28.01.2020, 11:47
Қараулар: 130
Мамандық  таңдаудағы мүмкіндік немесе  қаңтардағы  ҰБТ-дан  кейінгі  ой

Мамандық  таңдаудағы мүмкіндік немесе  қаңтардағы  ҰБТ-дан  кейінгі  ой

ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы қаулысына сәйкес талапкерлерді Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 2014 жылдан бері қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізіліп жүр.

Сәйкесінше, ҰБТ-ның биылғы алғашқы сынағы 16-19 қаңтар күндері біздің өңірде де ұйымдастырылған еді. Дәл осы кезеңде облысымыздағы тоғыз арнайы орталықтың алтауында оқушылардың білімбіліктіліктерін саралауға мүмкіншіліктері  болатын. Төрт күн бойы өткен сынаққа алдын ала ниет білдірген 3262 талапкердің 3219-ы қатысқан екен.

– Қаңтар мен наурыздағы сынақтарды көпшілік бақылау тесті (пробный тест) деп қабылдайды. Бұл мүлдем жаңсақ түсінік дер едім. Әрине, маусым айында өтетін сынақ мемлекеттік грантты ұтып алуға мүмкіндік береді. Ал қаңтар мен наурызда өтетін тестілеу талапкердің нақты мамандық таңдауына зор мүмкіндік туғызатындығын ескерген жөн, – дейді ҚР Ұлттық тестілеу орталығының Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың жанында орналасқан филиал басшысы Әлібек Есімов.

Аталмыш жүйе іске қосылғаннан бері осы салада қызмет атқарып жүрген Әлібек Сұпығалиұлының айтуынша, биылғы ҰБТ-да өзгешелік болмағанымен, талапкерлерге талап күшейтілген.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің нұсқамасына сәйкес күшейтілген талапқа М. Өтемісов атындағы БҚМУ ғимаратында өткен қаңтардағы сынақ кезінде куә болғанбыз.

Талап бойынша тест тапсыруға ниет білдірушілер аудиторияға кірмес бұрын арнайы металл іздегіш құрылғысы арқылы тексерістен өтетіні белгілі. Осы сәтте ұялы байланыс құралы, калькулятор, құлаққап, жауаптардың жасырын жазбасы (шпаргалка) талапкердің тұла бойынан табылмауы тиіс екен. Ал мұндай нәрсенің бірі табылған жағдайда комиссия мүшелері хаттама толтырып, талапкерді сынаққа кіргізбеуге құқылы.

БҚМУ ғимараттарында өткен ҰБТ-ның алғашқы күні екі, келесі күні тағы екі талапкердің ұялы телефонды жасырын кіргізбек болған әрекеті әшкереленді.

Тіпті аудиторияда отырып, ұялы телефон мен жауаптардың жасырын жазбаларын пайдаланғысы келгендер де кездесті.

Жалпы, осы төрт күнде күшейтілген талапқа байланысты тоғыз талапкер сынаққа бірден кіргізілмесе, тағы 15-і аудиториядан шығарылды.

Мектеп басшылары мен ұстаздарына алдын ала сан мәрте ескертілгенімен, шәкірттердің мұндай қадамға баруын балалыққа теңемеске лаж жоқ. Мұндай келеңсіз жағдайлардың қайталанбауы үшін талапкерлердің ата-аналары алдын алу шараларын қолданса дегіміз келеді.

Ескертетін жәйт, ҰБТ өткізілетін кез келген ғимараттың кіреберісінде арнайы кезекшілер отырады. Талапкерлер алып кіруге тыйым салынған нәрселерді құжат бойынша рәсімдеп, кезекшілердің біріне тапсыруы міндетті.

ҰБТ кезінде тиісті талаптар сақталып қана қоймай, оның ашықтығы үшін бейнежазба һәм YouTube арнасы арқылы тікелей хабар жүргізілетіндігін де қаперден шығармайық.

Сондай-ақ сынақтың ашық және әділ өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне қарасты арнайы сараптамалық топ мүшелері, тәуелсіз бақылаушылар мен БАҚ өкілдері қатысады.

Қаңтардағы сынақты ойдағыдай тапсырғандардың жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға мүмкіндігі бар. Осы орайда 49 немесе 39 балл жинап, нәтижеге разы болмай апелляция берушілер некен-саяқ кездескенімен, олардың уәждері дәлелін таппаған.

Биыл өңіріміздегі мектептерді 4969 түлек тәмамдамақ екен. Және олардың дені ҰБТ-ны мемлекеттік тілде тапсыруға ниет танытып отырғаны қуантарлық.

Технология қарыштап дамыған заманда ҰБТ-ны электронды нұсқада тапсыратын уақыт та таяп қалған сыңайлы. Әзірше, талапкерлер ескі үлгіні місе тұтып, өз біліміне сенім артқаны абзал. Мамандық таңдаудағы мүмкіндігін жіберіп алмаса болғаны.

Сырымбек  ЖӘРДЕМҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар