28.01.2020, 11:36
Қараулар: 434
Алғашқы  ота  жасалды

Алғашқы  ота  жасалды

Жуырда  Ақжайық  ауданындағы  инсульттік   орталықта  инсульттан  кейін  миына қан  құйылған ауыр  халдегі  науқасқа  алғаш  рет  ота  жасалады. Отаны  өткізген аудандық  аурухананың  нейрохирургы  Серік  Ерниязов.

Жәнібек ауданының тумасы инсульттік орталыққа ауыр халде жеткізілді. Қан қысымы көтерілуінің салдарынан комаға жақын жағдайда, яғни медициналық тілмен айтқанда, сопор күйінде түскен. Бұл жағдайда адамның қимыл-қозғалыс қабілеті жоғалып, сөйлеу, әсер ету мүмкіндіктерінен айырылады. Миының үштен бір бөлігіне қан кетіп, миы ісінген науқасқа бірден хирургиялық көмек көрсетілмесе, оның өмірін аман сақтап қалу неғайбыл еді. Онсыз да тоғыз сағат жол жүрген науқасты облыс орталығына жеткізу мүмкін емес болатын. Сондықтан дәрігерлер ота жасау жөнінде шешім қабылдап, сағат түнгі 11-де операцияны бастайды.

– Кез келген ота —  хирург үшін жауапты іс. Соның ішінде бүкіл тірек-қимыл аппараты, сезім рефлекстеріне жауап беретін миға хирургиялық ота жасау өте күрделі. Сондықтан ота үш сағатқа созылды. Отаны өткізуде қолдау көрсеткен әріптестеріме ризашылығымды білдіремін. Орталық қызметкерлері науқастың есін жиғанын ұйықтамастан күтті. Таңда көзін ашып, су  сұрағандағы қалай қуанғанымызды білсеңіздер ғой, – дейді ота жасаған орталықтың нейрохирургы Серік  Ерниязов.

Бірінші  Жаратушы иеміздің, екіншіден, дәрігерлердің арқасында бүгінде науқастың  жағдайы қалыпты. Ешкімнің көмегіне мұқтаж болмай, өз аяғынан жүріп жүргеніне тәубе еткен ол  ақжайықтық ақжелеңділерге алғысын  білдіруде.

Әлия  СЕРІКҚЫЗЫ,

Ақжайық  ауданы