28.01.2020, 12:04
Қараулар: 357
Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, М. Өтемісов атындағы БҚМУдың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері: «Парасат  байлықтан  жоғары  тұруы  тиіс»

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, М. Өтемісов атындағы БҚМУдың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері: «Парасат  байлықтан  жоғары  тұруы  тиіс»

– Бүгінгі әңгімеміз, негізінен, рухани өміріміз бен ұлттық құндылықтар тұрғысында өрбісе деген тілегім бар. Осы орайда алғашқы сауалымды да төтесінен қойсам деймін: көзі ашық зиялы азамат ретінде халқымыздың руханият саласындағы қазіргі аяқ алысына, бағыт-бағдарына қандай баға берер едіңіз? Біз осы «байлық, байлық» деп материалдық игіліктің соңына түсіп кеткен жоқпыз ба?

– Ел тәуелсіздігімен бірге нарықтық қатынастар һәм жаһандану ілесе келді. Қазақ басқа жүйеге көшті. Нарық жайлаған заманда рухани құндылықтар емес, экономикалық тиімділік басты орынға шықты.

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары бірте-бірте іштей сөгіліп, көздің жауын алатын қызылды-жасылды материалдық дүние алға оза бастады.

Жер жаһанды ақша билеген заманда ағайынгершілік, бауырмалдық, ізгілік, мәрттік, жомарттық т.б. сықылды ұлтымыздың тұтастығын құраған асыл қасиеттер көмескіленіп, ұлт келбеті біртіндеп өзгеріске түсті.

Бүгінде экономикасы шарықтап, байлығы шалқыған Батыс елдерінің де рухани мәселеде тұйыққа тірелгенін мамандар жиі айтып жүр. Сонда не істемек керек деген мәселе осы орайда өзінен-өзі туындары хақ.

Біздіңше, бұл ретте, алдымен, ата-бабамыздың жүріп өткен дәстүрлі жолын мұқият саралаға-нымыз жөн. Қатпарлы тарихы-мыздың тереңіне бойласақ, «байлық» ұғымы туралы қазақтың сан ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік дүниетанымы, парасат-пайымы, көзқарасы болғанына көз жеткіземіз.

Кеңестік билік дәріптеген таптық сана әбден бойымызға сіңіп кеткендіктен болар, біздің бүгінгі қоғам тәуелсіздігімізге отыз жылға жуық уақыт өтсе де, баяғы «бай менен молданы, қойдай қу қамшымен» деп ұрандаған кеңестіккоммунистік режім қалыптастырған түсініктен әлі толық арылып болмағандай көрінеді.

Оған негіз – бай-қуатты адамдарға қоғамның әлі қырын қарауы, оларға деген халық құрметінің төмендігі және елімізде орта таптың қалыптасуы мен кедейшілікті еңсеру жолдарының баяулығы.

Ал бұрынғы қазақтың ұлттық санасы «Кім бай болғысы келмейді, құдайы қаламайды», «Үйің жанға толсын, қораң малға толсын», «Құлының өсіп, тай болсын, ұлың өсіп, бай болсын», «Сұлу аттың көркі – жал, Адамзаттың көркі – мал» (Абай Құнанбаев), «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи» (Шәкәрім Құдайбердиев), – дегенге саятын еді.

Еуропалық және ресейлік бірқатар зерттеушілер ХІХ ғасырға дейін дала тұрғындары түгелдей дерлік дәулетті болғаны жайлы қызықты деректер келтіреді. Қазақ халқы дәулетті ғұмыр кешкен.

Байлық мыңдаған мал басымен есептелген. Халық зердесінде Тәуке хан ел билеген кез «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш, берекелі заман болып қалғаны айтылса, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Абылай хан заманында әрбір екінші қазақтың дәулетті, бай болғандығын» жазады.

Бірақ бұл жерде ерекше назар аударарлық бір нәрсе бар. Қай заманда да, қай қоғамда да байлардың бәрі «сүттен ақ, судан таза» болды десек, ақиқаттан алшақ кеткен болар едік. Шығайбайлар, қарабайлар, сасықбайлар, итбайлар бұрын да болған және ондайлардың қазір де бар екенін жалпақ жұртқа жеткізіп жатудың өзі артық. Бүгінгі жемқорлық – бөлек әңгіме. Осы орайда Қожа Ахмет Яссауидің: «Дүние малды жиғандар – ақты қара қылғандар, жақын малын алғандар» дегені еріксіз еске түседі.

Иә, медальдің екі жағы бар.

Сәйкесінше, бақ-дәулеті ортаймаған, қазақ халқының генофонды мен ұлт руханиятына айрықша үлесін қосып, қазақ тарихының төріне жайғасқан текті әулеттеріміз  менмұндалайды.

Бұған ХІХ ғасырдағы ұлт мақтаныштары Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Мұхамед-Салық Бабажанов т.б. айтулы тұлғалардың беделді, дүмді, әйгілі ортадан шыққандығын айтсақ та болады.

Патша заманында қазақ даласын отарлау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізген орыстың әскери тарихшылары қазақтағы «бай» ұғымын орыстың «богатый» сөзімен еш салыстыруға бол-майтынына арнайы назар аударған.

Қазақтардағы оның түпкі мәні орыстардағыдай тек материалдық игіліктерді иеленген жандар-ға емес, сонымен қатар рухани құндылықтарға да қол жеткізіп, халқының ықыласына бөленген ерекше тұлғаларға ғана қарата айтылғанын айрықша атап өткен.

– Яғни сөзіңіздің ауанынан аңғарғаным, бүкіл гәп тап осы жерде жатыр дейсіз ғой. Сіздің ойыңызша, қазақтың түсінігіндегі рухани һәм материалдық байлық дегеніміздің өзі «екі тізгін, бір шылбырды тең ұстаған» ғазиз жандарды көз алдыңа әкеледі екен. Ойыңызды әрі қарай сабақтай түссеңіз.

Дана қазақ мұны қос ауыз сөзге сыйғызып: «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» немесе «Байлықты не аққан терден сұра, не қара жерден сұра» – деп түйіп тастаса, дінімізде де пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Айналасымен қарым-қатынаста байлықты бірінші орынға қойған адамдардан әділдік, жақсылық пен адамдық күтпе» деу себебіне көз жіберген.

Қысқа айтқанда, қайнаған еңбек, төккен термен жиналған байлыққа үрке қарамаған жөн. Мемлекеттің шағын бизнесті соңғы үш жыл бойы тексеруге мораторий жариялауы да осы жайттармен байланысып жатыр. Капиталдың қорлануының шапшаң жүруі бүгінгі еліміз үшін де өте маңызды.

Қазаққа көп нәрсе керек. Соның бірі – ұлттық буржуазия. Бұл сөзімізге бұлтартпас дәлел – кезінде Алашорда үкіметінің ұлттық буржуазияның мүддесін жан-тәнімен қорғағаны.

Қарапайым бір мысал. Байыған адам ең кемінде баласының терең білім алуына мүмкіндік жасайды. Білімді ұрпақ көбейеді. Бұл ұлттық интеллигенцияның сапалық тұрғыда күшеюіне жол ашады. Осы орайда ХХ ғасырдың басында мыңдаған қазақ жастарының Ресей мен шетелдерде білім алып, Алашорда үкіметін құрғаны санада жаңғырады. Ұлттық буржуазиясы мен ұлттық интеллигенциясы қадамын тең басып, аяғынан тік тұрған елде ұлттық элитаға сұраныс туады.

Түптің-түбінде қазақтың көсегесін көгертетін – ары таза ұлттық элита. Осындайда Италия саясаттанушысы Гаэтаноның: «Мемлекетте ғылымға баса мән берілген жағдайда – ғылыми элита, байлықтың жаңа көзі ашылғанда – технократтық элита, идеология басқа салаға бұрылғанда діни немесе ұлттық элита билікке келеді» дегені ойға оралады. Бұл пайымдаудан экономикасы шикізатқа байланған елдерде билікте технократтық элитаның кеуделейтіні тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Біз сияқты шикізатқа тікелей тәуелді елдердің жағдайын осыдан-ақ түсіне беруге болады.

Шикізат дегеннен шығады. Араб әлеміндегі мұнайдан түсетін миллиардтарға шейхтар тұрғызып жатқан көк аспанмен таласқан өте зәулім, сән-салтанаты келіскен ғимараттар мен жәннаттың гүлзар бағындай, қарауға көз керек қонақүйлерге таңдай қағып, тамсана қарайтынымыз ешкімге жасырын емес. Алайда саяси сарапшылар осы бір шылқыған байлық сол елдегі жоғары сапалы технологиялар мен өндірістің инновациялық салаларын жеделдетуге үлес қоса алмағаны өз алдына, соңғы бірнеше онжылдықта бұл елдерден дүние жүзіне әйгілі бірде-бір ғалымның, жазушының, композитордың немесе олимпиада чемпионының шықпағанын алға тартады. Даңқты жерлесіміз Қадыр Мырза Әлидің «Классиктер жетімдерден шығады» дегені осы оймен сабақтасып жатыр. Демек, парасат байлықтан жоғары тұрмаған елде ешқандай ілгерілеп алға жылжу, гүлдене көркейіп, қарыштап  даму  болмақ  емес.

Тәуелсіздік жылдарында ел билігі мәдени-рухани бағытта түрлі бағдарламалар қабылдап, мемлекеттік деңгейде қыруар жұмыстар атқарылды. Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат. Тек соңғыжылдары «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынып, тындырылған істердің өзі бір төбе.

Сөз орайында айта кеткеннің артықтығы жоқ, «Рухани жаңғыру» соншалықты қарқынмен, қуатты екпінмен басталып еді, «соңы сиырқұйымшақтанып бара жатқан жоқ па?» деген балама пікірлер де бар.

Десек те, тәуелсіздігіміздің бергені мен берері орасан. Еліміз бойынша қаншама мәдени ошақтар, мектептер, ауруханалар, балабақшалар бой түзеді немесе заманауи ғимараттар тұрғызу әлі де жалғасып жатыр.

Оның бәрін тәптіштеп айтып жатудың қазір қажеті де бола қоймас. Басқасын айтпағанда, өзіміздің облыс орталығындағы Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театры мен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығындағы қайнап жатқан жұмыстарды көріп сүйсінесің.

Кешегі кеңестік дәуірді былай қойғанда, егемендіктің елең-алаңында шаһарымызда осындай ұлттық өнер мен төл мәдениетті асқақтататын игі істер болды ма?!

Осы жылдан бастап білім, мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысының көтерілетіндігі де көңілге жылылық ұялатады.

Иә, жасалып жатқан оңды, жақсы дүниелерімізді бізден ешкім тартып алмасы хақ. Ұлттық идеология мемлекеттік саясаттың бір құрамдас бөлігіне ақырындап айнала бастады.

Осы ретте мына нәрсеге тоқталғым келеді. Формациялардың алмасуы, тарқатып айтсақ, жос-парлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жалпы қоғамды, соның ішінде зиялы қауымды да есеңгіретіп тастады. Әсіресе, тәуелсіздік тұсында ақын-жазушылар, ғалымдар мен ұстаздар, мәдениет пен өнер иелерінің мысы басылып қалды.

Өйткені Кеңестер одағының тұсында оларға көрсетілген сыйқұрмет пен мемлекеттік қолдау көзден бір сәтте бұл-бұл ұшты. Рухани саладағы орта, бейнелі тілмен айтсақ, «жынынан айырылған бақсының» күйін кешті.

– Бүгінгі өмірдің ажырамас бөлігіне айналған ғаламтордың бұқаралық ақпарат құралдарының арасында ықпалы орасан зор екенін білеміз. Мұның қоғамдық өмірімізге тигізіп жатқан әсері жөнінде не айтар едіңіз?

– Қазіргі қоғамдық санаға интернеттің, соның ішінде әлеуметтік желілердің әсері мейлінше күшті. Ақпарат ғасыры келді. Мылтықсыз майдан басталды. Әсіресе, сыртқы күштер мен саяси технологтар ақпарат кеңістігіне еркін кіріге бастады.

Қазір билік пен бұқараның арасындағы ақпаратта цензура һәм сүзгі (фильтр) жоқ. Бұрынғыдай еш нәрсе сүзгіден өтпегендіктен, ақпарат тасқынының ішінде «асылы» мен «жасығы» қатар жүретін болды. Осының нәтижесінде халықтың саяси сауаты мен ұлттық санасы жаңа кезеңге қадам басты.

Ақиқатын айтсақ, әлеужелілерде билікке деген халық тарапынан агрессия өршіп тұр. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген даналық сөз бар. Осының бәрін көріп-біліп отырған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет» дегенді ашып айтты.

Байқауымызша, елімізде мемлекетшілдік саясатты терең қаузап, егжей-тегжейлі талдау жасайтын сауатты сарапшылар сирек.

Олай деуімізге негіз әлеужелілерде белсенді блогерлер атынан билікке қарата айтылған сыни посттарға көп жағдайда үкімет тарапынан орынды уәж немесе сындарлы, салмақты жауаптар қайтарыла бермейді.

Мемлекет үнемі қорғаныста жүрген ойыншыны көз алдыңа әкеледі. Содан кейбір саяси-әлеуметтік мәселелерге байланысты халықтың көңіліндегі күдік сейілмей, қайта қоюлана беретіндей көрінеді.

Өткен жолы «Жас алашта» жарық көрген Ерлан Кариннің «Мемлекеттілік және мемлекет-шілдік» атты мақаласындай тұшымды дүниелерге қоғам шөлдеп отыр. Көтерілген мәселе бойынша уақытында тарихтың тұңғиығына терең бойлайтын кемеңгер Кекілбаевтың қолтаң-басы ерекше болатын.

Тағы бір назар аударарлық мәселе, бізде бұқаралық ақпарат құралдары биліктік және оппозициялық бағытта болып, екіге бөлінетіні белгілі. Ел билігі жүргізіп отырған саясатты бірі дәріптеп, мақтаса, ал екіншісі сынап, даттайды. Бұл жалпақ жұртқа аян. Ешқандай жаңалық емес. Маған, бізге центристік һәм аралық бағытты берік ұстанатын жаңа заманауи басылымдар керек сияқты болады да тұрады.

Еш жағына бұра тартпайтын, халықты бір ортақ мүддеге біріктіріп, бір мақсат, бір болашаққа апаратын мерзімдік баспасөздер – заман талабы. Бізде күшті оппозициялық партиялар мен қозғалыстар болмағанына қарамастан әлеуметтік желінің өзі қоғамның барометріне айнала бастағандай сезіледі.

– Бүгінгі қазақ қоғамының, тіпті қазақ руханиятының деуге де болады, бір бөлшегіне айналып кеткен той-топыр туралы не айтар едіңіз? Бір кезде академик З. Қабдолов «Қазір той тойлайтын заман емес, ой ойлайтын заман» деген еді. Алайда қазақтың бұл «дерті» әлі асқынып тұрғандай ма?

– Иә, бүгінгі қоғамдағы күйіп, өртеніп тұрған мәселені орынды көтердіңіз. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін, алдымен, отаршыл заманда елеусіз қалған ұлыларымыз: хандар, билер, батырларымыз, мәдениет қайраткерлері мен Алаш арыстарының есімдерін жаңғырту бағытында игілікті істер басталды. Бұл дұрыс қадам болатын. Ол саясат әлі жалғасып жатыр.

Асыл бабаларымыздың есімдерін үздіксіз дәріптеп, оларға тағзым ету бертін келе елімізге танымал көрнекті ақын-жазушы-ларымыз бен академик-профессорларымыздың, яғни зиялы қауым өкілдерінің мерейтойларын мемлекеттік деңгейде өткізуге ұласса, бүгінде той тойлау жаппай бұқаралық, халықтық сипат алды.

Ұл баланың үйлену тойы мен қалыңдықтың ұзатылу тойын есептемегенде, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, мектеп бітіру, ЖОО-ға түсу, оны бітіру, түлектер кездесуі, Жаңа жыл, құдалық, 25-30 жастан 80-90 жасқа дейінгі мерейтойлар шеруі, зейнеткерлікке шығу, тіпті күнделікті соғымға қонақ шақыру мен қоныстойдың өзін тойханалар мен мейрамханаларда сән-салтанатпен өткізу жарысқа айналып, нәтижесінде қонақжай халқымыздың ата дәстүрі тәрбиелік мәнінен айырыла бастады.

Қазір мейрамханалар мен дәмханалардың, асабалар мен әншілердің дәурені жүріп-ақ тұр. Қазақ жалақысының жартысын тойға беретін болды. Қазақ қоғамының тойдан шаршағаны өз алдына, даңғазалық пен дарақылық шегіне жетті.

Қайсыбір апталардың соңғы үш күнінде қазақтың тойы мен құдалығы һәм садақасының қатар келетіні ешкімге жаңалық болмай қалды. Сайып келгенде, халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан меймандостық салты ұлт мәдениетінің ең озық көрінісі болудан қалып барады.

Елімізде тәуелсіздік жылдары тұрғызылған он мыңдаған тойханалардың дамылсыз жұмыс жасап, жеміс-жидектер мен көкөніс немесе басқа тағам түрлерінің көрші елдерден жүк көліктерімен ағылып келіп жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Осының нәтижесінде елімізде ас-судың бағасы аспандап, шарықтап тұр. Оның ауыр зардабын тартып отырған сол қара халықтың өзі. Елімізде тамақ өнеркәсібі аяғынан тік тұрып, әлі толық қалыптасып болмағандықтан, көршілеріміз қытай мен өзбек өнімдерінің тұрақты тұтынушысына айналып, қазақтың бар жиған-терген дүниесі сыртқа кетіп, оларды байытып жатқаннан басқа халқымыз еш пайда көріп отырған жоқ. Ал еліміздегі басқа ұлт-ұлыстарда мұндай дәстүр бар ма? Жоқ, әрине. Өйткені менталитет басқа. Бірақ жаратылысынан «Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін дарқан қазақтың бұған бәлендей бас қатырып жатқаны шамалы. Күнде ойын, күнде той! Осының салдарынан кәсіпкерлеріміз зауыт пен фабрика емес, тойханалар мен ойынханалар салып үлгере алмай жатыр. Телеарналарды ашып қалсақ та сол көрініс: тәрбиелік мағынасы төмен бағдарламалар, арзан әзілдер, құнсыз әндер мен сол баяғы ортанқол әншілер мен асабалар.

Соңғы кезде әншілер мен спортшыларды көзсіз құрметтеу тек бізде емес, әлемдік үрдіске айналып бара жатқаны жиі айтылып жүр.

Өнеркәсібі дамымаған, ғылымы мен техникасы артта қалып, тек той тойлаумен гөләйттап жүрген, интеллектуалдары мен технарьларынан бұрын, әншісі мен асабасына айрықша сұраныс туып тұрған елде болашақта Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Ермахан Бекмаханов сияқты бірегейлер қаншалықты шығады деп еріксіз ойға шомасың және бұл бағытымыз ел тәуелсіздігіне де қауіпті.

– Қазақ – шашпа халық, дүниені шашу үшін жинамай ма?

  Иә, оныңыз рас. Табиғатымыз солай. Бірақ капитализм қазақтың нақ осы мінезін көтермесі хақ. Біздіңше, алдағы 10-15, мүмкін 5-10 жылда бүгінгі қаптаған сансыз тойлар қазіргіден сирейді.

Капитализм ерте ме, кеш пе қазақтың «мінезін», әйтеуір, бір түзейді. Өзінің талаптарына икемдеп, қалыбына салады. Мен бұл жерде шашпалық пен ысырапшылдық мәселесіне қатысты айтып отырмын. Бұл – нарықтың заңы.

Иә, қазақтың қонақжай, көпшіл, намысшыл болуының сыры тереңде жатыр. Аз еңбек етіп, көп өнім алатын, көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған батыр халықтың мінезі «у ішсең руыңмен», «тегі бірдің намысы бір» деп ағайыншыл, ұжымшыл, елшіл болып қалыптасты. Сайып келгенде, көшпелі қоғам жауынгер халықтың бойына ақкөңілділікті сіңірді. Қазақтың «Батыр – аңғал, ер – қамсыз» деуінде де үлкен мән бар. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласына келген орыс, шетел зерттеушілері біздің бойымызда осы қасиеттің барына көңіл бөлген.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «ақкөңілділік, анайылық, аңғалдық мәдениеті төмен жұрттарға тән қасиет» екенін атап өткен. Өз басым бүгінгі қазақ қоғамының ысырапшылдық пен дарақылық һәм әсіре мақтаншылыққа бой ұруын халқымыз-дың осы мінезінен іздеймін.

Бұл пікірге біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ өз ойым солай. Оның ішінде мен де, сіз де, бәріміз де бармыз. Өйткені ешкім де ұлтынан, халқынан, қоғамнан бөлініп қала алмайды.

Мұның сыртында үш ғасыр бойы бодау заманда қанымызға сіңген құлдық сана синдромының сарқыншақтары бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Айбынды Ғұн державасының негізін қалаған Мөде тәңірқұттың «Құлды мақтан өлтіреді» деген даналық сөзінің астарын қазақтың түсінетін уақыты алда келе жатырғанына еш күмәнім жоқ.

– Ауылдан үдере көшу қарқын алып тұр. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» деген ұғым ескіре бастағандай. Бір жылдары Елбасы бастамасымен «Ауыл жылы» деп жариялап, мемле-кеттік деңгейде қамқорлық танытуға күш салса да, одан айтарлықтай нәтиже болмағаны белгілі. Қаңыраған көшелер мен үңірейген үйлердің орнын көріп, ішің қан жылайтыны рас. Сонда осы екпінмен кете берсек, қасиетті бесігіміз санап келген ауылдардан айырылып қалатын түріміз жоқ па? Сіздің ойыңызша, осы «көшті» тоқтату үшін не істемек керек?

– Иә, айтып отырғаныңыз – бүгінгі қазақ қоғамының жанды жері һәм талмауыр тұсы. Көз алдымызда ауыл халқының саны күн өткен сайын азайып, кеміп бара жатыр. Өлара кезеңде жұрты үйінді топыраққа айналған шағын ауылдарымыз да аз емес.

Ел билігі ауылды қолдау мақсатында қолынан келген бар мүмкіндігін жасауда. Тәуелсіздік тұсында қаншама ауылдарға жол салынып, су, газ құбырлары тартылып, телекоммуникациялық байланыстар орнатылып, мектеп, аурухана, мәдениет үйлері, балабақшалар салынуда.

Үкіметтің мал шаруашылығын қолдау мақсатында «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» агробағдарламаларын қолға алуы, ауылдағы ағайынға кәсіп ашу үшін әр түрлі бағытта қайтарымсыз несиелер беруі, жас мамандарды ауылға тұрақтандыру мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы немесе ірі шаруа қожалықтарының иелерін әлемнің дамыған елдерінің бай тәжірибесімен таныстырудағы қадамдары, мал өсіруші кәсіпкерлерді салықтан босату, т.с.с. сияқты біраз игілікті істер жедел жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, соның нәтижесі әзірше көңіл көншітпей тұрғаны ешкімге жасырын емес.

Одан дүркірей көтеріліп, көркейіп, гүлденіп кетіп жатқан ауыл жоқ. Бір қарағанда, қаншама қаржы-қаражат босқа желге ұшып жатқандай көрінеді. Демек, бұл – ең басты һәм стратегиялық жоспарлаудың нақты тетігі әзірше табылмай тұр деген сөз. Қазақ қаламгерлері мен қоғам қайраткерлері де бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Әсіресе, орта және аға буын өкілдері кеңестік дәуірдегі «қойы қоздап, түйесі боздап, қорасы шулаған» ауылды аңсайды.

Ауыл мәселесіне қатысты сарапшылардың арасында әр түрлі көзқарастар бар. Біріншілері, қазіргі жағдайды, яғни урбанизацияның саябырсымауын қалыпты нәрсе ретінде көріп, оны әлемдік құбылыс ретінде қабылдайтындар.

Өркениетті елдерде ауыл халқы 6-7%-ды ғана құрап, қалғандары қалада өмір сүреді екен.

Жорамалдар 2025 жылы планетаның 7,5 миллиард халқының 5,5 миллиарды қалада тұратынын айтады.

Мәселен, байлыққа белшесінен батып, шаруашылығы шалқыған АҚШ-тың мүйізі қарағайдай фермерлері қаланың жастарды қызықтырып, өзіне баурайтын қырлары көп екеніне тоқталып, балаларымыз көп жағдайда біздің атакәсібімізден бас тартып, содан фермерлердің саны азая бастағанына өкініш білдірген.

Ал екінші пікір мынаған саяды. Қазақты кеңес дәуірінде Кремль жылдар бойы ауылда буып ұстады. Қалаға жақындатқан жоқ. Қазақ өзінің туған жерінде екінші сортты ұлт болып санал-ды. Сондықтан бізде Балтық жа-ғалауы, Кавказ елдеріндегідей қала халқы қалыптасқан жоқ.

– Мәселен?

– Ереван, Тбилиси, Бакудың 80-90% халқы мемлекет құраушы һәм титулды ұлт өкілдерінен болса, Қазақстанда 1989 жылы қалада қоныстанған қазақтардың үлесі 38,3% болғанынан-ақ көп жайды аңғаруға болады. Бұдан Мәскеудің қазаққа басқа саясат ұстанғанын көреміз.

Соңғы жылдары Кеңестер Одағы дәуіріндегі ауылды аңсау мен сағыну сарынына қоса, сол кезеңді бүгінгі таңда асыра дәріптеушілік белең алып тұр деп есептейтіндер бар. Олар шын мәнінде, қазақ ауылы «советтік резервация» қатарында болды деп санайтындар. Иә, бір қарағанда кеңес тұсында «ауылдың тамағы тоқ, көйлегі көк» болғандай көрінгенімен, шешілмеген проблемалары да шаш етектен болатын. Қазақ ауылдары шөл және шөлейтті жерлерде орын тепті.

Орталық сүтті, етті, жүнді т.б. өте төмен бағаға алып, қазақ ауылын шикізат базасына айналдырды. Көптеген ауылдар адам өміріне қажетті негізгі әлеуметтік нысандарға  мұқтаж  болды.

1991 жылы – еліміз  тәуелсіздігін жариялаған жылы республикада 750 елді мекен суды тасып ішсе, 450 ауылда монша, 1648 елді мекенде аурухана, 2090 жерде мектеп, 3800-інде балалар мекеме-лері болмаған.

210 селолық ауданның 71-інде жағдай қанағаттанғысыз, ал 30 алыс ауданда адам төзгісіз деп танылған. Бұл аймақты ғылым тілінде «табиғат жағдайы адам күнкөрісіне қолайсыз аймақтар және мейлінше қолайсыз аймақтар» деп атайды.

Қалай болғанда да, кеңес дәуіріндегі ауылдың енді қайта оралмасы анық. Өйткені уақытты кері шегіндіріп, тарих шегершігін кері айналдыра алмайсың. Қазір қоғамдық һәм өндірістік қатынастар басқа, жоспарлы экономиканың орнына нарықтық экономика келді. Бұрынғыдай ауылда жұмысы қайнап жатқан шаруашылық тағы жоқ. Ол кезде ауылда бір адам бос отырмайтын еді. Әскерден келген жігіттер бір айдан кейін жұмысқа шықпаса, әкімшілік жауапкершілікке тартатын заң болды.

Бұрын инфрақұрылым болмаса да жұмыс болды, қазір инфра-құрылым реттеліп қалды, бірақ жұмыс жоқ. Бүкіл мәселе осыған тіреліп тұр.

Үшіншілер, қайткенде де қазақ ауылын бизнес көзіне айналдырып, мол табысқа кенелу керек дейтіндер. Белгілі қоғам қайраткері Аманкелді Айталы «біз «Nokia» шығарып, финдердің, «Mercedes» шығарып, немістердің, «Toshiba», «Panasonic» шығарып, жапондардың немесе «Samsung», «LG» шығарып, кәрістердің алдына түсе алмаспыз. Қазақ қадым замандардан «Малжан аман ба?» деп өскен халық. Мал бағу қазақтың қанында бар. Мамандар әлемде мал шаруашылығын өркендетуге географиялық жағынан ең қолайлы елдер Канада, Аустралия, Ресей мен Қазақстан екенін айтады. Канада мен Аустралия қойдың қызығын көріп отыр. Біз де осы бағытта жылжуымыз керек. Тіпті өзіміз баға алмасақ, Қытай мен Монғолиядан келген қандастарымыз мұны бізден артық атқарады» деген еді.

Сұрағыңызға қатысты ойымызды тобықтай түйсек, алдымен, әлемдік тәжірибелерді (Канада, Аустралия және т.б. елдер) саралауымыз керек және ұлттық ерекшеліктерімізді ескеріп, осы мәсе-лені көтеріп жүрген ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің және ауылдағы осы саланың «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» іскер жандардың көзқарастары мен пайымдарын жүйелеу арқылы ортақ тоқтамға келу қажет.

Осы орайда тарихи тәжірибеге бір сәт көз жүгірткеннің еш артықтығы жоқ. Азамат соғысы елді әбден титықтатып, В. Ленинше айтсақ, «Күйзеліс, жоқшылық, қайыршылану» жұртты діңкелетіп, халық қалжыраған тұста большевиктер жаңа өндірістік бағыт іздеп жанталасты.

1921 жылы наурызда Кеңес үкіметі өздері жаңадан құрып жатқан социалистік принциптерге қанша жат болып саналса да, өзара әр түрлі саяси дау-дамай, талас-тартыстардан кейін барып амалсыздан нарықтық қатынастарды ел өміріне еркін енгізуге бел шешіп, жаңа экономикалық саясатқа көшуге мәжбүр болған еді. Бір ғажабы, соның нәтижесінде Қазақстандағы мал саны 1924-1928 жылдары 24,8 млн.-нан 40,5 млн.-ға жетті. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда осы көрсеткішке қол жеткізе алмай отырған жайымыз бар.

Иә, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазақ ауылдарының көбі шөл және шөлейтті жерлерде орын тепкен. Бұған соңғы жылдары мал ішетін тұщы судың азайып бара жатқанын қосыңыз.

Осы бағытымызбен жылжи берсек, тұрғындары аз шағын ауылдар нарық сынына төтеп бере алмай «жұтылып», болашақта малы мыңғырған үлкен шаруа қожалықтары тек жер үшін қалатыны қазірден-ақ байқалып тұр.

Тәуелсіздік алғалы екінші буынға өтіп бара жатырмыз. Қазаққа не нәрсеге де байсалды қарап, парасатпен пайымдап, «екі шұқып, бір қарайтын»  уақыт келді!

Сұхбаттасқан

Маралбек АМАНТАЕВ,

«Қаратөбе өңірі» газетінің директор-редакторы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар