28.01.2020, 11:50
Қараулар: 171
Деркөл  дербес  округ  болады

Деркөл  дербес  округ  болады

Орал  қаласының  әкімдігі  Деркөл  кенті  тұрғындарымен бірқатар  кездесу  шарасын  өткізді.  Қоғамдық  тыңдау  барысында  күн  тәртібіне  қойылған  мәселе –  кент   тұрғындарының  облыс  және  қала  әкімінің  атына  жолдаған  өтініштері  негізінде олар  тұратын  елді  мекенге  ауылдық  округ  мәртебесін  беру  және  жергілікті  жерде  жұмыс  атқаратын  әкімдік  құру.

Алғашқы кездесу Ветелки елді мекенінде, ал кезекті жиын Деркөл кентінің Сарыарқа шағынауданында орналасқан №49 орта мектепте өтті. Тұрғындармен басқосуда Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов елді мекеннің мәртебесін ауылдық округ ретінде белгілеп, әкімдік жұмысын ұйымдастыру қордаланған мәселелерді шешудің тиімді  жолы  деп  атады.

– Алыс-жақын аудан-ауылдардан көшіп келген ағайынның саны артуына байланысты қазіргі таңда Деркөл кенті тұрғындарының саны 20 мың адамнан асып жығылды. Бүгінде жалпы аумағы 23 814 гектарды құрайтын елді мекенде 81 шаруашылық субъектісі, төрт мектеп, бір балабақша, төрт медициналық мекеме, үш кітапхана мен мәдениет үйі, «Орал» ДШСК және екі спорт алаңы, «Ивушка» балалар шипажайы, «Жас дәурен», «Дарын» кешендері, туберкулезге қарсы аурухана, кардиологиялық орталық жұмыс жасауда. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар саны өткен жылдармен салыстырғанда 54,7%-ға артып, 3 151 адамды құрады. Біз жыл санап ауқымы да, адам саны да артып келе жатқан елді мекенді қалалық әкімдіктің құрамынан шығарып, өз алдына әкімдігін құруды ұсынып отырмыз. Жергілікті жерде әкімдік құрылатын болса, елді мекен тұрғындарынан жиналатын алым-салықтың барлық түрі жергілікті жердің мәселелерін реттеп, шаруаларын шешуге жұмсалатын болады. Сондай-ақ ірілі-ұсақты шаруасын жайластыру үшін тұрғындар қалаға сабылып әуре болмайды, – деп атап өтті Бақытжан Хаберұлы. Сондай-ақ ол халық арасында дүрбелең тудырып жүрген «Деркөлді қала әкімдігінің құрамынан шығарып, Бәйтерек ауданының құрамына қосады екен» деген қауесетке сенбеген  жөн  деді.

Алдағы уақытта кент тұрғындарымен тағы бірнеше басқосу өтіп, ел-жұрт дербес әкімдік құру туралы ұсынысты құп алған жағдайда қажетті іс-шаралар басталмақ. Қалалық және облыстық  мәслихаттың, облыстық әкімдіктің қарауына тапсырылған құжаттар мақұлдаудан өткеннен кейін қала әкімдігінің қарамағынан арнайы штат бөлініп, жергілікті жерде 10 қызметкер жұмысқа кіріседі деп күтілуде. Сонымен қатар Деркөлдің мәселелерін шешуге бөлінген қаражатты, мемлекеттік қызметтің сапасын бақылау, маңызды шешімдер қабылданар сәтте ел-жұрт пікірінің ескерілуін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық кеңес құрылады.

Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Ал кездесу қорытындысында күн тәртібіндегі мәселені дауысқа салған кезде көпшілік әкімдік құру туралы ұсынысты бірауыздан  қолдады.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар