28.01.2020, 11:54
Қараулар: 246
Құмай тазы

Құмай тазы

Ауыл ақсақалдарының батасын алып, аталы сөзден ой түйіп өскен Айтқазы Хамидоллин қазекем жеті қазынаның бірі деп дәріптеген тазы тұқымдас иттерге кішкентайынан құмар. Алғашқы күшігін студент кезінде ғаламтордан іздеп, Ақтөбе өңірінен тауыпты. Өсе келе қызығушылығы шынайы құмарлыққа ұласып, қазақтың тазысын баптап, аңға салып, облыстық, республикалық деңгейде өткен жарыстарға қосып, жүлделі орындарға ие болған.

– Тазының аңшылық сипатын айтқанда, оның дене бітімінің үйлесімділігі, мүсіні, сымбаттылығы, қимыл-қозғалысы назарға алынады. Мысалы, ұрт етінің ширақтығы, сан етінің толықтығы мен қаттылығы да ескеріледі. Қазақтар аң алатын итті шоқтығының биіктігімен, тазының төсі мен шонданайы аралығындағы өлшем қарайлас келуін дұрыс деп санады. Ал иттің күші төсінің кеңдігіне байланысты болса, кеудесінің биік бітуі тынысы тарылмай, шаршамай тура жүгіруге сеп болады. Ал тазы мойнының ұзындығы, яғни желкесінен бастап құрыққа дейінгі өлшем иттің жемтігінің оқыс қимылын қалт жібермеуге септігін тигізеді. Ол да тазы тұқымына, жасына, жынысына, жаратылысына, бұлшық етінің жетілуіне байланысты. Ит өте арық болса, сымбатына ғана нұқсан келмейді, аң аулауға деген ниеті қашып кетеді, – деді Айтқазы.

Қазақ тазыларында табиғи түйсігі өте жоғары дамыған, көзінде ақылды адамға тән тереңдік пен тектіліктің ізі жатады дейді мамандар. Ал тазы дүбәрә болса, тектілігінен айырылады, көзі ойнамалы, ұрлықшы, әрнені жалмайтын, тағамды талғамай жей беретін оғаш қылықтары пайда болады. Негізі, тазы елгезек, қозғалысы шапшаң, құрсағын қаншырдай тартқан, тұрқы ұзын, бойы сұңғақ, елеңдеген көзқарасы ширақ болады. Тазы адамның «құлы» емес, керісінше бір-біріне бауыр басу қалыптасқан байланыс нормалары бар. Ит, соның ішінде тазы – адамдар ортасында олардың көмегімен жақсы дами отырып, өз қабілетін көрсете алатын жануар. Сондай-ақ ол есте сақтау қабілеті жақсы дамыған, көргенін жазбай қайта-лайтын есті хайуан. Бір-біріне бағына да біледі. Үйретіп, баулыған кезде тазының мінез-құлқы кез келген жағдайда, әсіресе, адамға байланысты, тұрақты болу жағын қалыптастыруға ерекше ден қояды.

Жас та болса ағасынан үлгі алып жүрген Азамат та өз сөзін-де атасынан естіген біраз жайтты тілге тиек етті.

– Күшікті қолына алғанда: «Итің аңшы, аң алатын ит болсын!» деп тілек айтады қазақ. Құлағының бұйра шашағынан басқа денесінің түгі жетіле қоймаған қызыл шақа күшікті тақыр тулақтың үстіне, күншуаққа, кешкісін жылы жерге жатқызып қояды. Адамдарға, иесі мен бала-шағасына үйір етеді, тіптен түнде жылы төсегінен де орын береді. Иісі сіңген адамын ол жақсы көріп, бауыр басып кетеді, күшік иесі мен үй адамдарының соңынан қалмай еріп жүретін болады. Тазы күшігі әбден адамға үйреніп дағдыланған соң далаға ертіп шығып, ауыл маңында жүреді, адамдар мен үй малына үйірсек етеді. Бірте-бірте аяқ-қолы жетіле түскен сайын ауылдан аулағырақ ұзатып шығып, бұта-шілікшөп ішінде қонақтаған бөдене, жортып жүрген кесірткелерді қуалап, ойнатудан баулуды бастайды. Осылайша, күшіктің неге әуес екендігін байқап, бажайлай-ды,  – деді Азамат.

Қазақтың құмай тазысын баптап, ата-баба дәстүрін жаңғыртып жүрген жігіттердің ендігі арманы – өзіміздің Орда өңірінде республикалық тазы жарысын өткізіп, ескіріп қалған есті өнерді жаңа буынға дәріптеу. Олар арнайы мамандар алдырып, тазылардың таза қандылығын тексертіп, тектілігін айқындайтын құжатқа ие болсақ дейді. Бұл тазыларымыздың өзге де ауқымды шараларға қатысуына жол ашады.

Әділет ӘБДІРОВ,

Бөкей ордасы ауданы

Бірде қазақ даласында бұрын-соңды ешкім көріп-білмеген алып құс пайда болады. Сол құс шыңырау құздың басына ұя салып, екі жұмыртқа басқан көрінеді. Күні жетіп, айы толғанда жұмыртқаның бірінен құмай құс, екіншісінен құмай тазы жарып шыққан деседі. Бабаларымыз құсты қолға баулып, тазыны аңға қосып үйретіпті-мыс. Содан қазақ даласына құмай тазы тараған деген аңыз бар.

*  *  *

Қазақ даласында ашаршылық жайлаған жылдары бір тазы ит бір ауылдың халқын асырады деген де аңыз-әңгімелер ұшырасады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қарқаралыда өткен жәрмеңкеде сондай бір құмай тазы 50 бас жылқыға айырбасталды деген де мәлімет бар. Тазының құнына тоқталатын болсақ, 1917 жылдары қара базарда бір тазыға 47 жылқы берген екен, 1937 жылдары ол 37 жылқыға бағаланған, 1947 жылдары 1 тазы үшін қандас-тарымыз 27 жылқыны да берген. Ал қазіргі кезде тазының қара базардағы құны 300 долларға тең келеді екен.

Теңгеге шаққанда бүгінгі таңда тазымыз 115 мың теңгеге бағаланып отыр.

*  *  *

Құмай тазы шамамен 2000-2500 млн. жылдар бұрын пай-да болды деген дерек бар.

*  *  *

Тағы бір қызығы – кезінде ұзатылатын қыздың қалың малының орнына 1 тазы ит беру жеткілікті саналған.

*  *  *

Тазының саны жылдан-жылға азайып келе жатыр деп дабыл қағуда кинологтар. Олардың есебі бойынша 1939 жылы елімізде 7 мың тазы болса, 1990 жылы 4 мыңға азайған, 2005 жылы бар болғаны 700 тазы болған. 2012 жылғы көрсеткішке сенсек, ол кезде небары 300 тазы ғана қалған екен. Ал тағы бір деректе орыстың А. Добромыслов деген ғалымы өткен ғасырдың басында қазақпен бірге жасасқан тазының саны 10 мыңнан 30 мыңға дейін жетеді деп мәлімет келтірген. Күні бүгін ел аумағында тазы атаулының бар болғаны 1 мыңы ғана қалған.

*  *  *

Тазының жылдам-дығы темір тұлпардың рұқсат етілген орташа жылдамды-ғына сәйкес келеді.

Иттің бұл тұқымы сағатына 60-70 шақырымға дейін жүгіре алады. Ұрғашысының биіктігі 55-65 сантиметр болса, еркегі одан 5-10 сантиметр биіктеу болады екен. Ал салмағы  20-23 келі шамасында болады.

*  *  *

Тазыларды тұқымына қарай қазақтар құмай, құмай тазы, таза қандылығы мен түгіне қарай құны, құны тазы, будандасқан болса, дүрегей, дүрегей тазы, қайын, қайын қаптал деп бөледі. Мұның соңғылары қасқыр алады. Ал дене бітіміне қарай таулық, ормандық және далалық болып  бөлінеді.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар