28.01.2020, 11:57
Қараулар: 571
Полицей  беделін  қалай  көтереміз?

Полицей  беделін  қалай  көтереміз?

«Полицияның мемлекеттің күштік құрылымы ретіндегі бейнесі  бірте-бірте өзгеріп, азаматтарға олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналады».

(ҚР  Президенті  Қ. Тоқаевтың  Қазақстан  халқына  арнаған  Жолдауынан. 02.09.2019 ж.)

Полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті бұзатын тентек-теліні  тәртіпке шақырып, айналамызды қылмыскерден ада етуде еңбектері  шаш етектен. Жандарын шүберекке түйіп, қауіп-қатерге жиі килігеді. Солай бола тұрса да, осы саланың қызметкерлеріне деген көпшіліктің пікірі ала-құла. Неге? Жалпы,  бүгінгі қоғамға қандай полицей керек?

 

Қызметке  генсараптама  арқылы  қабылданбақ

Осы орайда шетелде полицейлерді қызметке қабылдаудың  тәжірибелеріне ой жүгірткен едік. АҚШта өткен ғасырдың сексенінші жылдары полицияға қабылдайтын арнайы орталықтар ашылып, тест пен әңгімелесуден бөлек, үміткердің іске басшылық етуіне, адамдармен тіл табысуына, топпен жұмыс жасау қабілетіне талдау жасаған. Басты талап – полицей болатын адамның есте сақтау қабілеті мен байқағыштығы басқалардан анағұрлым жоғары, қара күші мығым, моральдық тұрғыдан рухы мықты, қажет кезде байыпты шешім қабылдайтын болуы керек.

Жалпы, шет мемлекеттерде болашақта полицияға үміткерлерді қабылдауда оның генетикалық мінезі анықталмақ. Оған себеп – жуырда «қорқыныш гені» ашылған. АҚШ-тағы Колорадо университетінің ғалымдары «қорқыныш гені» адамдардың 15-20 пайызында болатынын анықтаған. Әрине, мұндай өзіне сенімсіз адамға полицияда орын жоқ. Олар қорғанудың орнына өздері қалшиып тұрып қалып, бекер оққа ұшады екен. Сол сияқты «қаны бұзықтық» деген де ген бар болып шықты. Елімізде айыпкерге кінәсін мойындату үшін күш қолдану, ұрып-соғу, қорлау тәсілін пайдаланатын жағдайлар кездесіп жататыны рас. Осы себепті де басына іс түсіп, небір жағдаймен жүгінетіндер полиция әрекетін бейнетаспаға түсіріп алуға тырысады, бұл, бір жағынан, жауапкершілік жүктейтіні анық, осылай полицияның өрескел әрекетінен қорғанады да. Кейде азаматтар өздері заңды бұзып, бірақ полицияны кінәлі қылып көрсеткісі келетіні бар. Яғни заңды өрескел бұзып тұрып, полиция қызметкерінің шамына тиіп, ашуға булыққан сәтін бейнетаспаға түсіріп, жалпақ жұртқа  жариялайды. Мұндайда полиция қызметкеріне жалғыз жол – ашуға ерік бермеу керек екенін айтады психологтар.

Францияда 50 орындық полиция комиссары мектебіне оқуға түсуге талпынатындар саны 3 мыңнан асса, Швецияда бір орынға 13 үміткер бәсекелес екен. Финляндияда одан да көп. Оларда біздегідей, ағасы қолдағаннан не бұйырғаны полицейлік жұмыс болғаннан емес, үміткер криминалдық полицияға (детектив, ФБР арнайы агенттері) болсын, патрульдік қызмет пен полиция басқару саласына болсын, ең бірінші заңдылықты қамтамасыз етіп, азаматтар құқығын қорғау ниетімен келеді. Бұған айлық көлемі де, қызметкерге жасалатын әлеуметтік жеңілдіктер де себеп болуы мүмкін. Мысалы, америкалық полицейлердің айлығы жылына 30 мың доллардан 100 мың доллар аралығында. Германияда неміс полисмендері

1800-6000 еуро көлемінде жалақы алады. Түркияда құқық қорғаушының айлық жалақысы 1500 доллар көлемінде көрінеді. Жапон жандармериясы жылына 70 мың доллар алады екен. Ал  біздегі полицейлердің орташа жалақысы 100 мың теңгеден  басталады.

Қазақ   полицейі  туралы фильм  көрдіңіз  бе?

Батыс елдерінде полицейдің жағымды бейнесін қалыптастыруға бөлінетін қаржы-қаражат та қыруар. Мемлекеттік тапсырыспен боевик, триллер, сериалдар түсіріледі. Әсіресе, Нью-Йоркте, Вашингтонда 2001 жылы қыркүйекте болған лаңкестік шабуыл оқиғасында полицейлердің беделі жоғарылаған еді. Өйткені тұрғындарға алдымен қолұшын созған полицейлер еді.

Қастарынан өрт сөндіру машинасы өткен сайын халық қол шапалақтап, көздеріне жас алып тұрып, өз құрметтерін білдірген.

Осыдан соң қарапайым жұрттың мысын басып тұратын еңселі,  қорған тәрізді ауыр, алып ғимараттардан бас тартып, жұрт емінеркін кіріп-шығып жүретін ғимараттар салына бастады. Киген киімі, өзін ұстау мәдениетіне де жаңаша талап қойылды. Рас, кеңес милициясының абыройы да ешкімнен кем емес еді. Қамқор да кішіпейіл, өзі тұлғалы милиционер ағай туралы мультфильмдер көріп, заңсыздықтың жолын кескен тәртіп сақшысы туралы кино көріп, кітап оқып жетілген талай ұрпақтың санасында кеңес милициясының жарқын бейнесі қалды. Ал Ресей телесериалдарының барлығында дерлік полицейлер туралы сериалдар жыл бойы толастамайды. Енді қазақ полицейі туралы тамаша фильмді атап бере аласыз ба? Ашығын айтсақ, бізде батылдықты, қайсарлықты, насихаттайтын идеологиялық жұмыс кеңінен жүргізіліп жатыр деу қиын. Әсіресе, қазақстандық полиция қызметкерлерінің ерліктері туралы көп көрсетіліп жатқан жоқ. Көрсетілгеннің өзінде комедия жанры бойынша тамашалаймыз. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап облыстық полиция департаментінің 34 полицейі қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан. Ал үшеуі қызмет бабындағы ерлігі үшін мемлекеттік «Айбын» орденімен, 17-сі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Сондай-ақ былтыр Еркебұлан Сапанов, Нұрболат Смағұл, Нұржан Гумиров, Асылхан Темірханов, Самат Балданов секілді өңіріміздегі полиция қызметкерлері  адамдарды өлім аузынан арашалап қалған болатын. Олардан бөлек қылмыспен күрес барысында жарақат алып, денсаулығына зақым келіп, мүгедектікке ұшырағандар да жоқ емес. Сондай жандарды арқау етіп детектив жанрындағы  фильмді неге жиі түсірмеске деген ой келеді?!

Сала  ардагерлері  не  дейді?

Интернетті ашсаңыз, бізде заң қағидаларын жете білмейтін әпербақан полицейлерге қатысты бейнежазбалар өріп жүр. Полиция қызметінің мәнін, міндетін толық білмей, форма киген жас жігіттер дөрекіліктің неше түрін көрсететінін көріп жүрміз.

Тәуелсіз қоғамдық институттар арқылы «Сіздің өз полицейіңізге көңіліміз тола ма?» деген сауалнама жүргізілген кезде америкалықтардың 72 пайызы полицейді, шын мәнінде, қорғаны санайтынын айтқан. Яғни полицейлеріне көңілдері толатынын білдірген. Ал еліміздегі полицейлердің қызметіне бірқатар жандар үрейленіп тұрады. Тұрғындардың сенімсіздігіне себеп те жоқ емес. Соған орай саналы ғұмырын елдің тыныштығын қорғауға арнаған доғарыстағы милиция қызметкерлерінің пікірін  білген едік.

Клавдия ҚУАНЫШҚАЛИЕВА,

Орал  қалалық  ПБ ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Полиция қызметкерлері қылмыстық оқиға орын алған кезде ең бірінші тұрғындарға арқа сүйеуі тиіс. Бұрын полициялар куәгерлерді іздеп, оқиға орнында кемі үш-төрт сағат бөгелетінбіз. Қазіргідей көшелерде бейнебақылау камералары жоқ еді. Бір көршісі айтпағанымен, екіншісі қылмыстық оқиғаға қажетті мәліметті алға тартатын. Адамдармен қарым-қатынасы, отбасылық жағдайы, досы немесе дұшпаны, қылмыстық оқиға болардың алдында үйге кім кіріп-шыққаны деген секілді. Учаскелік полицейлер өзінің қызмет аумағындағы тұрғындардың барлығын танитын. Аудандарда мал ұрлығы жиі орын алуда. Күдіктіні аспанға ұшып кеткендей таба алмай жатады. Ұры алыстан келмейді. Осы саланың ардагерлері мал ұрлығын тез ашатын. Өйткені олар ауыл тұрғындары былай тұрсын, шекаралас ауыл-аймақтың тұрғындарымен де жақсы қарымқатынаста болатын. Қылмыскерді табуда халықтық еріктілердің де еңбегі шаш етектен еді. Полицейлер арасында ұрпақтар сабақтастығы жалғасса екен деймін. Жаңадан оқу бітіріп келген жас мамандарды ардагер полицейлер кәсіптің нағыз маманы болуға баулыса. Ол үшін аз да болса, ардагер полицейлердің жолақысын төлесе және оларды полиция бөлімшелеріне тіркеп қойса деймін.

Қуаныш ЕРКІНӘЛИЕВ,

доғарыстағы  милиция майоры:

– 1982-1992 жылдар аралығында Орал қаласындағы теміржол бекеті ауданында учаскелік милиция болып қызмет атқардым. Одан бұрын Жәнібек ауданында еңбек еттім. Қылмыстың ізін суытпай ашуға есік алдында әңгіме соғып отыратын ата-әжелер  көп көмектесетін. Бір сағат тілдессең, аудан тұрғындары туралы біраз мәліметке қанығып қаласың. Екіншіден, біздің кезімізде компьютердің орнында картотека болатын.

Қылмыскердің суреті, өмірбаяны, қанша жыл, қандай қылмыс жасағаны үшін түрмеде отырғаны – бәрі жазылатын. Қағазға күн сайын қарай берген соң санамызда да жатталып қалатын-ды. 19851986 жылдары қаладағы «Ең үздік милиция» аталымына ие болып, есімім Құрмет тақтасына жазылып еді. Айтайын дегенім, мен 2000 жылдан бері Деркөл ауданында тұрамын. Осы кезге дейін маған бірде-бір учаскелік полиция келген емес. Деркөлде де қылмыстық оқиғалар болып жатады. Ішімдікке жаны құмар отбасылар бар. Егер келіп, осы саланың ардагері ретінде ақылкеңес сұраса, қажетті мәліметті айтар едім.

16  миллиард  теңге үнемделді

Елбасы ішкі істер құрылымдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасының мән-маңызына тоқталғанда, «Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет. Ол үшін кадрларды даярлау, іріктеу және ілгерілету жүйесі қайтадан қарастырылатын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Мамандарды даярлау сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академияларын қалыптастырған жөн» деп атап өткен болатын. Осы орайда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Рамазановтың айтуынша, реформаларға сәйкес штат санын оңтайландыру нәтижесінде былтыр бюджет қаржысы 16 млрд. теңгеге үнемделген. Аталмыш қаржы полиция қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге, әлеуметтік қолдау жұмыстарына бағытталған. Айта кетсек, былтыр патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбекақысы 65 пайызға, жедел тергеу қызметі бөліністері 55, учаскелік  (кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар) және оқытушылардың еңбекақысы 25 пайызға, сондай-ақ қылмыстық атқару жүйесі мен полицияның өзге қызметтерінің жалақысы 20 пайызға артқан. Мәселен, патрульдік полиция қызметіне енді кіріскендер 146 мың теңге еңбекақы алады. Бұрын олардың жалақысы 103 мың теңгеден аспаған екен. Сондай-ақ баспанасы жоқ қызметкердің  әр  отбасы мүшесіне тұрғын үйді жалдап тұрғаны үшін 18 700 теңге өтемақы төленуде. Күні бүгінге дейін мұндай жеңілдікті жеделтергеу бөліністерінің қызметкерлері иеленген болса, енді бұл тізімге кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция қызметкерлері енгізілген.

– Біздің жұмысымыздың ең басты көрсеткіші – халықтың бізге деген сенімі. Сондықтан біз полиция қызметінің барынша ашық болғанын қалаймыз. Осыған орай бүгінде полиция департаменттері, басқармалары мен бөлімдері, жалпы полиция құрылымдары жанынан  халыққа қызмет көрсету орталығы үлгісінде жұмыс істейтін фронт-кеңселер ашылуда. Фронт-кеңселердің ерекшелігі мен ең басты артықшылығы – кез келген адам алдын ала жазылусыз, бюрократиялық кедергілерсіз осы жерге келіп, өзін толғандырып жүрген мәселесін, білгісі келген сұрағын тікелей мамандарға  қоя алады. Әр кеңсе күніне 20-30 адамды қабылдап, тиісті кеңестер беруде. Болашақ-та мұндай кеңселер барлық полиция бөлімшелерінде жұмыс жасайтын болады. Айта кету керек, фронт-кеңселердің жұмысы жолға қойылған уақыттан бастап кезекші бөлімдер мен өзге де кұқықбұзушылықтарға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік алдық. Сонымен қатар халықпен ынты-мақтастықты қамтамасыз ету мақсатында облыстық полиция департаментінің ресми сайты, «policebqo» инстаграмм парақшасы мен Facebook әлеуметтік желілері қызмет етеді. Полиция қызметіне қатысты материалдар аталған парақшаларда үнемі жарық көреді. Сондай-ақ БҚО ПД басшылығы атына жазбаша түрде БАҚ өкілдерінен ресми сұрау хаттары облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің электронды поштасы press-center-dvd-zko@mail.ru арқылы немесе департаменттің қабылдау бөлмесіне тікелей келіп түседі. Айта кетсек, былтыр 12 ай ішінде БАҚ өкілдерінен 49 хат келіп түссе, оның барлығына жауап берілді. Ал азаматтар тарапынан 4577 өтініш түссе, оның 4342-сі қаралып, қалғаны орындалу барысында. Елімізде аутокөліктер саны жылдан-жылға артып келеді. Соған орай тасжолдардағы қадағалау күшейтілді. Болашақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «орташа жылдамдық» өлшемі жобасы енгізілмек. Жоба аясында бейне фото-тіркеу стационарлық жүйеде жүзеге асырылады. Аутоматты тіркеу жүйесі бар бейнекамералардың да саны артпақ. Бүгінде облыстық полиция департаментіндегі маманкадрлардың тұрақтылығы сақталған. Десе де, облыс бойынша 67 полиция қызметкерінің орны  бос тұр, – деді полковник Рамазанов.

Парасатты  полицей  болу  үшін…

Осы сауал төңірегінде жастар өкілдері атынан «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерлік Шамғалиевтің пікірін білген едік.

– Құқық қорғау қызметі үлкен жауапкершілік пен ыждағаттылықты талап етеді. Әрбір полиция қызметкері кәсіби білімді терең игеруден бөлек, шыныққан және моральдық-психологиялық тұрғыда табанды, төзімді болуы тиіс.

Яғни ашуын ақылына бағындырып, оқыс оқиғаға тап болған кезде өз-өзіне ие бола алатын жан болуы керек. Сонымен қатар қазіргі заманғы «қылмыс әлемінің» деңгейін ескере отырып, полиция озық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеріп қана қоймай, жұмысында пайдалана білгені дұрыс. Полицейлердің беделін арттыруда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің пайдасы мол, – дейді ол.

Ал ақын Дариға Мұштанова полицейлердің болашақтағы бейнесін ар-абырой биігінен көргісі келетінін былайша жеткізді.

– Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан әр тәртіп сақшысынан адалдық пен кәсіби біліктілік, мейірім табылуы тиіс. Көпшілік болған соң заңбұзушылықтардың орын алатыны белгілі. Әсіресе, бейбіт ереуілдер кезінде тәртіпсіздіктер күшейген жағдайда олар іс-қимыл жасаудың тиімді тетіктерін білгені жөн.

Полицей де өз отандасың, жамандыққа қимайсың. Алайда адамгершілік, ар-намыс, мейірімділікті ту етпейінше, полиция қызметіне халықтың сенімі 100 пайыз болады деп айта алмаймыз, – деді Дариға Ғазезқызы.

Полиция – халықтың қорғаны. Сондықтан тәртіп сақшылары қызмет бабында салғырттық танытпауы тиіс. Әділеттілік, қызметке адалдық, жауапкершілік, кәсіби біліктілік пен адамгершілік қасиеттер әрбір полиция қызметкері ұстанымының темірқазығына айналуы шарт.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар