28.01.2020, 12:07
Қараулар: 563
«Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға…»

«Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға…»

Қаңтардың 24-26-сы күндері Ақ Жайық өңірінің інжу-маржаны Шалқар көлінің жағасында,  үзеңгілес қос батырдай иық тіресе жатқан Сасай мен Сантас тауларының баурайында құсбегілер жиналып, «Жайық қыраны – 2020» республикалық турнирі өтті. Осымен екінші мәрте өткізіліп отырған турнирге Батыс өңірінің саятшыларымен қатар, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан 35 құсбегі қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов қонақтарға “Қош келдіңіз!” айтып, саятшылық спорттың мәртебесі арта беруіне тілектестік білдірді. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру ісі комитеті, спортты дамыту дирекциясының өкілі, құсбегіліктен аға жаттықтырушы Базарбек Күнтуғанұлы және республикалық турнирдің бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші Дулат Маратұлы құттықтау сөз сөйледі.

Бабаларымыз бүркіт, лашын, ителгі, тұйғынды қолға үйретіп, аңға салып, олжалы болған. Қасқырға салатын қанды шеңгел қыран, түлкі ілер айлалы бүркіт баптаған құсбегілердің есімі  сол заманда арғымақ баққан атбегілер, жауырыны жер иіскемеген палуандармен  пара-пар аталады екен. Бертін келе, ұмытыла бастаған құсбегілік атадан балаға мирас болып, ізі үзілмей бізге жетіпті.

Үш күн бойы Шалқар маңайына адам толды. Баптап  әкелген құсын салып, қанжығасын қандауға асық құсбегілер, қазақтың бекзат өнерін тамашалауға ынтық болған көрермендер түрлі қызыққа кенелді.

Томағасы сыпырылып, құсбегі қолынан ытқып ұшқан құс биіктен барлайды екен. Аппақ қар үстіндегі  болар-болмас  қимылды қалай аңдайды, тап солай төменге, тек өзіне ғана белгілі нүктеге қарай құлай ағады. Шапшаңдығына көз ілеспес. Құлдилай ұшып, діттеген жерінде тегеурінді тұяғымен қар үстіндегі қоянды іле қонады. Ұмар-жұмар. Құсы олжа  ілген құсбегінің көңілі марқайып қалады. Анадайдан бақылап, дымын ішіне тартып тұрған халық гу-гу. Тап сондай сәтте көктегі құстың шеберлігіне, оны бағындырған, қолға үйреткен  адамзаттың  құдіретіне таңғаласың…

Құсбегілік – өнер. Сол өнерге атасы не әкесі баулыған азаматтардың артына өз ұлдарын ілестіріп,  ұлтымызға тән тәрбие беріп жүргені қуантады. Қаршадай жеткіншек қолындағы құстың күтім-бабы жайлы айтқанда, құсбегілік жолы үзілмесіне сенеміз. Жай ғана саят-аңшылық емес, республикалық турнир болған соң, құсының бабы келіскен жеңімпаздар анықталды.

14 бүркітшінің ортасында Нұр-Сұлтаннан келген Серікбек Күнтуғанның атына заты сай Алғыры 50 ұпаймен жеңімпаз болды. Алматы облысынан келген Ғабит Таңатовтың Өткірі екі ұпайы кем болып, бірінші орынға бекіді. Маңғыстау облысының құсбегі Айшуақ Таймановтың  Ақбалағы жүлделі үшінші орынға табан тіреді.

Ителгі баптап келген сегіз саятшының ішінде Алматы облысынан келген Қуаныш Исабековтың Жұлдызбегі үздік нәтиже көрсетті. Атыраулық Арман Қошқаровтың Сомбалағы бір саты төмен орналасты. Маңғыстаудан ат арытып келген Айшуақ Таймановтың Ақбалағы тағы да үшінші орынға тұрақтады.

Қаршыға баптағандар арасында Сағыныш Баетбайдың (Алматы облысы) Көкжендеті көш бастады. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласының саятшысы Ерасыл Серікбекұлының Чипок деген қаршығасы жайғасты. Мұратбек Балтабековтың Ұшқыры үздік үштікке ілігіп, Батыс Қазақстан облысы құсбегісінің қанжығасы да қанданды.

Жеңімпаздарға жүлде байланып, сый-марапат алды. Жүлдеге ілікпегендер өздерінің олқы жерлерін бағамдады. Бұрын ат төбеліндей ғана болатын құсбегілер бірімен-бірі танысып, қазір қатары көбейе түскендеріне, білгендерін бөліскеніне риза. Қонақжай Теректі жеріндегі басқосуға көңілдері тоқ. Республикалық турнирді ұйымдастырушылар алқасы үш күнге созылған құсбегілер құрылтайына тік тұрып қызмет еткен Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов бастаған жұмыс тобына алғыс айтты. Ал теректіліктер болса, осындай шаралардың ауданда туризм саласын дамытуға шарапаты тиеріне сенеді.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы