31.01.2020, 14:34
Қараулар: 322
Телефон  алаяқтарына  алданып  қалмаңыз!

Телефон  алаяқтарына  алданып  қалмаңыз!

Соңғы уақытта өңірімізде телефон алаяқтығы жиі орын алуда.  Осыған орай облыс тұрғындарын алаяқтардың құрбанына айналмау үшін сақ болуға шақырамыз.

Тіркелген қылмыстардың барлығында белгісіз біреулер үй телефонына қоңырау шалып, тұрғындарды, көбінесе егде жастағы әйелдерді алдау арқылы өзін құқық қорғау құрылымының қызметкері (аты-жөнін, тегін айтып) ретінде таныстырған. Ұлдарының немесе туыстарының есірткі құралдарымен ұсталғанын, жол апатына ұшырағанын немесе тағы да басқа құқықбұзушылықтарға барғандығын айтып, қылмыстық жауапкершілікке тартылмас үшін ұялы телефонға бірлік салуды немесе қомақты ақшаны белгіленген мекенжайға әкеліп  беруді талап еткен. Осыған алданған тұлға өзінің ұлының немесе туысының қандай да оқиғаға қатысы бар-жоғын тексеріп анықтамастан қылмыскердің айтқан ақшасын мүмкіндігінше жинастырып, белгіленген жерге барып арнайы жіберілген адамға табыс етіп, артынан алаяқтарға алданғанын  біліп, өкініп  жатады.

Таяуда орын алған алаяқтық қылмыс былай өрбіген: қаңтардың 14-і күні сағат 10:00 кезінде 1947 жылы туған Ақжайық ауданының тұрғынына белгісіз біреу хабарласып, өзін полиция қыз-меткері ретінде таныстырып, оның немересінің есірткімен ұсталғанын айтып, босату үшін 500 мың теңге көлемінде ақша талап етеді. Ауыл тұрғыны алаяқтың берген абоненттік нөміріне терминал арқылы ақшаны аударып та үлгереді. Осы уақыт ішінде алаяқ жәбірленушімен қоңырау байланысын үзбей әңгімеге тартады. Бір сағаттан соң алданған ауыл тұрғыны полиция қызметіне арызын қалдырады. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-ның 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа  дейінгі  тергеу  басталды.

БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 2015-2016 жылдары алаяқтық қылмысы белең алғанын, ал 2017 және 2018 жылдары осыған ұқсас алаяқтық қылмыстар тіркелмегенін атап көрсетті. Алайда 2019 жылдың желтоқсан айында алаяқтық бойынша екі дерек тіркелді. Оның бірі – Қаратөбе ауданының тұрғыны 520 мың теңге ақшасынан айырылса, екіншісі 20 мың теңге көлемінде ақшасын алаяққа санап беріп, сан соғып қалған. Сондай-ақ осы жылдың қаңтар айында полиция қызме-тіне алаяқтарға алданған Шыңғырлау ауданының екі тұрғыны-нан арыз түсті. Оның бірі алаяққа 1 миллион 200 мың теңгесін, екіншісі 300 мың теңге  ақшасын  санап  берген.

Құрметті оқырмандар, мұндай жағдайға тап болған кезде тікелей «102» нөміріне қоңырау шалуыңызды немесе бірден полиция құрылымдарына хабарласуыңызды сұраймыз. Барлық хабарламалар белгіленген тәртіпте  қаралатын  болады.

Облыстық  полиция  департаментінің  баспасөз  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.