28.01.2020, 11:34
Қараулар: 71
Рустам  АҚМЫРЗАЕВ, ҚР  Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл  агенттігінің (сыбайлас  жемқорлыққа қарсы  қызмет)  БҚО бойынша департаментінің  басшысы: «Парасатқа  негізделген  қоғамда  жемқорлық  жойылады»

Рустам  АҚМЫРЗАЕВ, ҚР  Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл  агенттігінің (сыбайлас  жемқорлыққа қарсы  қызмет)  БҚО бойынша департаментінің  басшысы: «Парасатқа  негізделген  қоғамда  жемқорлық  жойылады»

Жыл сайын елімізде орташа есеппен 2,5 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеліп, мыңнан аса адам жауапқа тартылатын көрінеді. Ел тізгінін ұстағандар бұл «айықпас аурумен» күресудің небір жолын ойлап тапқанымен, нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Біздің өңірдегі ахуалды білмек ниетпен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаевпен сұхбаттасқан едік.

– Рустам Сапарбекұлы, бүгінде қоғамның індетіне айналған жемқорлық секілді күрделі мәселенің алдын алу жұмыстары біздің өңірде қалай жүргізілуде?

– Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әлемдік стандарттарға сәйкес келетін тиімді тетіктерін қалыптастыру бағытын ұстанды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ережесі мен құрылымын бекітті. Осы құжатты дайындау кезінде қылмыстық-құқықтық сипаттағы алдын алудың және шаралардың ұтымды үйлесуіне негізделген шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы барынша табысты құрылымдардың моделі негізге алынды. Агенттіктің миссиясы – Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою. Біз азаматтарды және мемлекеттік институттарды сенімді қорғай білетін кәсіби, ашық, тиімді әрі нәтижелі құқық қорғау құрылымының мәртебесіне толықтай сәйкес болу үшін бастаған қызметімізді жалғастырамыз. Бұл үшін әділдік, парасаттылық және сенім сияқты басты құндылықтарға сүйене отырып жұмыс жасаймыз. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында өткен жылы біздің департамент қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, парасаттылықты қалыптастыру мәселелері бойынша 31 274 адам қатысқан 642 іс-шара өткізді. Былтыр жыл бойы облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2663 іс-шара ұйымдастырылды. Облыстық «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтарымен 8 104 адамның қатысуымен 160 кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Ақжайық – адалдық алаңы», «Сапалы жол», «Адал жол», «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ», «Бизнес пен инвесторларды қорғау», «Қоғамдық бақылау картасы», «Мемлекеттік сатып алудағы қоғамдық мониторинг», «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобалары арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірлесе отырып сәтті жүзеге асырылуда. Осының барлығы жемқорлық сипатындағы заңбұзушылық атаулының алдын алуға бағытталған жұмыстар болып табылады.

– Ендігі кезекті өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталып, нақты деректер келтіріп, цифрларды сөйлетсеңіз…

– Былтыр біздің департамент сыбайлас жемқорлыққа қатысты 111 құқықбұзушылықты тіркеді. Тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстардың негізінен парақорлық – 44,1% (49), жымқыру мен алаяқтық – 31,5% (35), қызметтік жалғандық жасау – 16,2% (18), сондай-ақ лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану – 4,5% (5) деректерінен тұрады. Оның ішінде 103 қылмыстық істің өндірісі аяқталды, 100 іс сотқа жолданды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін 32 адам істі болды. Соның ішінде бесеуі бас бостандығынан айырылса, үшеуінің бостандығы шектелді, 24 адам айыппұл төледі. Аяқталған қылмыстық істердің жалпы сомасы 628,3 млн. теңге құраса, өтелгені – 599,7 млн. теңге. Соттың үкімімен тағайындалған қылмыстық құқықбұзушылық бойынша айыппұлдардың жалпы сомасы 35,0 млн. теңгені құрайды.

– Бір келелі жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына зор нұқсан келтіретінін айтып, бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күресуге шақырып, биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өткен болатын. Аталған жеті бағыт бойынша біздің облыста қандай шаралар қолға алынуда?

– Азаматтардың құқығын қорғау мақсатында департамент жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.30 аралығында азаматтарды қабылдайды. Яғни бұрын алдын ала жазылып, тек бір нақты күндері ғана қабылданған болса, қазір әр жұмыс күні азаматтарды департамент басшылығымен қабылдау жүргізіледі. Өткен жылдың қараша айында «Халықтық заңгер» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында Орал қаласында 60 заңгер азаматтарға тегін кеңес берді. Бұл шара барлық ауданда ұйымдастырылып, департаменттің жауапты қызметкерлері қабылдау жүргізді. Ісшаралар кезінде облыс бойынша 600-ден  астам тұрғын кеңес алды. Мемлекет пен азаматтық қоғам әріптестігінің айқын мысалы – «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы. Бүгінгі күні аталған жоба қоғамның сеніміне ие болып, жалпы халықтық қозғалысқа айналуда. Аталмыш жобаның басты міндеті – азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру болып табылады. Жоба сыбайлас жемқорлықты алдын алу бойынша тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру секілді салаларда жүзеге асырылады. Жоба жетекшісінің тапсырмасына сәйкес, облыстың барлық аудан орталығында жұмысшы топтары құрылды. «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасына жауапты болып аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарының басшылары бекітілді. Сонымен қатар жұмысшы топтар құрамына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мүшелері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімшесі қызметкерлері, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері енгізілді. Бірінші басшылардың бөлмелерін оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, 84 мекеме басшысы өз аумағы аз кабинеттерге ауыстырды, барлығы 905 ш.м. алаң босатылды. Облыс бойынша ашық қызмет көрсету қағидатына сәйкес 41 опен-спейс орындары ашылды. Аталған бағыттағы жұмыстар қазіргі таңда қоғам тарапынан оң нәтижеге ие болғандықтан, ағымдағы жылы да өз жалғасын табатын болады. Қоғамдық бақылауды күшейту бағытында арнайы мониторинг топтары қызмет жасайды. Олардың ұдайы мониторинг жүргізу нәтижесінде «Сырым» кеден бекетінің қызмет көрсету алаңы кеңейтілді. Сондай-ақ арнаулы орта оқу орындарына қабылдау емтихандарына, студенттік жатақханалар мен үйлерге, мектептердің асханаларына, емханалардың қызмет көрсетуіне жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижесінде олардың қызмет көрсету сапалары артты. Бюджеттік саясаттың ашықтылығын қамтамасыз ету мақсатында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы іске асырылуда (publicbudget.kz). Жоба бойынша облысымыздағы 1008 мемлекеттік мекемелердің бюджеттері картаға орналастырылды. Бүгінгі таңда кез келген тұрғын қай мекемеге бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін көре алады. Жалпы, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуде қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор. Сондықтан біз әр уақытта олармен тығыз қарым-қатынаста қызмет жасаймыз.

– Еліміз бойынша сыбайлас жемқорлық бағытындағы құқықбұзушылықтардың денін жергілікті атқарушы құрылымдардың, ішкі істер құрылымдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасайтындығы айтылады. Біздің облыстағы жағдай нешік?

– Өткен жылы жергілікті атқарушы құрылымдар қызметкерлерімен 46 қылмыс жасалып, 19 лауазым иесі жауапқа тартылды. Сондай-ақ құқық қорғау саласында 37 қылмыс тіркеліп, жеті адам жауапқа тартылса, қаржы жүйесінде үш адамға қатысты үш қылмыс орын алды. Ал денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлыққа қатысты жеті қылмыс орын алып, төрт лауазым иесі жауапқа тартылды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша сегіз қылмыс орын алып, төрт тұлға жауапқа алынды. Қылмыстық жауапкершілікке 10 бірінші басшы мен олардың орынбасары тартылды, оның ішінде алты облыстық, екі аудандық және екі қалалық деңгейдегі басшылар бар. Оған қоса төрт басшы жергілікті атқарушы құрылымдар мен олардың ведомстволық мекемелерінде, ал алты министрліктердің аймақтық бөліністері мен ведомстволарында жұмыс атқарған. Өткен жылы жергілікті атқарушы құрылымдарда сыбайлас жемқорлық қылмыстардың көбі ауыл шаруашылығы (22), құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (13) және білім (9) салаларында тіркелген.

– Рустам Сапарбекұлы, соңғы уақытта бұл – батпандап кіріп, мысқылдап шығатын кеселге «шалдыққандардың» неше түрлі құйтырқы амалдарға баратындығын естіп жүрміз. Тіпті мемлекет аумағынан тысқары шығып, көздеген ісін алыс-жақын шетелдерде жүзеге асыру деректерінің де тіркелгендігінен хабардармыз. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Мұндай факторлар біздің облыста тіркелді ме?

– Өкінішке орай, мұндай фактілердің еліміз бойынша кездесіп  жатқандығы баршамызға мәлім. Кез келген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығын жасаған лауазым иесі заң алдында міндетті түрде жауап беретін болады. Әзірше мұндай фактілер Батыс Қазақстан облысы аумағында тіркелген жоқ.

– Жалпы, аталған індетті түбегейлі жою үшін қандай шаралар қолға алыну керек деп есептейсіз? Өзіңіз жетекшілік ететін департаменттің биылғы жылғы жоспарларына да тоқталсаңыз…

– Мемлекет басшысы адалдық, әділдік, әдептілік, сатылмаушылық сияқты құндылықтарды үйлестіретін парасаттылық идеологиясын ауқымды ілгерілетуге бағытталған жұмыстың жаңа сипатын ұсынды. Қолданыстағы өкілеттік аясында БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері өңірде сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бойынша алдын алу, ағарту және қылмыстық-құқықтық сипаттағы тиімді шараларды үйлестіруде негізделген кең ауқымды жұмысты атқаруда. Бұған дейін біз адамдарды қылмыстық салдар туралы ескерте отырып, сыбайлас жемқорлық мінез-құлқына жол бермеуге ғана назар аудардық. Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдердің көпшілігінің, мысалы, қорқытуға негізделген саясат жоспарлы нәтижелер бермейтінін көрсетіп отыр. Ағымдағы жылы департаментпен азаматтарға қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, парасаттылықты қалыптастыруға бағытталған шараларды кеңінен өткізу, ақпараттық-насихаттау штабының жұмысын жандандыру, сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу мақсатындағы шаралар өз жалғасын табатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жариялығын арттыру мақсатында агенттік аумақтық департаменттері арасында жетінші болып «Antikorortalygy» ғимаратын аштық. Сервистік орталықтың бірінші қабатында келушілерді қабылдайтын арнайы кабинеттер орналасқан. Азаматтарды жайлы күту үшін балаларға арналған ойнау алаңы, бейнероликтер көрсетілетін арнайы LED экрандармен жабдықталған. Ғимараттың екінші қабатында арнайы баспасөз орталығы, «Ақжайық – адалдық алаңы» және «Protecting business and investments» жобалық кеңселері бар. Бұл шаралар мемлекет пен қоғам, жергілікті тұрғындар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Біз азаматтарды парасаттылық пен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бірлесіп қызмет етуге шақырамыз. Әр адам адалдықты негізге алатын болса, онда қоғамда тұрмыстық жемқорлық түбегейлі жойылады.

Сұхбаттасқан Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар