28.01.2020, 11:53
Қараулар: 448
Мал  бордақылауға  қатысты тәжірибеммен  бөліссем…   

Мал  бордақылауға  қатысты тәжірибеммен  бөліссем…   

Казталов  ауданында  5 мың  бұқашыққа  арналған  бордақылау  алаңы  іске  қосылғанын  «Орал  өңірі»  газетінен  оқып едім. Өзім 40 жылдай ірі қара бордақылау  шаруасының  басы-қасында  жүрдім.

Өңірде мал бордақылаудан бірінші орын алған Сырым ауданының «Правда» газеті атындағы кеңшарда еңбек етіп, 1964-1990 жылдары Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендерінің иегері болған зоотехникпін. Уақытында мемлекетке 22 000 центнер сапалы ет өткізген, етке өткізген 18-20 айлық бұқашықтардың орта салмағын 450-500 келіге жеткізіп, табысты еңбек еткен едім. Кеңес үкіметінің құлағанына 30 жылдай уақыт өтсе де, облыста мал бордақылау жұмыстары алға баспай келеді. Енді, міне, инвестор табылып, заманауи бордақылау технологиясын игеруге жақсы қадам жасалған екен. Тек іске сәт деп өз ойымды, өмірден көрген-түйгенімді, істеген жұмыстарымды жас мамандармен бөліссем, мал бордақылауға  бір  көмегі  тиер  деген  мақсатпен  қолыма  қалам  алдым.

Менің ойымша, қазіргі бордақылау өз жұмысын малға жеткілікті болатын азықты дайындаудан бастаған жөн. Бордақылау алаңында мал орта есеппен 300 күн тұрады. Әр басқа күніне 10 келіден есептегенде 300 күнге 3 тонна,  ал  оны  5000  басқа  көбейткенде  15 000  тонна  табиғи  шөп  керек  болады.

Әрі қарай өзім қызмет еткен «Правда» газеті атындағы кеңшарындағы іс-тәжірибеммен бөлісейін. Шаруашылықта 17 000 ірі қара өсірілді. 5000 аналық, 5000 бұқашық бордақылауда және өзге де 700 мал болды. Осы малды азықтандыру үшін 15 000 гектарға екпе шөп (жоңышқа, еркекшөп, түйежоңышқа т. б.) егілді. Сондай-ақ 5000 гектар жерге жүгері отырғызылып, одан 400 мың центнер сүрлем әзірленетін еді. 2000 гектар суармалы жерден көк майса шөп дайындалып, маусым, шілде айларында  бордақылау алаңындағы малға берілетін. Кеңшар егінмен айналысқандықтан, жем мәселесінде түйткіл болған жоқ. Мал азығын үнемдеу мақсатында 1000 малды мамыр, маусым айларында жайылымға шығаратынбыз. Бұл уақытта суармалы жердегі мал азықтық дақылдар өсетін.  Бордақылауға 5000 еркек мал қойылатын. Біздің шаруашылықта 5000 аналық болды. Солардың әр 100-нен 90-95 бұзау алынатын. Осылай 2500 еркек мал толтырылса, 1000 малды кеңшар жұмысшыларынан сатып алатынбыз. Жетпеген 1500 малды басқа жерлерден алып, орнына 1500 ұрғашы мал берілетін.

Жылма-жыл  бордақылау  алаңына  5000  мал  осылай  жеткізілетін.

Кеңшардағы 5000 аналық мал мамыр айының 15-інен бастап қолдан ұрықтандырылатын. Сол малдан келер жылғы наурыз, сәуір айларында 90% төл алатын. Сондықтан бордақылауға қою оңай, барлық бұқашық біркелкі 180-200 келі болып келеді.

Шаруашылықтың бордақылау технологиясына тоқталсақ, бордақылау алаңына келген мал үш топқа бөлінетін. І топ  (өсіп жетілдіру) – 180-250 келі – 100 күн; ІІ топ (бордақылауға әзірлік) 250-350 келі – 100 күн; ІІІ топ (бордақылау) – 350-450 келі – 100 күн. Ал малды азықтандыруға келсек, І топқа шөп 5 келіден, силос 10 келіден,  жем 2 келіден беріліп, күніне 600-700 грамм салмақ қосатын. ІІ топқа шөпті 5 келіден, силосты 15 келіден, жемді үш келіден беретін. Бұл топтағы мал күніне 800-1000 грамм салмақ қосады. ІІІ топтағы малға шөп 10 келіден, силос 20 келіден, жем 4 келіден беріліп, күндік қосатын салмағы 1000-1200 грамды құрайтын. Сонда бордақылауға қойылған малды 18-20 айлығында салмағын 450 келіге жеткізу жолында тер төгетін едік. Айтар ақылым,  дұрысы, бордақылау алаңында өздеріңіздің 5000 аналық малыңыз болғаны жөн. Олай болмағанда, кооператив жасақтап, қарауыңызға фермерлерді алып, оларға демеуқаржы алуға, мал басын асылдандыруға көмектескен жөн. Өз ісін сүйетін, білімді, ерінбейтін жақсы мал маманы шаруаны алға бастыратыны кәміл.

Хамит  ҚАРЖАУОВ,

ардагер  зоотехник,

Орал  қаласы