банк филиалдарының экономиканы несиелендіру белсенділігін өзге өңірлердегі банктермен салыстырмалы түрде көрсететін көрсеткіштерінің бар-жоғын сұрап білді. Мұндай көрсеткіштер-ді бас банктен сұратуды тапсырды.

Кәсіпкер Сергей Ильин отандық қағаз өңдеушілерге шикізат жетпей жатыр деген сылтаумен шикізатты сыртқа шығаруға тыйым салынғанын, соның кесірінен қағаз қалдықтарын Ресейге шығара алмай, Алматыға тасып, ұтылып отырғандарына налыды.

Сондай-ақ «ҚПО б.в.» компаниясының мемлекеттік тапсырыстарына қатысудың нәтижесіздігін, «ашықтық» жоқтығын айтып, көмек-қолдау сұрады. Облыс әкімі өз атынан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қоқыс шығаруды шектеу заңдылығына қатысты мәселеге негіздеме дайындауды тапсырды. Ал мемлекеттік тапсырыс мәселесі бойынша кәсіпкерлер палатасының өкілін тендерлік комиссиясының құрамына енгізу ұсынылды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі тиісті мемлекеттік құрылымдарға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жұмыстарды ширатуды, ЕДБ-лерге экономиканы қаржыландыруға жіті назар аударуды тапсырды. «Инвесторлар кеңесінің соңғы отырысында қызықты жобалар мақұлданды. Кәсіпкерлер палатасына облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірге әр ауданға арнап жобалар жинағын дайындау қажет. Өңіріміз ресурстарға бай болғанымен, жақсы бастамалар тапшы. Мемлекет қомақты қаржы бөлуде, сондықтан оны пайдаланғанымыз жөн»,  –  деді Ғали  Есқалиев.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар